Бастауыш мектепте оқушыларды кілем өнерімен таныстыру

  1. Бастауыш мектептегі сәндік сурет салу сабақтарымен қатар кілем өнері үйірмесінде, балаларды кілем өнерімен таныстыруға болады. Кілем үйірмесі балаларды қарадүрсін сурет салудан бөлектеп, кілем өнерінің білімдерін беріп, кілем тоқу іс әрекеттерімен таныстырудан басталады. Сонымен қатар мектептегі кілем үйірмесінде балаларға кілем өнері саласында кілемді тоқу ережелері мен ұстанымдары туралы кең түрде түсінік беріледі. Сондықтан оқу процесін дұрыс ұйымдастыру, оқушылар зейінін ең басты нәрсеге бағыттау, оқу материалдарын тез меңгерудің жолын көрсетуде жетекші рөл мұғалімге жүктеледі.

Оқушыларға көркемдік білім беру ісіне мұғалім тарапынан кәсіби басшылық көрсету үшін, өнерді үстірт таныстырумен шектеліп қалмай, мүмкіндігіне қарай тереңірек білім алуына ұмтылуымыз қажет. Адам білмейтін нәрсесін сүйе де білмейді, оның бұрын айналыспаған ісіне қызығушылығы да болмайды. Балалар жас кезінде қандай іспен де болсын айналысуға дайын, олар қызығушылықпен ойыншық үй тұрғызады, сурет салады, билеп, өлең айтады және т.б., бірақ оны әрі қарай жетілдіруге келгенде жәрдем мен басшылықты қажет етеді. Егер оған осы кезде жәрдемге тәжірибелі жетекші келмесе, олар өзінің бұрын жан-тәнімен беріліп істеп жүрген әрекетін тастауға дайын келеді. Оқушыларды кілем өнерімен таныстыруға қатысты да осыны айтуға болады.Педагогикалық ойдың даңқты ойшылдары әр уақытта сурет салуға оқытуды дұрыс жолға қою қажеттігін көрсеткен. Сондықтан жалпы білім беретін мектептегі кілем өнері үйірмесін қарастыра отырып, біз оған бала ойыны ретінде қарауымызға болмайды.

Кілем өнерінің мұғалімі баланың оқуы мен тәрбиесіне жауапты болып табылады, ол оқушылардың іс-әрекетіне бағыт беріп, басшылық көрсетеді, жұмысты ұйымдастырады. Педагогтың басшылық пен бағыт берушілік рөлінсіз, әрбір оқушыны үнемі бақылаусыз мектептегі оқу-тәрбие жұмысының нәтижелі болуы мүмкін емес. Кілем өнерін оқыту білім беру мақсатын көздейді. Кілем өнерімен балаларды таныстыру қоршаған ортаны тануға көмектеседі, олардың байқампаздығын арттырады, зат формасы мен бояу түсін ажыратуға үйретеді, ою өрнектерді өзара салыстыруға дағдыландырады, олардың арасындағы ұқсастықтар мен айырмаларын көре білуге үйретеді..

Бастауыш мектеп мұғалімі кілем өнері арқылы оқушының алдында әсемдік әлемін ашып көрсетеді, эстетикалық талғамын дамытады, өнер мен өмірді тануға, қоршаған ортаны әдемі де әсем етуге үлес қосуға тәрбиелейді. Педагог бұл айтылғандарға, балаларды үлкен өнердің шығармаларымен таныстыру барысында жігер беру арқылы ғана емес, кілем өнерін балаға таныстырып оқыту барысында жетуіне болады. Егер педагог материалды қарапайым және тартымды түсіндірсе, барлық оқушы оны мұқият назар сала тыңдайды. Ал егер мұғалім материалды түсініксіз мәлімдесе, оларды шатастырып алса, оқушылар біртіндеп оны тыңдауды доғарады.

Мұғалім сыныпқа кіргеннен барлық балалардың назарын өзіне аударады.Тәжірибелі мұғалім оқушылардың зейінін өзіне қарата отырып, оны төмендетіп алмай, ұтымды түрде сабақтың тақырыбына сай танымдық бірізділікпен өтеді.Тәжірибесі аз педагог өз оқушыларының өнерге бағытталған назарынан жиі айырылып қалады. Кейде сабақ тақырыбын түсіндіруге мән бермейді, кейде балаларды қызықтыра алмайды, кейбір жағдайда оқу материалдарын түсініксіз етіп береді. Мұның бәрі оқушылардың өнерге деген қызығушылығын төмендеуіне алып келеді.

Кілем өнерін оқушыларға таныстыру сабақтарындағы оқу үрдісін ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Көптеген мұғалімдер бұл сабақтарда оқушыларға толық еркіндік беріп, өзінің белсенділігін төмендетіп алады. Мұндай мұғалімдер, «оқушылар бұл сабақтарда тапсырмаларды өз бетінше орындауы тиіс» деп есептейді. Кейбір мұғалімдер кілем өнері сабақтарында, алдымен ою-өрнектерді кілемнен қарап салса немесе мұғалім ұсынған схема бойынша құрастырса, екінші сабақта олар өз бетінше шығармашылықпен сәндік сурет салуы керек деп ойлайды. Бұл дұрыс емес. Мұғалім оқушылардың кілем тоқу әрекетінен бөлініп қалуына болмайды. Керісінше ол балаларға басшылық жасап, күрделі шығармашылық міндеттерді тануға көмектеседі. Ритм, симметрия және ассиметрия ережелері мен заңдылықтарымен үйірме сабақтарында балаларды таныстыру барысында педагог балалардың шығармашылық инициативасын жоғалтпайды, керісінше шығармашылық фантазиясын белсенділендіре түседі. Кілем өнерін оқушыларға таныстыру сабақтарында балалар мұғалімнен мына түсініктерді алатын болса, олар шығармашылық жұмыстарының сапалы шығуына ықпал етеді: симметрия заңдылығына сүйеніп композиция құру; кілем элементі белгілі ритммен қайталануы бойынша құрылған композиция; күрделі элементтің белгілі ритммен қайталануы; белгілі форманың сызықтар бойына тоналдық қатынастармен кезектесіп берілуі; гүлдер мен өсімдік жапырақтарының, құстар мен жануарлар, адамдар көріністерін, геометриялық және табиғат формаларын ою-өрнек бейнесінде ритмдік тапсырма; маталардағы өрнектер кілем, түрінде қайталануы. Мұндай танымдық бағыттағы әңгіме оқушылардың ойы мен шығармашылық қиялын арттырады.

Кілем өнерін оқушыларға таныстыру сабақтарында тақырыптық композиция бойынша жұмыс сюжеттін іздеу туралы түсініктер беруден басталады. Бұл бағыттағы мұғалімнің міндеті –балалардың жасына лайық, соған қызығатын композиция сюжетін қабылдауға көмектесуі тиіс. Композиция тақырыбын тануға ең алдымен баланың бұрын көргендері, қоршаған орта туралы елесттеулері жәрдемдеседі.Адам бұрын көрген қабылдау мен елестету тәжірибелерін қолданбайынша шығармашылықпен жаңа нәрсені қабылдау, жасау, қиялдау мүмкін емес. Суретшілер мен жазушылар жаңа шығарма жасау барысында, өмірден алынған нақты образдар арқылы шығып отырады. Тіпті фантастикалық образдарды жасау барысында да суреткер өмір шындығынан алынған адамға, белгілі образдың элементтеріне сүйеніп отыратындығы туралы оқушыларға түсініктер беріледі.