Мектепте математика пәнінен түрлі жарыстар мен олимпиадаларға қатысып, ірі жүлделерді жеңіп алатынмын. Оқушы кезімде Сүлеймен Демирел атындағы универсиет пен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқу гранттарын ұтып алдым. Бірақ Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде оқығым келді. Математикадан әлемге жаңалық ашқан қазақ ғалымы болуды армандайтынмын. Алайда Мәскеу Униерситетіне де, Қазақстандағы беделді оқу орны ҚБТУ-ға да түсе алмадым. Менде бар екінші нұсқа ІТ маманы болу еді. Содан ҚазҰУ-дың математикалық және компьютерлік моделдеу мамандығына түсіп, төрт жылдық білім алып шықтым. Өткенге көз жүгіртсем, сол кезден-ақ бойымда кәсіпкерліктің белгілері байқала бастаған екен. Белгілі бір ақыға адамдарға көмек көрсету, екі адамды біріктіру сияқты операторлық қасиеттерді игеріппін. ІТ саласында жұмыс істеп жүргенде, тез ақша табатын жұмыс істегім келді. Сөйтіп достарыммен автожуу орнын аштық. Аз уақытта 5 мың долларға банкротқа ұшырадық. Бұл 2-курс студенттері үшін үлкен ақша еді. Әркімің өзі білетін салада ғана жұмыс істегені дұрыс екенін сол кезде түсіндім.
2-курста оқып жүргенімде Aррle өнімдеріне қатты қызығып, iPod сатып алдым. Ішінде тек Стив Джобстың видеолары болатын. Күнде сол видеоларды көріп отырып, «Қалайша бір ғана адам әлемге өзгерістер алып келді? Неге осыншалық инновациялық прогресс пайда болды?» деген сұрақтар мазалайтын. Стив Джобсты зерттей келе, достарыммен бірге компания құруға бел будық. Ақылдасып bugin.kz жобасын қолға алдық. 2-курстан соң «Work and Travel» бағдарламасымен АҚШ-та болып келдім. Америкаға сапарым өмірімді позитивті жағынан басқа арнаға бұрып жіберді. Ол жақта жүріп байқағаным, адамдардың барлығы белгілі бір мақсатқа қол жеткізу үшін әр күнін жүйелі түрде пайдаланады. АҚШ-тан келе сала мен де ойымды, мақсатымды жүйелей бастадым. Қасымдағы достарыма да соны үйретіп, өз жобамызды бастадық.
Компанияны құрған кезімізде стратегиялық ойлау, жоспарлау нашар деңгейде болды. Бірінші мәселе қаржыға келіп тірелсе, екінші қиындық құжат, қағазға келгенде туындады. Ол кезде тіпті консалтингке төлейтін ақшамыз болмады. Айналама достарымды, сыныптастарымды жинап алдым. Жұмысты бір-біріне сілтеп, ақыр соңы нәтижесіз болды. Содан басқа құрам жинауға көштім. Арада бір жыл уақыт жоғалды. Бірақ бұларды проблема көрмей, өткеріп кеттік. Кәсібіміз сайт пен мобильді қосымша жасаудан басталды. Қазіргі уақытта бағдарламалық қамтамасыздандыруға дейін қызмет көрсетеміз. Осы уақытқа дейін әр түрлі әкімшіліктермен, ірі компаниялармен жұмыс жасадық. Шымкент, Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Алматы қаласының әкімшіліктерімен және Аlma TV, Scat компаниялармен бірлесіп жұмыстар жасадық. Кәсібімізді бастағанымызға төрт жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында шамаммен 400 клиентке қызмет көрсетіппіз.
Жетістікке жету үшін бизнесмендерде екі түрлі қасиет болуы керек: аналитикалық және критикалық ойлау. Математика менің өмірімде үлкен маңызға ие. Бір есепті шығару үшін оның бірнеше жолын қарастырасың. Дәл сол сияқты бір жобаның бірнеше жолын іздейсің. «Ресейдегі компаниямен бірлескен тиімді ме, әлде осындағы бағдарлама құрастырушылармен жұмыс істеген дұрыс па?» деген тәрізді алдын ала сараптап, талдаулар жасаймын.
