Мектепалды дайындығы тобында затқа қарап сурет салу сабақтарын ұйымдастыру әдістемесінің тарихы

  1. Бастауыш сыныптардағы бейнелеу өнері сабақтарын Лекция жоспарылау мен ұйымдастырудың өзіндік ерекшеліктері бар педагогикалық іс әрекет болып табылады.. Бастауыш сыныптардағы бейнелеу өнері сабақтары нұсқаға қарап сурет салу сабағы, тақырыптық сурет салу сабағы, сәндік сурет салу сабағы, аппликациялық сурет салу сабағы, мүсін сабағы және бейнелеу өнері туралы әңгіме сабағы болып бірнеше түрлерге бөлінеді. Мысалы, нұсқаға қарап сурет салу сабақтарында оқушыларды негізінен белгілі заттарды бейнелеуге үйретіледі. Бірақ оларға зат көлемін, сол нәрсенің кеңістікте орналасқандығын бейнелеу оңайға түспейді. Балалар кейде зат контурын бейнелеумен шектеліп, жарық пен көлеңкенің деңгейін ажыратып көрсете алмайды.

Қандай зат болмасын оның формасы бізден алыстаған сайын кішірейіп көрінеді. Бұл құбылыс перспективаның заңдылығына байланысты. Оқушылар сурет салу кезењінде перспектива заңдылығына мән бермеуінен көптеген қателіктер жібереді. Бұл қателіктер қағаз бетінде кеңістікті бейнелеуге белгілі дәрежеде кедергі жасайды. Кеңістікті бейнелеу орындау техникасымен байланысты. Күрделі формалы заттар үлкенді-кішілі бірнеше бөліктерден тұрады. Бұл зат бізден алыс тұрса оның ұсақ бөлшектері анық көрінбейді. Заттың кеңістіктегі осындай күйін көптеген оқушылар штрихтармен дұрыс көрсете алмайды. Дөңес жазықтарды түзу сызықтармен штрихтау, жарық пен көлеңкенің дөңес жазықтық бетінде орналасуы сипатын түсінбеу, жазықтықтар шекараларын контур сызықтармен бөліп қою сияқты қателіктер, заттың кеңістікте тұрғандығын бейнелеуге кедергі жасайды. Оқушылардың бейнелеу жұмыстарындағы жиі байқалатын мұндай қателіктер кеңістік ұғымдарын қалыптастыру, кеңістікті бейнелеу мәселелерін әдістемелік дұрыс жолға қою қажеттігіне көз жеткізеді. Сондықтан оқушылардың кеңістік туралы ұғымдарын қалыптастыру үшін мұғалімнің жүйелі түрде педагогикалық басшылығы қажет. Оны тұжырымға орай, кеңістік ұғымын балаларға үйрету мақсатындағы сабақты мынадай үлгіде өтуді ұсынамыз.

Сабақтың тақырыбы: құмыра, табақ және қасықтың суретін салу.

Сабақтың мақсаты: заттардың суретін салудың барысында кеңістік ұғымдарын қалыптастыру. Кеңістік бейнелеу әдістерін үйрету, «пропорция», «перспектива», «форма» туралы түсініктер беру.

Сабақтың көрнекілігі: нұсқа ретінде қоюға арналған құмыра, табақ және қасық. Кеңістік ұғымын түсіндіруге арналған таблицалар сериясы. Олар мынадай тақырыптарға арнап жасалынады:

  1. Пропорция;
  2. Перспектива;
  3. Штрихтау әдістері;
  4. Форманы шығарумен тоналдық катынастар;
  5. Бейнелеудің бірізділігі;
  6. Өнер шығармаларының репродукциялары.

Сабақта қолданылатын әдістер: баяндау, сұрақ жауап, демонстрациялау, оқушыларға жеке көрсету және тақтаға жеке бөлшектерді салып көрсету.

Сабақтың барысы: сабақты ұйымдастыру кезеңінен соң, көрнекілік құралдарды тақтаға іліп, жаңа сабақты түсіндіруге көшеміз. Балалар, біз қандай затты қағаз бетіне бейнелеу үшін оның кеңістікте орналасу сипатына көңіл бөлуіміз керек? Себебі бейнелейтін заттардың бәрі де кеңістікте болады. Мысалы, даладағы өсіп тұрған ағаштар, өсімдіктер, бөлменің ішіндегі заттардың бәрін де кеңістік қоршап тұрады. Сондықтан заттың суретін салып қою жеткіліксіз. Біз заттың формасын дұрыс бейнелеумен қатар ол заттың бейнесінің кеңістікте орналасатындығын көрсетсек суретіміз сапалы шығады.

