Адам эволюциясының бағыттары. Ертедегі және осы заманғы алғашқы адамдар

Ертедегі адамдар. Оны ғылыми тілде палеонтроптар, кейде неакдертшылдықтар деп атайды. Олар қазіргі адамдардың тікелей арғы тегі болып саналады. Жалпы алғанда олардың тіршілік әрекеті, ақыл-ойы және әлеуметтік өмір сүру жағдайлары қазіргі адамдарға ұқсас. Олардың сүйектерінің қалдығы 1848 жылы Еуропада табылды. Ал 1856 жылы Батыс Алмания жеріндегі Неандер өзенінің аңғарынан ертедегі адамдардың қаңқа қалдықтары табылды. Кейіннен олардың қоныс-жайлары Ресейдің көптеген аймақтарынан табылып зерттелді. Ресейдің көрнекті антрополог ғалымы М.М.Герасимов ертедегі адамдардың бассүйегінің құрылыс ерекшелігіне қарап, сол кезде өмір сүрген адамның кейпін қалпына келтірді. Олардың бұдан 100—40 мын жыл бұрын өмір сүргендігі анықталды. Оның бойының ұзыңдығы 155—165 см, ал миының көлемі 1400 текше см, архантроптармен салыстырғанда көп белгілері едәуір жетілген, әсіресе сөйлеуге байланысты үлкен ми сыңарларының самай бөлігі жақсы дамыған және астыңғы жақсүйегі кішірейген. Олардын қоныстарынан табылған құралдардың жасалуы да күрделенген, олар тіпті жануарлардың терісін өңдейтін құралдар жасай білген. Ірі жануарлардын (зіл, т.б.) сүйектерін жинап, өздеріне баспана да жасаған. Олардың ойлау қабілеті дамыған. Бұл кезде түрлі қол өнер салалары да пайда болған. Қоғамдық сана қалыптасып, түрліше наным-сенімдер, тасқа, сүйекке ойып сурет салу және өлген адамды жерлеу салты болған. Мысалы, осы дәуірде көне түркілер мен монғолдарда көкбөріні (қасқыр) пір тұтып, оған киелі депсенген. Олар көкбөріні «біздің арғы бабамыз» деп қадір тұтқан. Аңыздардың айтуы бойынша бұл хайуанат шын мәнінде ежелгі тайпалардың кездейсоқ жұртта қалып қойған сәбиін тауып, өз емшегін тосып, емізіп оны ажал аузынан алып қалған. Мұндай жағдай, яғни қасқырдың жас баланы емшек сүтімен асырап, ұзақ уақыт оны өз үйірінде өсіргені тіпті ертедегі заман емес, қазіргі уақытта да мәлім болыпотыр.

Ертедегі адамдар ауа райы қолайсыз ауыр жағдайларда үңгірлерде тұрып, үнемі отты пайдаланған. Олар топтасып аң аулаған. Жер шарының көп аймақтарында қоныстанған. Африканың солтүстік өңірінен табылған ертедегі адамның сүйектерінің қалдықтары Еуропадан табылған қаңқа қалдықтарына өте ұқсас, сондықтан да олар бір мезгілде өмір сүрген деген пікірлер бар. 1938 жылы атақты ғалым А.П.Окладников Өзбекстандағы Тесіктас үңгірінен осы кезеңдерде өмір сүрген адамның сүйек қалдықтарын тапты, бұл ғылымда дүниежүзілік мәні бар үлкен жаңалық болды.

Бұл кезенде өмір сүрген ертедегі адамдардың мекен-жайлары, олар пайдаланған тас құралдар және күнделікті аулап жеген жануарлардың көптеген сүйек қалдықтары Қазақстан жерінен де көптеп табылды. Қазақстандық археолог ғалымX. А. Алпысбаев 1958—1962 жылдары Оңтүстік Қазақстандағы қаратау өңірінен осы дәуірде өмір сүрген адамдардың қоныстарын тауып зерттеп, ғылымға үлкен үлес қосты. Ертедегі адамдардың пайдаланған тас құралдары Орталық Қазақстан, Бетпақдала өңірінен де табылды. Көрнекті ғұлама ғалым Ә.Х.Марғұланның бұл салада сіңірген еңбегі орасан зор. Ғылымда бұл дәуірді тас кезеңі (немесе ғасыры) деп атайды. Тас ғасырының асыл мұралары Шығыс Қазақстан (Алтай өңірі), Семей маңынан, Арал аймағынан, Сарыарқа жерінен, Маңғыстау алқабынан да табылған.