Компания қазіргі уақытта өзін-өзі қаржыландырады. Қарамағымызда 26 қызметкер бар. Қызмет көрсетуден бөлек, өзіміздің жеке жобаларымызды да жүзеге асырып жатырмыз. Bugin Group компаниясы үш бағытта — B2G, B2B, B2C — бойынша қызмет көрсетеді. B2G мемлекеттік тапсырыстар бойынша (тендерлер, т.б.); B2B – әр түрлі компанияларға (Алматы телеканалы, Alma TV, Kcell тәрізді), B2C — жеке адамдарға қызмет көрсету бағыты. Бұлардан бөлек жеке порталдарымыз бар – baitrend.com., baibazar.com және baitrendsystems.com (жақында іске қосылады).
Маркетингті көбі бірінші сұраныс, одан кейін барып ұсыныс деп түсінеді. Біздің порталдарымыз, жобаларымыз керісінше бірінші ұсыныстан, екінші сұраныстан тұрады. Қарасаңыздар, көп порталдарда «сатамын», «беремін» деп көрсетіп қояды. Компаниялардың жұмысын автоматтандыруға арналған программалық қосымша baitrend.com порталында керісінше жобаланған. Клиенттер бір-біріне дұрыс бағдар беру арқылы баға қойып, объективті түрде өзінің пікірін жазады. Ол пікірге қарап, басқалары сол жерге бару-бармауын өзі шешетін болады. Алдын ала брон жасауға да болады. Baitrend.com порталының негізгі миссиясы — Қазақстанның қызмет көрсету саласын 2020 жылға дейін әлемдік деңгейге көтеру.
Қазіргі уақытта шетелдік компаниялардың тәжірибесін өзімізде қолданып жатырмыз. Mercedes, BMW компаниялары тәрізді Bugin Group үш деңгейге бөлінген: Academy, Media және Pro. Сәйкесінше сатылай төлем ақысы да жоғарылай береді. Мысалы, BG Pro-ның төрт қызметкерінің жалақысы өзге 10 қызметкердікінен артық. Компанияға бес жыл толды, енді тек өнімдерді жасаймыз деп шектелмейміз. Біз қызметті кез келген сегменттегі клиентерге көрсеткіміз келеді. Кәсібін енді ғана бастап келе жатқан кәсіпкерлерге де ІТ, интернет-маркетинг арқылы қызметімізді көрсете аламыз.
15 жылда ІРО-ға енуді көздеп отырмыз. Қазіргі уақытта Анкара, Минск қалаларында өкілдіктеріміз бар. Бір жарым жыл ішінде осы қалалардан 6-7 тапсырысты орындадық. Алда бес жылдық жоспарымыз бойынша 30 мемлекетте өкілдіктерімізді ашуды, дамытуды жоспарлап отырмыз. Әуелі Еуразия нарығына, келесі бес жылдықта АҚШ, Канада мемлекеттеріне енеміз. 15 жылдықта – әлемнің ірі қалаларында өкілдіктерімізді ашуды көздеп отырмыз. Ең кемінде бір құрлықта екі-үш өкілдігіміз болады. Мақсатымыз бойынша, ғаламшарымыздың кез келген тұрғыны акционеріміз бола алады. Alibaba компанияның басшысы Қытай миллиардері Джек Ма кезінде: «Біз Amazon-нан кем емеспіз» деп айтқан болатын. Қазір олар өз мақсаттарына жетті. Капитализация жағынан салыстыратын болсақ, Amazon-нан аз, бірақ Alibaba өз жоспарларын жүзеге асыра алды. Сол сияқты біз белгілі бір жүйе, стандарттарды қабылдап, командамызды жетілдіріп, дамып келеміз. Бізде толыққанды жетілуге мүмкіндік бар. Үмтіміз ақталалды деп сенеміз.
