Жеңіл өнеркәсіп

Бұл саланың мақсаты — тұрғындарды әдемі, әр алуан, ең бастысы «тиімді — жоғары сапалы киіммен және аяқ киіммен қамтамасыз ету. Ондай тауарлар өсімдік (мақта, жібек) және жануарлар (тері, былғары) өнімдерінен алынады. Біздің еліміз үшін бұның маңызы зор, өйткені, адамдар суық қыс пен ыстық жазда жасанды теріден гөрі мақтадан тігілген киімдер мен былғары аяқ киімдерін киюді артық көреді.

Қазақстанның жеңіл өнеркәсібінің жақсы шикізат базалары бар: мақта, жүн, табиғи былғары мол. Дегенмен, ол экономикадағы ең бір «шешімін таппаған» сала болып есептеледі. Ел көбінесе Қазақстан шикізатынан жасалған шет елдің киімі мен аяқ киімін киеді.

Бұл сала жоспарлы экономикада негізгілердің қатарына жатқызылған жоқ. 1990 жылдардың басында оның құрал-жабдықтарының 70%-ы 10 жыл бұрынғы ескі болатын. Экономикалық дағдарыс жылдарында ол мүлдем іс-әрекетсіз жағдайда қалды. Арзан (көбінесе сапасыз) шет елдік тауарлар «толқыны» Қазакстанның жеңіл өнеркәсібін жайпап өтті. Жұмыскер саны мен өнім өндіру 10 есе, ал аяқ киім тігу 1000 есеге қысқарды. Қазіргі кездегі елдің өнеркәсібіндегі оның «үлесі» бар болғаны 1%-ды құрайды (1990ж — 15%). Кәсіпорындардың бір бөлігі үкіметтің армия мен полицияға аяқ киім мен формаға тапсырыс беруі арқасында ғана «аман қалды».

Қазіргі кезде жеңіл өнеркөсіпте оң өзгерістер байқалады. Бірақ, оған Қазақстан индустриясындағы алдыңғы қатарлылардың бірі болуы үшін көп нәрсе жасау керек.

Жеңіл өнеркәсіптің 13 саласы бар. Оның негізгілері — тоқыма, тігін, мақта-мақга, былғары, тері илеу салалары. Ол басқа салалармен және салааралық кешендермен тығыз байланысқан.

Жеңіл енеркәсіп (кей жағдайда болмаса) — материалдан гөрі еңбекті көп қажет ететін, экологиялық жағынан «таза» және көбінесе «әйелдер» қызметінің саласы. Өнеркәсіптің өнімі және өңделген шикізаты тасымалдауға қолайлы, әрі ұзақ сақталады. Бұл оның салаларының таралып орналасу «бейнесін» көрсетеді. Оның дамуы ауыр өнеркәсіпті аудандарда еңбек қорларын толығырақ пайдалануға, айтарлықтай минералдық және басқа табиғи қорлары жоқ жерлерде кәсіпорындар ашуға мүмкіндік береді.

Жеңіл өнеркәсіптегі басты сала — тоқыма өнеркәсібі. Негізінен ауыл шаруашылық өнімдерін пайдалана отырып, ол мақта, жүн, зығыр, жібек маталары мен тоқыма өнімдерін, киіз шығарады. Оларды өсімдік (мақта, зығыр) немесе жануарлар (жүн, жібек) өнімдерінен химиялық талшықтар қоса отырып жасайды.

Мата шығару өңдеудің 4 сатысынан өтеді.

Бірінші сатысы — металлургиядағы кен байыту сияқты, мақтаны, жүнді өңдеу болып табылады. Ол мақта тазалайтын зауыттар мен жүн жуатын фабрикаларда атқарылады. Мақтаны дөнінен, қорапшасының қалдықтарынан, жапырағынан, сабағынан ал, жүнді кір мен майдан, басқа да лас заттардан тазартады. Тазаланған талшықтардан қатаң мата тоқылатын жіп иіріледі. Алынған қатаң матаны бояу, бетіне өрнек салады (әрлеу).

1 т жуылған жүн алу үшін 2 т жуылмаған жүн, ал 1 т мақта талшығын алу үшін 3 т. астам мақта шикізаты қажет. Сондықтан, бастапқы өңдеу кәсіпорындары шикізат көздеріне жақын орналастырылады.

Әрбір келесі сатыны жекелеген жіп иіру, тоқыма немесе өрлеу фабрикаларында атқаруға болады. Бірақ ол көлік шығынын көбейтіп, дайын өнімнің бағасын қымбаттатып жібереді. Мақта-мата өндірісінің негізгі сатыларын бір комбинатта жинақтау тиімдірек болады.

Мақта-мата өнеркәсіптері Оңтүстікте шоғырланған. Барлық мақта тазалау зауытары (олар 30-дай) Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан. Жіпті Алматы мен Шымкентте иіреді. Матаны ең көп шығаратын — «Мата тоқу компаниясы» АҢ (бұрынғы Алматы мақта-мата комбинаты). Ол негізінен қатаң мата түрін шығаруға маманданған. Мақта кешені (кластер) Оңтүстік Қазакстан облысында құрылуда.

Кластер орталығы Шымкент қаласында жіп иіру фабрикалары салынып, тесек-орын, түкті джинси маталарын шығаратын тоқыма өндірісі қайта жасақталған.

Жүн өнеркәсібі мардымсыз дамыған. Жүнді бастапқы өңдеу фабрикалары Оңтүстікте (Таразда, Шымкентте, Алматыда) және Шығыста (Семейде), ал мата тоқитын фабрикалар Фабричный кентінде (Алматы маңында), Қостанай мен Семейде орналаскан. Өскеменде жасанды талшықтардан мата тоқылады. Тоқыма өнеркәсібінде Алматы ерекше орын алады.

Былғары, аяқ киім және тері өңдеу өнеркәсіптері бір-бірімен тығыз байланысты. Тері өңдеу (табиғи былғары алу) шикізат көзіне, су мен электр энергиясына жақын орналасады. Еліміздегі тері өңдеу өнеркәсібінің 4 негізгі орталығы -Петропавл, Тараз, Рудный мен Семейдегі зауыттар. Қостанайда, Алматыда, Таразда, Ақтауда аяк киім фабрикалары жұмыс істейді.

Семейдің «Тері-былғары» комбинаты елімізде қой терісін өңдеу арқылы өнім шығаратын (тон, ішік, бас киім) ірі кәсіпорын болса, Шымкенттегі «Қазақиталкаракөл» — қаракөл терісін өңдейтін бірден-бір кәсіпорын болып табылады.

Киізден жасалатын аяқ киімнің (пима) 70%-дайы Қостанай облысында шығарылады.

Жеңіл өнеркәсіптің «кез келген жерде» орналаса беретін саласы — тігін өнеркәсібі. Ол көбінесе тұтынушыға таяу орналасады. Өнімнің негізгі бөлігін шағын тігін шеберханалары шығарады. Бірақ Шымкенттегі «Восход» сияқты ірі фабрикалар да бар.