Ертедегі адамдар 50-100 адамнан топтасып өмір сүрген. Ер адамдар бірігіп аң ауласа, әйелдер жемістер, т.б. өсімдіктердің жетуге жарайтын бөліктерін жинаған, ал тәжірибесі мол қарт адамдар құрал-саймандаржасап беретін болған. Олар алғаш рет өздері аулаған жануарлардың терілерін өңдеп, киім жасап киген.

 Бұл кезде оқтын-оқтын болып тұратын мұз басу жағдайлары ертедегі адамдардың өміріне көп қауіп-қатер туғызып отырған. Табиғи сұрыпталудың нәтижесінде өте төзімді, батыл әрі ептілері ғана тірі қалып, ұрпақ жалғастырған. Бұл кезде әлеуметтік жағдайлар: ұжымдасып енбек ету, тіршілік үшін бірлесе отырып күресу және ақылға салып ойлау елеулі орын алған.

Осы заманғы алғашқы адамдар. Оларды ғылым тілінде қазба неоантроптар немесе көшпілікке арналған әдебиеттерде кроманьондар деп те атайды. Өйткені, бұл кезеңнің адамдарының сүйек қалдықтары алғаш рет 1868 жылы Франциядағы

Кро-Маньон үңгірінен табылған. Олар бұдан 30—50 мың жыл бұрын өмір сүрген. Бұл кезеңде де өмір сүрген адамдардың мекен-жайлары Қазақстанның да көптеген жерлерінен табылды.

Неоантроптар бойыныңұзындығы 170—180 см, 30—40 жыл өмір сүрген. Ми сауытының көлемі шамамен 1400—1600 текше см. Үлкен ми сыңарларының самай және маңдай бөлімдері жақсы дамыған. Маңдай сүйегі алға шығыңқы келген, қас үсті доға айқын байқалады, көз шарасы үлкен, сүйектері қалың, иегі анық білінеді. Бассүйегі онша биік емес. Олар өздеріне баспана салып, сонда тұрған. Негізінен етті тағамдарды пайдаланған. Аңаулау үшін тастан, сүйектен әр түрлі құралдар жасаған. Өздері тұратын үнгірлердің қабырғасына түрлі түсті бояулармен, кейде

тастарды қашап та суреттер салған. Қолөнердің түрлі салалары дамыған. Қыштан ыдыс жасауды білген. Олар алғаш рет кейбір жануарларды қолға үйрете бастаған және егіншілікке де алғаш қадам жасаған. Тайпа, ру болып өмір сүру салты қалыптаскан. Айналасындағы табиғат туындыларына сыйыну, оларды қастерлеу, т.б. сияқты нанымдарға ерекше көңіл бөлген. Эволюция барысында олардан осы заманғы саналы адам келіп шыққан. Неоантроптарда биологиялық факторлардан гөрі әлеуметтік факторлар басты рөл атқарған. Олардың эволюциясында тәрбиелеу, үйрету жәнетәжірибе жалғастыру негізгі орын алған. Олар көбінесе өздерінің ептілігі, батылдылығы және тапқырлығы арқылы жаңа өмір сүру салтына көшкен. Ұрпақтарына деген қамкорлық қарттарды қадірлеу және онымен санасу дәстүрі басым болған. Тайпа, ру және отбасы үшін күресе білу мен өзінің келешегін ойлау басты мақсат болып саналған.

Қазіргі адамның пайда болуы, дамуы және қалыптасуы ұзақ уақытқа созылған өте күрделі кұбылыс.

Атақты ғалым Я.Я.Рогинскийдің пікірі бойынша адам эволюциясында негізінен, мынадай морфологиялық өзгерістер басты рөл атқарады. Ол біріншіден — қол, аяқ және тұлға сүйектерінің өзгеруі арқылы тік жүруге көшуі; екіншіден — мидың дамуы мен көлемінің ұлғаюы; үшіншіден — жақсүйектердің кішірейіп, сөйлеу мүмкіндігіне көшуі екенін атап көрсеткен. Бұларға қоса ғалым әлеуметтік әрекеттер, еңбек құралдарын жасап, пайдалана білу және оларды жетілдіре түсу, қоғамдасып тіршілік ету, айқын сөз арқылы бір-бірімен қарым-қатынас жасау, ақыл, ой мен мәдениеттің дамуы адам эволюциясындағы сапалық өзгерістердің пайда болуына тікелей ықпал жасаған деп қорытындылайды.

Қазіргі кезде де жеке адамдарда болатын тұқым қуалайтын өзгерістер (яғни мутациялар) кездесіп тұрады. Ал оларды басқару, зиянды белгілердің болуынан сақтандыру тек биодогиялық зандылықтарды жақсы білген кезде ғана жүзеге асады.