Басты бет Жаңалықтар Арыста депо аумағындағы қойма өртенді

Арыста депо аумағындағы қойма өртенді

Арыста депо аумағындағы қоймалардың бірі өртенді. Алдын ала мәлімет бойынша өрт жөндеу жұмысы кезінде дәнекерлеу аппаратын дұрыс қолданбағаннан шыққан. 

Фото: Facebook.com/saken.kalkamanov

Төтенше оқиға туралы Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі Сәкен Қалқаманов Facebook-тегі парақшасында жазды.

Өртті сөндіру үшін барлық қызмет жұмыс істеп жатыр. 8 техника мен төтенше жағдайлар департаменті жеке құрамының 55 адамы жұмылдырылды. Өрттің алдын ала себебі — жөндеу жұмысы кезінде дәнекерлеу аппаратын абайлап қолданбау. Қала тұрғындарының өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, — деп хабарлады Сәкен Қалқаманов.

Облыс әкімі кеңесшісі тұрғындарды сабыр сақтауға үндеді. Оның айтуынша, жағдай бақылауда.

Еске салайық, 24 маусым күні Арыстағы әскери қоймаларда бірнеше жарылыс болған еді. Оқиға салдарынан үш адам қаза тапты, 400-ден астам адам дәрігерлердің көмегіне жүгініп, 80-нен астам адам ауруханаға жатты. Қаланың 40 мыңнан астам тұрғыны эвакуацияланды. Төтенше жағдайлар қызметкерлері жарылысқа өрт қауіпсіздігін сақтамау, лауазымды тұлғалардың салғырттығы және тағы басқа жайттар себеп болуы мүмкін екенін хабарлады. Жуырда Арыстан оқ-дәрі арсеналын басқа жаққа көшіру басталады. 5 шілде күні ҚР Қорғаныс министрлігі Арыстағы әскери арсеналға іргелес аумақта қару-жарақ пен жарылғыш заттар фрагменттерін жинау кезінде бір оқ-дәрі жарылып, соның салдарынан өрт шыққанын хабарлады.

Бірінші болып пікір қосыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!

Exit mobile version