Дипломатиялық қызметтер. Баспасөз атташесi

Мәмiлегерлiктiң негiзгi мiндетi – түрлi мүдделердi бейбiт мақсаттарға жұмылдыра отырып, ынтымақтас елдермен өзара достық байланыстарды қалыптастыру. Тiптi, өзара жау елдермен де бiтiмгершiлiк әрекеттер жасау – дипломатияның басты мақсаттарының бiрi.

Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметi — Қазақстан Республикасының заңдары мен халықаралық шарттарына сәйкес республиканың сыртқы саяси қызметiн жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардағы азаматтардың кәсiби қызметi болып табылады. Ал консулдық қызмет – дипломатиялық қызметтiң Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен Консулдық жарғы негiзiнде жүзеге асырылатын бiр бөлiгi.

Дипломатиялық қызмет жұмысының құқықтық негiзiн Қазақстан Республикасының Конституциясы, халықаралық шарттары, өзге де заң актiлерi құрайды. Ал қызмет органдарының жүйесiн Сыртқы iстер министрлiгi, өкiлдiктер мен консулдық мекемелер, Дипломатиялық академия құрайды.

Дипломатиялық қызмет туралы Заң негiзiнде дипломатиялық қызмет органдарының мiндеттерi, негiзгi функциялары белгiленiп берiлген.

Дипломатиялық қызмет кадрларының құрамы мен лауазымдары халықаралық нормаларға сәйкес белгiленедi.

Қызмет кадрларын мыналар құрайды:

а) штаттағы дипломатиялық лауазымдарды тұрақты негiзде атқаратын қызметкерлер;

ә) штаттағы әкiмшiлiк-техникалық лауазымдарды тұрақты негiзде атқаратын қызметкерлер;

б) штаттағы дипломатиялық және әкiмшiлiк-техникалық лауазымдарды келiсiм-шарт негiзде атқаратын қызметкерлер.

Дипломатиялық қызмет қызметкерлерi үшiн мынадай лауазымдар белгiленген:

  • Төтенше және Өкiлеттi елшi, Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкiлi
  • Бас консул
  • Кеңесшi-уәкiл, Тұрақты өкiлдiң орынбасары
  • кеңесшi
  • консул
  • бiрiншi хатшы
  • вице-консул
  • екiншi хатшы
  • үшiншi хатшы
  • атташе
  • референт

Дипломатиялық лауазымға жоғары бiлiмi бар, шет тiлiн бiлетiн және жұмысқа қажеттi арнаулы бiлiмi бар азаматтар тағайындалады.

Мұнымен қатар дипломатиялық қызметтiң қызметкерлерiне атқаратын лауазымы мен бiлiктiлiгiн ескере отырып мынадай дипломатиялық дәрежелер берiледi:

  1. Сыртқы iстер министрiнiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi беретiн дәрежелер:
  • Төтенше және Өкiлеттi Елшi
  • I сыныпты Төтенше және Өкiлеттi Уәкiл
  • II сыныпты Төтенше және Өкiлеттi Уәкiл
  1. Сыртқы iстер министрi беретiн дәрежелер:
  • I сыныпты кеңесшi
  • II сыныпты кеңесшi
  • I сыныпты бiрiншi хатшы
  • II сыныпты бiрiншi хатшы
  • I сыныпты екiншi хатшы
  • II сыныпты екiншi хатшы
  • үшiншi хатшы
  • атташе

Дипломатиялық қызмет дәрежесiнде болудың әртүрлi мерзiмдерi белгiленген. Мәселен, екiншi және үшiншi хатшылар мен атташе үшiн – екi жыл, бiрiншi хатшы мен II сыныпты кеңесшi үшiн — үш жыл. Қалған дәрежелерге мерзiм белгiленбеген. Шетелдiк мекемеде жұмыс iстеген кезiнде дипломатиялық қызметтiң қызметкерi лауазымы жағынан бiр реттен астам жоғарыламауы тиiс. Ал шетелдiк мекемелердегi үздiксiз жұмыс мерзiмi үш жылдан аспағаны жөн. Тек қызметтiк қажеттiкке сәйкес бiр жылға ғана ұзартылуы мүмкiн. Шетелдiк мекемелерде жұмыс iстеуге дәлелдi себептерсiз барудан бас тартуы тәртiп бұзушылық болып табылады.

Өкiлдiктер басшылары үш сыныпқа бөлiнедi. Елшiлер мен нунцийлер, уәкiлдер мен интернунцийлер мемлекет басшысының жанында, ал сенiмдi өкiлдер сыртқы iстер министрлерi жанында тiркеледi.

Дипломатиялық дәрежелер жүйесi iшкi заңдармен белгiленедi.

Дипломатиялық хаттаманың аса маңызды ережелерiнiң бiрi – дипломатиялық үлкендiк (старшинство) болып табылады. Ол дипломатиялық корпус ұжымы, дипломатиялық өкiлдiк басшылары арасындағы үлкендiк дәрежесiне байланысты сақталады.

Дипломатиялық қызмет органдарында бiр-бiрiне тiкелей қызметтiк бағыныстағы жақын туыстардың бiрге жұмыс iстеуiне жол берiлмейдi.