«Қызметкерлерімізді өзіміз оқытамыз»
Компания аяққа тұрғанға дейін, қатарымызға кез келген оқимын, үйренемін деген жастарды қосып, жұмысқа қабылдайтынбыз. Соңғы уақытта үш критерий бойынша: жауапкершілігі, білімділігі, адалдығына қарап іріктеп аламыз. Егер айтылғандардың біреуі жоқ болса, жылы шығарып саламыз. Себебі ол компанияға шығын әкеледі. Компаниядан уақыт немесе энергия ұрлайды. Жоғарыда атап өткенімдей, компанияның Аcademy (оқыту) бөлімі бар. Үйренушілерге үш ай уақыт беріледі. Білім алады, сәйкесінше тапсырмалар орындап отырады. Осы уақыт аралығында олар өздерінің қабілеттерін көрсетіп үлгеруі керек. Бүгінгі күнге дейін жүздеген студентті оқыттық. Қазір олардың 20%-ы компания қызметкері. Статистика бойынша 10 студенттің үшеуі компанияға жұмысқа қабылданады. Қызметкерлердің біліктілігін арттырып отыру үшін әртүрлі іс-шараларға шетелдерге де жіберіп отырамыз. ІТ саласы бойынша кадр тапшылығы біздің компанияда осы бөлім арқылы шешіледі.
Қазіргі уақытта ҚазҰУ, ІТ университеттерімен келіссөздер жасап жатырмыз. TIPO жүйесі бойынша ЖОО-лар оқытып жатқан пәннің 25%-на өзгерту енгізе алады. Сол үлесті біз де пайдалануды көздеп отырмыз. Нарыққа керекті мамандарға қажетті білімнің силлабустарына өзгеріс енгіземіз. Мысалы, Basic-тің орнына PHP-ді енгізейік деп ұсынамыз. Аталған екі ЖОО келісіп отыр, басқа оқу орындарына да ұсыныс білдіріп көреміз.
Компанияны құрғалы бері менімен бірге келе жатқан төрт жолдасым бар. Басқару құрамы сол төрт жігіттен құралады. Дәл осы командамен үлкен мақсаттарды алдымызға қойдық. Қазіргі таңда 100 жылдық, 1000 жылдық компания құру туралы жоспарлар даярлап жатырмыз. Болашақта осы жігіттердің ұрпақтары да компания жұмысын одан әрі жалғасытаратын болады.
«Міндетті түрде 1 сағат кітап оқимын»
Toyota, Mercedes компанияларына ерекше қызығамын. Қазір Toyota Production System, Apple қалай жұмыс істеп жатқандығын зерттеу үсітіндемін. Менеджментке байланысты Кайдзен, Скрам, Канбанның кітаптарын оқып жүрмін. Компанияның өрлеуі ақшаға да, командаға, маманға да байланысты емес. Даму менеджментті дұрыс игеруге тәуелді. Менде бос уақыт, тайм-менеджмент деген мүлдем жоқ. Белгілі бір уақытқа серіктестеріммен кездесуге келісіп қоямын, алайда екі күннен кейін «Қазір жолығайық, қолым бос еді» деген сияқты күтпеген оқиғалар болып қалады. Сен оған: «Сағат 6 болды, жұмысым бітті. Тайм-менеджмент бойынша мен қазір кітап оқуым керек»,- деп айта алмайсың. Әр кәсіпкердің жағдайы осындай деп ойлаймын. Бірақ мен кітап оқуды жұмысым ретінде қарастырамын. Міндетті түрде күніне 1 сағат кітап оқимын. Ыңғайына қарай кітаптан не смартфоннан оқи беремін. Кезінде Сталин мейлі соғыс болып жатсын, мейлі адам дүниеден өтсін, күніне 140 бет кітап оқып тұрған екен.
Төле би бабамыздың мына сөзі қатты ұнайды: «Тәңір қазаққа үш нәрсені берген: елдікті, ерлікті, даналықты» дейді. Мен қазақты жалқау, қолынан ештеңе келмейді дегенге келіспеймін. Қазақтың әлемде керемет этнос болатыныма сенемін.
