Басты бет Қоғам Автоматтандыру процесі бизнестің дамуына мүмкіндік бермек

Автоматтандыру процесі бизнестің дамуына мүмкіндік бермек

Бүгінде елімізде шағын және орта бизнес субьектілерінің саны 10,2%-ға артып, 1,31 триллионға жеткен. Бұл - әрбір төртінші қазақстандық шағын және орта бизнесте жұмыс істейді деген сөз.

Иллюстрация: dribbble.com © Dmitrii Kharchenko

Бұл саланың даму деңгейі, көрсеткіші мен кемшін тұсы, жаңа технологияларды игерудегі потенциалы қандай? Қазақстанда бизнес саласын автоматтандыру процесі қалай жүріп жатыр? Оның жұмыс сапасына әсері қандай? Әлемдік тәжірибе не дейді? Осы және өзге де сауалдардың жауабын табу мақсатында тақырыпты тереңірек зерделеуді жөн көрдік.

Қазір кәсіпкерлер еліміздегі өндірісті басқаруда компьютер бағдарламаларының көмегіне жиі жүгінеді. Өйткені еңбек өнімі мен табыс көлемін арттыруға бизнесті автоматтандыру жүйесі зор мүмкіндік бермек. Қазірдің өзінде жеке кәсіпкерлер саны жылына 10,5%-ға, заңды тұлға мәртебесі бар шағын компаниялар саны 11,9%-ға артқан. Демек, бұл өсім сапа деңгейінің көтерілуіне ықпал етуі тиіс. Осы арқылы ел экономикасында да оң өзгерістер болып, дамуға жол ашары анық.

Қазақстандағы бизнесті автоматтандыру

Елімізде бизнесті қолдау және автоматтандыру мақсатында түрлі цифрлық портал жұмыс істеп келеді. Олардың қатарында Services.atameken.kz, Ismet.kz, Qoldau.kz, Digital.baiterek.gov.kz, Aman.com.kz, E-orda.kz секілді порталдар кәсіпкерлерге көмек көрсетіп жатыр. Соның ішінде 14 мың кәсіпкер Atameken Services порталына тіркеліп, сервистік қызмет түрлерін пайдаланады.  

Автоматтандыру бизнеске қаржылық емес қолдау көрсетуге бөлінетін бюджетті қысқартуға, қамту бөлігін ұлғайтуға, құжат айналымын төмендетуге, консультант санын оңтайландыруға мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс биылдың өзінде мемлекеттік қолдау көрсету уақыты мен талап етілетін құжат санын 50%, бизнесті тексеруді 30%-ға қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл 2022 жылға қарай бизнес шығындарын 8,4 миллиард теңгеге қысқартады, – дейді «Атамекен» ҰҚП басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев.    

2019 жылы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының жанынан Digital Damu атты цифрлық алаңы құрылады деп жоспарланған. Бұл – «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асатын цифрлық алаң. Онда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері мен кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет алуға мүмкіндік береді. Бүгінде қор ұсынатын 24 бизнес қызметтің 21-і толықтай автоматтандырылған.

"Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының бизнес процестерді автоматтандырудағы пайыздық көрсеткіші

Әрине, автоматтандыруға көшу сауатты талап етеді. Осы орайда, «Бизнес Бастау» жобасы аясында «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы цифрландыру дағдыларына 380 мың адамды оқытқан. 2022 жылға қарай жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, 8 миллион адамға базалық білім беру жоспарланған.

Бизнесті автоматтандырудағы стартап жобалардың басым бөлігі Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркінде жүзеге асып жатқанын айта кеткен жөн.  

Отандық компаниялардың автоматтандырудағы жаңа бастамалары

Бизнесті цифрландыру бойынша өнімді еңбек етіп келе жатқан кәсіпорындардың бірі – Nostrum Oil & Gas. Мұнай-газ компаниясы цифрлық трансформацияны германиялық SAP моделm компаниясы негізінде қолға алып отыр. Nostrum Oil & Gas — ұйымдастырушылық құрылымын осындай әдіс арқылы түрлендірген Қазақстандағы алғашқы компания. Өнеркәсіптің ІТ-инфрақұрылымын модернизациялау SAP S/4HANA платформасының негізінде жасалмақ.

«Қазақстан Темір Жол» ҰК» АҚ өкілдері SAP S4/HANA платформасында жүзеге асып жатқан «Біріңғай басқару жүйесі» атты трансформация бағдарламасын іске қоспақ. Бұл жобаларды жоспарлау процестерін автоматтандыруға бағытталған.

«Ембімұнайгаз» АҚ автоматтандыру арқылы көлік басқаруды оңтайландырып, сол арқылы қаржылық шығындарды азайтқан. Мұнай-газ өндіретін компания үсітіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап, автопарк басқаруды оңтайландыру үшін германиялық SAP компаниясының бұлтты технологияларын енгізген. Соның арқасында жанар-жағармай өнімдерін қолдану қысқарып, көлік құралдарын есепке алу автоматтандырылған, шығындардың өзіндік құнын есептеу дәлдігі артқан.

