«Халыққа қызмет көрсету орталығында кезекті болдырмаудың оңтайлы тәсілі бар»

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Әсемгүл Балташева Халыққа қызмет көрсету орталықтарында кезектің не себепті туындайтынын айтып, мемлекеттік қызмет алудың балама жолына тоқталды. Бұл туралы басқарма төрағасы Facebook ресми парақшасында жазды.

Әсемгүл Балташеваның айтуынша, фронт-офистердегі қызмет көрсету сапасына қатысты халықтың арыз-шағымы үнемі ескеріліп отырады. Корпорацияның әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарына келіп түсетін өтініштер де бейжай қалмайды. Соңғы уақытта азаматтарды Халыққа қызмет көрсету орталықтарында үлкен кезектің туындауы да мазалайтын көрінеді.

Жаз маусымында Халыққа қызмет көрсету орталықтарына баратын адам қарасы екі есе өседі. Бұл ең алдымен демалушылардың сапарға шығуға қажет құжаттарын жасатуымен байланысты. Ал кезекті демалысқа шыққан өзге азаматтар баспаналарының қағаздарын жасатып, тұрақты тіркеуге тұрып, көліктерін сатып, жаңасын алуына байланысты орталық қызметіне жиі жүгініп жатады, – дейді Әсемгүл Балташева.

Бұған қоса, Халыққа қызмет көрсету орталығына келушілер санының күрт өсуі мемлекетіміздің әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларға жәрдем беріп, олар үшін әлеуметтік бағдарламалар құрып, қолдау саясатын белсенді жүргізуімен де байланысты екен. Себебі жеңілдіктерді қарастыратын бағдарламаларға қатысу үшін бірқатар анықтама мен құжатты жинау керек. Басқарма төрағасының айтуынша, бұл үшін де адамдар Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жиі келеді.

Әсемгүл Балташева еліміздің барлық мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығында туындаған кезек мәселесіне де тоқталып өтті. Оның айтуынша, Ішкі істер министрлігінің енгізген жаңашылдықтары 1 шілдеден бастап көлік иелерін әбігерге түсіріп, қызметтердің дер кезінде көрсетілуіне кедергі келтірді. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесіндегі ақау кезектің туындауына алып келген.

Өз тарапымыздан бұл мәселені шешу үшін бірқатар шара қабылдап, «соңғы клиентке» дейін жұмыс істеп, құжатты қабылдайтын мамандардың санын арттырдық. АвтоХҚО-дан қала бағытына жүретін тегін автобустар ұйымдастырдық. Қазіргі уақытта ол жақтағы қызмет қалыпқа түсіп, жұмыс барысы реттелді, — дейді Әсемгүл Балташева.

Басқарма төрағасы бұл ретте мемлекеттік қызметтердің 71%-нің электрон форматқа өткенін айтып, азаматтарды мемлекеттік қызметтерді Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, онлайн түрде алуға шақырды. Қазір қажет анықтамалар мен құжаттарды egov.kz электрон порталынан, mgov.kz қосымшасы және телеграмдағы EgovKzBot арқылы онлайн алуға болады.