Кәсіпкерлер көп жасайтын қателік
Белгілі кәсіпкер Олег Тиньков айтады: «Сендер, стартаперлер, смузи ішіп, инвесторларды кінәлаудан басқа ештеңе білмейсіңдер»,- дейді. Мен мұнымен толықтай келісемін. Инвестор — белгілі бір деңгейге жеткен адам. Ол екі бағытта, стратегиялық ойлауға, кәсібіңді жүйелеуге көмек береді. Қалада сатумен айналысатын екі ғана нүктеміз бар. Егер инвестиция келсе, осы моделді алады да, 20 нүктеге дейін көбейтіп жібереді. Инвестордан қорықпау керек. Көп кәсіпкерлердің қателігі — инвестор алдына келіп 10 млн теңге қаражат сұрайды. Оны «Алты айда қайтарып беремін»,- дейді. Инвесторда «Егер идея соншалықты мықты болса, неге елдің бәрі осымен айналыспайды?» деген күдік туа бастайды. Кәсіпкерлердің көпшілігі күтпеген жерден пайда болатын қатерлерді есептемейді. Көбі бизнес-жоспарларына адами факторларды қоспайды. Кәсіпкер ауырып қалуы мүмкін, елде девальвация орнап, нарық ойлағанындай болмауы немесе тағы бір жағдай туындап қалуы мүмкін. Сондықтан оның бәрін ескеріп, жаңағы айтқан алты айға тағы алты ай қосу керек.
Bugin Group-тің ішкі тынысы
Командамызбен бірге жұмыстан бөлек киноға, футбол ойнауға жиі барамыз. Кез келген қызметкердің туған күнін атап өтуді дәстүрге айналдырдық. Бізде менеджмент, психология, нейромаркетинг, қазақ әдебиеті, қазақ тарихы тақырыптары бойынша 120 кітаптың тізімі болатын. Қазіргі уақытта барлығын бөліп-бөліп оқып тастадық. Кім қандай кітап оқыды, бірден командаға өз түсінігін айтып береді. 20 адам бес минуттан өз түйгенін айтып шықса, бірден 10 кітап оқып тастағандай білім, әсер аласыз. Міндет бойынша әр қызметкер 100 жылдық компания болуымыз үшін айына бір идеясын ұсынып отыруы керек. Жеке өзім инвесторымыз Арман Байқадамнан стратегиялық ойлау, жүйелендіру бойынша ақыл-кеңесін алып отырамын. Одан бөлек айына екі рет жетістікке жеткен адамдардың success story-ларын тыңдап, сұхбаттасамыз. Бұл біздің дәстүріміз десек те болады. Осыған дейін белгілі Қуаныш Шонбай, Сырымбек Тау, Марғұлан Сейсембаев, Жұмабек Жанықұлов, т.б. кәсіперлермен кездесулер өткіздік.
Айбек Қуатбаевтың бір күні
Жұмыс күнім таңғы сағат 8-ден кешкі 17:00-ге дейін жалғасады. Жұмыстың барлығы автоматтандырылған жүйе бойынша атқарылады. Әдетте барлық қызметкерлерге тапсырма беруден бастаймын. Тапсырманы ерте бітіргендер ерте қайта береді. Бітірмесе, кешкі сағат 7-8-ге дейін кеңседе болып, жұмысын аяқтайды. Күніне кем дегенде екі-үш кездесуге барамын. Бір күнде 7 кездесуге дейін баратын кездер болады.
Кәсіпкерлерге 5 кеңес
- Өз идеяңа, оны дамыта алатындығыңа алдымен өзің сенуің керек.
- Айналаңа бірдей ойлайтын адамдарды топтастыр.
- Идея бар, команда бар. Енді бұларды жүйелей біл.
- Кәсіп белгілі бір деңгейге жеткенде, серіктестің, инвестордың, кеңесшінің қажеттілігі туындайды. Осының біреуін таңда.
- Стратегиялық жоспар құра біл. Бес жылда, 10-20 жылда кәсіп қандай деңгейге жетеді деген сауалға жауап бере алу керек.
Сұхбаттасқан Ақжарқын Қыдырханова, суреттер Дарын Шөкенов.
Тамаша! Сауатты сайт! Оқып отырып, ләззат алудамын. Өте креативті!