Халықаралық еңбек бөлінісі және дүниежүзілік шаруашылық

Қоғам дамуының бастапқы кезінде еңбек бөлінісінің қарапайым түрі еңбектің еркектер мен әйелдер арасында, ересектер мен бала – шаға, қарттардың арасында бөлінуі болды.

Өндіргіш күштер дами келе бұл бөлініс қоғмдық еңбек бөлінісіне айналды. Бұл ұғым – анағұрлым ауқымды ұғым. Ол қоғам ішіндегі болсын, сондай –ақ экономиканың салалары арасындағы, жекелеген кәсіпорындар және тіпті жекелеген адамдар арасындағы болсын еңбек бөлінісін қамтиды.

Қоғамдық еңбек бөлінісінің ажырағысыз бір бөлігі географиялық (немесе аумақтық) еңбек бөлінісі болып табылады. Мұның өзі аумақтардың мамандануы және олардың арасындағы арнаулы өнімдермен және қызмет түрлерімен алмасу процесі болады.

Географиялық еңбек бөлінісінің ең жоғары түрі – халықаралық еңбек бөлінісі, яғни жекелеген елдердің шаруашылығының өздері айырбастайтын белгілі бір өнім түрлерін өндіруге мамандануы.

Мұндай маманданудың пайда болуы үшін белгілі бір жағдайлар болуы қажет. Біріншіден , халықаралық еңбек бөлінісіне қатысушы елдің ең болмағанда біраз мемлекеттер алдында тиісті өнімді өндіруде қайсыбір артықшылық жағдайы (мысалы, табиғи ресурстардың молдығы) болуға тиіс; екіншіден, сол өнімді қажетсінетін елдер болуы керек: үшіншіден, өнімді сататын жерге жеткізуге кететін шығын оны өндіруші ел үшін тиімдіболуға тиіс.

Халықаралық еңбек бөлінісі тарихи тұрғыда қалыптасты. Оның жекелеген элементтері ең ежелгі замандарда болды. Рим империясы Карфаген, араб халифаттары және басқа да мемлекеттер тауар айырбастауды кеңінен жүргізді. Алайда қоғамдық еңбек бөлінісі тарих тұңғиығындағы сол бір кезде халықаралық еңбек бөлінісінің дамыған түрлерінің қалыптасуына негіз боларлықтай дәрежеге әлі жетпеді. Әлем картасындағы “ ақтаңдақтар” жойыла келе, көліктің, сауда мен капиталистік экономикалық қатынастардың дамуына орай ғана халықаралық еңбек бөлінісі қалыптасты.

Көптеген елдердің шаруашылық бейнесі олардың халықаралық тұрғыда мамандануына қарай анықталды. Мысалы, Жапония дүние жүзінде автомобильдерді, теңіз кемелерін, радиоэлектроника мен робот жасау саласының өнімдерін экспортқа ең көп шығаратын ел (70 –ші жылдарда жапондарға тән “ Электроника елдің мұнайы болмақ” деген ұран болды). Болгария агроөнеркәсіп кешенінің өнімдері мен көтергіш-көлік жабдықтарын

шығаруға маманданған. Дамушы елдердің бірі – Замбия- дүние жүзінде мыс рудасы мен кесектелген мысты экспортқа ең көп шығаратын ел.Қай мемлекеттің болсын халықаралық еңбек бөлінісіне қамтылу дәрежесі ең алдымен оның өндіргіш күштерінің даму деңгейіне байланысты. Сондықтан индустриясы дамыған елдер қазіргі халықаралық еңбек бөлінісінде, әсіресе қымбат тұратын, “ мәртебелі” өнім – машиналар мен жабдықтар, ұзақ пайдаланылатын тауарлар шығаруда алдыңғы орындарды алады. Ал Азияның, Африканың, Латын Америкасының көптеген жас елдеріне келетін болсақ, онда олардың халықаралық еңбек бөлінісіндегі рөлі негізінен өнеркәсібі дамыған елдерді ресурстармен жабдықтау есебінен көтеріледі. Олардың шикізат беруге отарлық заманда мамандануы қазір де сақталып отыр.

Кейбір елдердің халықаралық еңбек бөлінісіне қатысуына географиялық факторлар да едәуір әсер етеді. Мысалы, Ұлыбритания өткен заманда көбіне басты- басты теңіз жолдарының торабында орналасқан жағдайы арқасында “ дүние жүзінің фабрикасы” болды, өнеркәсіп революциясының нәтижесін пайдаланып, капитализмнің отанына айналды. Кейбір өнім түрлері ресурстық негізі мол белгілі бір елге не ауданға “ орнығады”. Таяу Шығыстың нақ сол мұнай – газ ресурстары бұл өңірдің әлемінің ең ірі отын- энергетика базасына айналуына жағдай жасады.

Алайда географиялық жағдайы да, табиғи ресурстары да халықаралықеңбек бөлінісінің тек бастама факторлары ғана болады. Бұл орайдаәлеуметтік – экономикалық жағдайлар шешуші рөл атқарады.

Халықаралық еңбек бөлінісі дүниежүзілік шаруашылықтың құрылуы жағдайында прогресті ғана емес, болмай қоймайтын да процесс. Ол шаруашылық өмірдің интернационалдануының обьективтілік негізі әрі мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруінің іргетасы болып қызмет етеді.