«ҚазМұнайГаз», «Теңізшевройл», «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг», «Бузачи Оперейтинг», «ҚазТрансОйл», «Қазфосфат», «Қазақмыс», ERG кәсіпорындары мұнай-химия және мұнай өңдеуге арналған технологияларды  автоматтандыруда цифрлық жобаларын қолданатын болады.

Әлемдік тәжірибе: бизнесті автоматтандыруда көш бастаған мемлекеттер

BCG дерегі бойынша, 2025 жылға дейін ғаламдық роботтандыру нарығы 87 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін. Америкалық Holloway America атты металлургиялық құрылыс компаниясы Low-code платформасын орнатқан. Платформа арқылы кеңседегі жұмыс барысын толық бақылауға болады. Қызметкерлерге арнап «бір терезе» жүйесін енгізді. Алдағы уақытта компания логистика үрдістерін және өндіріс орындарына материалдардың жеткізілуін бақылауға мүмкіндік беретін автоматтандырылған жүйені іске қосуды жоспарлап отыр.

Электр құралдарын өндіруде автоматтандыру процесін енгізіп, табыс көлемін арттырған елдердің көшінде АҚШ 23%, Жапония 19%, Германия 14%, Қытай 9%, ЕО-ның 24 елі (Германияны қоспағанда) 20%, басқа елдер 15% көрсеткіш байқатты.

Ең ірі BCG сарапшыларының пікірінше, автоматтандыруды енгізу арқылы Германияның өнеркәсібінде өнімділік 90 миллиард еуродан 150 миллиард еуроға дейін артқан. Неміс компанияларының қосымша жылдық табысы 30 миллиард еуро болған. 

Сингапурда тұрмыстық техника өнімдерін өндіретін Dyson компаниясында заттарды құрастыратын ешқандай қызметкер жұмыс істемейді. Компания 2007 жылы құрылған. Өндіретін техниканың барлығын тек роботтар құрастырады. Оның барлық қызмет түрі автоматтандырылған. Ақша айналымы — жылына 1,74 миллиард фунт стерлинг.

2016 жылы бүкіл әлем бойынша 2600 мейрамханада өздігінен қызмет көрсететін автоматтандырылған құрылғылар пайда болды. Құрылғының қосылуына байланысты қызметкерлер жұмыстан қысқарған.

Автоматтандыру процесі жұмыссыздық мәселесін туғызуы мүмкін

Өндірісті оңтайландыру және автоматтандыру процесі әдетте «қысқарту» сөзімен байланыстырылады. Жұмыстың басым бөлігі роботтарға жүктеліп, кей қызметкердің қажеті болмай қалады. Бұл адамзаттың тағы бір «қорқынышы» болып отыр.

Әрине, технология адамзатты өзгертпей қоймайды. Дегенмен осыдан мыңдаған жыл бұрын өмір сүрген адамдарға қазіргі ғылыми-технологиялық прогресс аса қатерлі көрінген еді. Сол сияқты жаңа өнеркәсіп төңкерісінің өзіндік артықшылығы болатынына мен кәміл сенемін, – дейді Google компаниясының негізін қалаушылардың бірі Сергей Брин.

2040 жылға қарай автоматтандыру мен роботтардың сұранысқа ие болуы жұмыс орындарының 50%-ға дейін қысқарынуа алып келуі мүмкін. Қазірдің өзінде бұл жағдай өндірісі дамыған елдер ішінде анық байқалады.  

Дамыған елдердегі автоматтандырудан төнетін қауіптің көрсеткіші)

McKinsey Global Institute компаниясының болжамы бойынша, алдағы 10 жылда роботтар 75 миллион жұмыс орнын ығыстырады. Есесіне автоматтандыру нәтижесінде 133 миллион жаңа жұмыс орны пайда болмақ.

Танымал экономистер Карл Фрей мен Майкл Осборнның зерттеуіне сүйенсек, АҚШ-та 2033 жылға қарай роботтандыру нәтижесінде бүгінгі жұмыс орындарының 47% жойылып кету қаупі бар. Дүниежүзілік банктің есептеуінше, Қытайда бұл көрсеткіш, тіптен, 77%-ды құраған.

Қорыта айтқанда, алдағы уақытта роботтарды қадағалайтын, құрастыратын, олардың сапасын жақсартып, автоматтандырылған жүйелер мен өнеркәсіпті жобалумен айналысатын мамандар сұранысқа ие болады. Сол себепті елімізде автоматтандыру саласын жетік меңгерген білікті мамандарды дайындауға баса назар аударылады. Ал бизнес процестерді автоматтандыру арқасында еліміздегі барлық бизнес өкілдері өздерінің табыс көлемін арттыруға мүмкіндік ала алады. Тиімді жұмыс атқарылған соң нәтижесінде ел экономикасы дамып, халықтың потенциалы артары сөзсіз.

Бірінші болып пікір қосыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!

Exit mobile version