Шетелдегi дипломатиялық қызметтi қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты мен консулдық алымдар есебiнен жүзеге асырылады. Консулдық алымдар – атқарылған консулдық қызметтер үшiн, төлқұжаттар бергенi үшiн немесе олардың қолданыс мерзiмiн ұзартқаны үшiн, визалар бергенi үшiн алынатын ақылар.

Шетелдегi дипломатиялық қызмет қызметкерлерi мен олардың отбасылары медициналық қызметпен, көлiкпен, баспанамен қамтамасыз етiледi.

Дипломатиялық қызмет қызметкерлерiне төмендегiдей мiндеттер жүктелген.

Ең алдымен ол бейбiт мақсаттағы қызметiн мына бағыттарда жүргiзедi: өз елiнiң үкiметiн келушi елдiң үкiметiне бағдарлату, өз мемлекетiнiң атынан сөйлеу, арадағы корреспонденцияларды қабылдап, жөнелту, ақпаратпен қамтамасыз ету.

Елшiнiң моральдық қасиетi – басты критерий болып табылады. Бедел-құрметi төмен адамды елшi етiп тағайындау үлкен қателiктерге ұрындырады. Ол бiр есептен өз елiн құрметтемегендiк болып есептеледi. Елшi өте қонақжай, кең пейiл болуы тиiс. Тек ресми адамдармен ғана емес, ресми емес адамдармен де тез тiл табыса кеткенi жөн.

Халықаралық құқықтарға сәйкес өзара ақпарат алу тәртiптерi белгiленген. Ол елдегi барлық ақпарат көздерiн пайдалана алады. Тек ұлттық қауiпсiздiкке нұқсан келетiн жағдайда ғана тиiстi органдармен байланысқа бармайды. Ондайда елшi ²сырттан бақылаушы² рөлiн атқарады. Зады, оның өз елiнiң де, өзге мемлекеттердiң де iшкi және сыртқы саясаттарын бес саусағындай бiлгенi жөн.

Әңгiмелесу барысында елшi өз елiнiң позициясын ғана дәлелдеуге тырысады. Көп жағдайда келiсiм тағдыры елшiнiң қалай әңгiме жүргiзгенiне байланысты шешiлiп жатады.

Елшi келiсiмдi бейбiт мақсатта өткiзуге тырысады. Қайсыбiр мәселеде болсын, мейлi ол даулы ма, бейбiт пе, бәрiбiр елшi екi жақты ортақ мәмiлеге шақыруы тиiс. Мәмiлеге келе алмаған жағдайда басқа жолдарын қарастырады. Сенiмнен шығу үшiн екi жаққа ыңғайлы жоба ұсынады. Келiсiм үстiндегi оның әрбiр сөзiне екi жақ та құлақ асады, ақыл-кеңесiне жүгiнедi. Ал бұл үшiн оған асқан жоғары бiлiктiлiк, зеректiк, тапқырлық қажет. Ең бастысы – төзiм мен сабыр.

Көп тiлдi меңгеру де – елшi үшiн басты қасиет болып табылады.

Жалпы, дипломатияның өзiндiк қызметi сонау бағзы замандарда, елдi монархиялық басқару жүйесi кездерiнде пайда болған. Олар монархтардың жеке өкiлдерi ретiнде iс-әрекет еттi. Кейiн парламенттер келген соң монархтар барлық саяси мүмкiндiктерiнен айрылып қалды.

Батыс елдерiндегi қазiргi дипломатиялық мамандық үлгiлерi ХVI-ХVII ғасырлардан берi өзгерген емес. Елшi мен оның отбасы мүшелерiне тиесiлi иммунитеттер (жеңiлдiктер) 1961 жылғы Вена конвенциясында белгiленген. Жеңiлдiктердi пайдаланатын тiзiмге этикетке сай отбасы мүшелерiмен қатар өкiл анасы мен бауырлары да енгiзiлген болатын. Оларға бұл жөнiнде арнайы төлқұжаттар берiлiп отырған.

Дипломатиялық иммунитеттер мен артықшылықтар шетелдiк дипломатиялық өкiлдiктерге, арнаулы миссияларға, мемлекеттердiң халықаралық үкiметаралық ұйымдар жанындағы өкiлдiктерiне, олардың басшылары мен қызметкерлерiне берiледi. Бұған үй-жайлары мен мұрағаттарына тиiспеушiлiк, салықтардан босату, өз үкiметiмен байланыс еркiндiгi, кеден артықшылықтары, өкiлдiк үйiне Ту мен Елтаңба iлу құқығы кiредi.

Дипломатиялық қызметке бiрiншi кезекте елшiлiк жұмыстан тәжiрибесi бар қызметкерлер алынады. Қазақстан Сыртқы iстер министрлiгiнiң кадрлар тiзiмi арқылы қандай дипломаттар бар екенi анықталады.

Елдiң сыртқы экономикалық байланыстар саласындағы мүмкiндiктерiн таразылайтын, ғылым-бiлiм, мәдениет пен спорт байланыстары салаларымен шұғылданатын кеңесшiлерi болады.