Басқарма төрағасының айтуынша, бүгінде жеке сот орындаушылары 1,9 триллион теңгені өндіріп алуды көздеп отыр. Бұл сомманың басым бөлігі қайтарылмай жатқан банк несиелеріне тиесілі, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Қазіргі кезде жеке сот орындаушылырының портфелінде 1,5 миллионнан сот шешімі бар. Соның барлығын атқарып шығу қажет. Аталған құжаттар бойынша өндіруге жататын ақшаның жалпы соммасы 1,9 триллион теңгені құрап отыр. Бұл сомманың басым бөлігін банк секторына тиесілі, яғни қайтарылмай жатқан банк несиелері», — дейді Сергей Ли.
Оның айтуынша, алимент және тағы басқа ұсақ-тиек жұмыстар атқарылмай жатыр. Жеке сот орындаушылары көп жағдайда ақшасы көп сот шешімдерімен айналысып жатады. Оған себеп орындаушылардың жалақы ретінде өндірілетін сомманың 3-тен 25 пайызға дейінгі ақысын алуы дейді Сергей Ли. Бүгінгі жиын барысында аталған мәселелерді кеңінен талқылап, жеке сот орындаушылары институтын ары қарай дамыту жайы сөз болмақ. Палата бірқатар ұсыныстарын жасауды жоспарлап отыр. Соның ішінде шетелге шығуға мүмкіндік бермейтін ұсақ-тиек әкімшілік айыппұлдарды ұлғайту мәселесі де бар.
Айта кетейік, жеке сот орындаушылары институтын дамыту мәселесі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілген. Оған сәйкес, мемлекеттік сот орындаушыларын бірте-бірте азайтып, жеке сот орындаушылар институтын толығымен енгізу міндеті қойылды. Аталған жүйенің құрылғанына биыл бес жыл толып отыр. Қазіргі кезде жеке сот орындаушылардың жалпы саны 1286 адамды құрап отыр.