«Таңшолпан»: тікелей эфирдің қиыны мен қызығы

Qazaqstan ұлттық телеарнасындағы "Таңшолпан" ақпараттық-сазды бағдарламасы 1992 жылдан бері эфирге шығып келеді. Бағдарламаның ұжымы таңғы сағат 05.00-ден бастап жұмыс істейді. Шығармашылық топ тікелей эфир кезінде әр минут үшін уайымдап, жүйке жұқартады. Ал эфир біткен соң келесі күнге дайындықты бастап кетеді.

Кадр сыртында режиссер, оның ассистенті, администратор, оператор мен кезекші редактор жұмыс істейді. Олардың үлкен жүктемесі бар. Студияға келетін қонақ, жүргізушінің сөйлейтін сөзі, сюжет, бәрін осы шығармашылық топ дайындайды.

Жазира Елшібаева «Таңшолпан» бағдарламасында 16 жылдан бері редактор болып жұмыс істейді. Оның айтуынша, бағдарламаның шығармашылық тобы эфир біткенше жан ұшырып жүреді.

Жазира Елшібаева
Жазира Елшібаева. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Тікелей эфирге шығатын жүргізушілердің жауапкершілігін айтпаса да, түсінікті. Ал шығармашылық топтың күйзелісі одан артық болмаса, кем емес. Кадр сыртында әр минут үшін уайымдап отырамыз. Кейде барлығы дайын тұрса да, тікелей эфирге дейін немесе эфир кезінде техника жағынан түрлі проблема болып жатады. Әншінің айтып тұрған әнінің дыбысы шықпай қалады, жүргізушінің микрофоны істемей қалады немесе студия қонағы кешігіп жатады, — дейді ол.

Мұның бәрі — күнделікті эфирде болатын ұсақ-түйек қателер. Бірақ мұндай нәрселер шығармашылық топтың жүйкесіне салмақ түсіреді, көңіл-күйіне де әсер етеді.

Басында эфир кезінде кеткен ақаудың барлығына қатты уайымдайтынмын. Ал қазір әр күнгі эфирге күйіп-пісемін деп айта алмаймын. Тәжірибе жинаған сайын мұндай кемшілікке адамның еті үйреніп кететін сияқты.  Дегенмен эфирдің жауапкершілігін ешқашан ұмытқан емеспін, — дейді редактор Жазира Елшібаева.

Таңшолпан бағдарламасы
Эфирден соң. Фото: Baribar.kz

Көп телеарнадағы таңғы бағдарлама алдын ала таспаға жазылады. Ал «Таңшолпанның» тарихында мұндай жағдай өте сирек болады. Мереке күндері халық демалып жатса да, бағдарлама эфирге шығады.

Жазып алған хабар мен тікелей эфир кезіндегі бағдарламаның сапасы мүлдем басқа. Кейде бағдарлама мінсіз жүріп жатады, эфир аяқталатын кезде техника жағынан немесе жүргізушінің тарапынан қате кетуі мүмкін. Мұндай кезде бүкіл эфир жоққа шығуы мүмкін. Бірақ тікелей эфир сонысымен қызық, — дейді Жазира Елшібаева.

Телеарнада жұмыс істегісі келетін журналист барлығына дайын болуы қажет. Өйткені кейде бәрі журналистің ойындағыдай болмай қалады.

Съемкаға түсетін кейіпкер немесе студия қонағы түрлі себеппен келе алмауы мүмкін. Сондай кезде ситуациядан шығып, оның орнын басқа нәрсемен жауып жіберуге дайын болу керек. Кейде жұмыс сапарымен басқа қалаға, шетелге барып жатамыз. Сондай кезде жарты күн бұрын ұшақтан немесе пойыздан түссең де, эфирге материалыңды дайындап үлгеруің керек. Өйткені ол сенің мойныңда тұр. Ал осыдан кейін жүйкеге салмақ түспей көрсін. Мұндай жағдайда журналистің кәсібилігі маңызды, — дейді ол.

Бағдарлама тікелей эфирде жүретін болған соң түрлі қызық ситуация болады. Шығармашылық топ оның бәрін күліп еске алады.

Маржан Болатханқызы, Берік Көшербекұлы
Маржан Болатханқызы, Берік Көшербекұлы. Фото бағдарламаның жеке архивінен

Кенже Жұманұлы мен Гүлмира Ахметова есімді жүргізушілеріміз болды. Олар эфирге шыққан күні студияға үлкен қара шыбын кіріп кетіпті. Өзінің дауысы да «зор». Бір кезде шыбын Кенженің мұрнына келіп қонды. Ол шыбынды ұшырып жіберіп, ары қарай эфирді жалғастырады. Әлгі шыбын айналып келіп студиядағы қонақтың бетіне қонады. Кенже мен Гүлмираның қатты күлкісі келіп, өздерін әрең ұстады. Осылайша жәндік те  эфир біткенше сьемкаға түсті. Бір күні студия қонағы болып көгершіндермен билейтін адам келді. Бірақ көгершіні өзіне бағынбай, студияның басқа бұрышына ұшып кетті. Операторларымыз оны ұстай алмады. Көгершін жарыққа тиіп кетсе, студияда өртеніп кетеді деп уайымдап отырдық. Абырой болғанда ол жарыққа тиген жоқ, эфир де сәтті аяқталды, — дейді Жазира Елшібаева.