Бейнеленген заттың кеңістікте тұрғандығын көрсету үшін штрихтау мен нұсқадағы жарық, көлеңкенің қатынастарына үнемі назар аударып отыру қажет. Кеңістіктегі орналасқан қандай зат болмасын оның белгілі формасы болады. Мысалы, алма – шардың, шелек – қиық конустың, жәшік – төрт бұрыштың формаларына ұқсас болып келеді. Ал кейбір заттар бірнеше геометриялық формалардан құралады. Мысалы, үйдің көрінісі үш бұрыш пен төртбұрыштың жиынтығынан, құмыра – қиық конус пен шардың жиынтығына ұқсайды. Осыған байланысты суретте кеңістікті көрсету үшін бейнеленетін заттың формасына мән беріп отыру керек.

Қағаз бетінде кеңістікті көрсету үшін зат формасының перспективалық қысқаруын бейнелеуді дұрыс меңгерген жөн. Жол бойына орналасқан электр сымдары бағаналар бізден алыстаған сайын біртіндеп кішірейе береді. Темір жолдың бойындағы бағаналар мен рельс те алыстап бір-біріне қосылатын сияқты болып көрінеді. Рельстер мен бағаналардың арасы да жақындай түседі. өлшемдердің алыстаған сайын кішірейіп көріну құбылысы – перспектива деп аталады.

Сабақтағы кеңістік туралы түсінік беру барысында оқушыларға К.Шаяхметовтың «Туған ауылда», А.Черкасскийдің «Қараағаштар», Ә.Қастеевтің «Биік таудағы мұз айдыны», Е.Сидоркиннің «Қазақ халық ертегілеріне жасаған иллюстрациялары», М.Кенбаевтың «Асауды тұсау» атты картиналарының репродукциялары көрсетіліп перспектива жайлы әңгіме қозғалады. Картина көріністеріне қарап, олардың өлшемдерінің перспективалық қысқаруына назар аударып отыру керек. Табиғаттағы өлшемдер қатынастары әр түрлі. Мысалы, өлшемдер бірдей заттардың алыста тұрғандары жақындағысына қарағанда кіші болып көрінеді. Қандай заттың суретін салу барысында болмасын олардың өлшемдерінің қатынасын дұрыс таба білу кеңістікті бейнелеп шығаруға жәрдемін тигізеді.

Түстердің, жарық пен көлеңкенің белгілі жазықтық бетіндегі деңгейлерін ажыратып тани білу кеңістікті бейнелеудің барысында өте маңызды әрекеттердің бірі болып табылады. Заттың бетіне түскен жарықтың мүмкіндіктері арқылы заттың көлемін білеміз. Мысалы, біз мүлде қараңғы бөлменің ішінде тұрмыз делік, онда бөлме ішінде қандай зат бар екендігін көре алмаймыз. Ал егер терезеден сәл ғана жарық түсірсек, бөлмедегі заттар көріне бастайды. Заттардың көлемі айқын байқалады. Себебі, жарық түсіп тұрғанда бөлмедегі заттың бетінде «көлеңке», «жартылай көлеңке», сол сияқты заттың астындағы нәрсеге түсіп тұрған көлеңкесі болады. Сондықтан заттың бетіне түскен осындай бірнеше көлеңкелердің негізінде кеңістіктегі белгілі форма бізге көру арқылы сезіледі.

Заттың кеңістіктегі формасын бейнелеу үшін штрихтаудың маңызы ерекше. Қандай зат болмасын белгілі жазықтықтардың жиынтығынан құралады. Мысалы, столдың беті тегіс жазықтық болса, алманың, шелектің, құмыраның, тарелканың беттері дөңес жазықтықтардан құралады. Зат бейнесін шығару үшін осы жазықтықтарды штрихтаудың ерекшеліктері бар. Егер екі жазықтықты бір бағытқа штрихтасақ, суреттегі кеңістік дұрыс көрінбейді. Сондықтан жазықтықтарды түзу сызықтармен дөңес жазықтықтарды доғал сызықтармен штрихтау қажет. Егер екі бірдей тегіс жазықтық қатар орналасса, бұл жазықтықтар түзу сызықтармен екі түрлі бағытқа штрихталады.

Заттың кеңістіктегі көрінісін бейнелеуде сол нәрсенің бізден алыс немесе жақын орналасқандығын көрсете білудің рөлі ерекше. Мысалы, бейнелейтін үш зат үстел бетіне орналасқан делік. Бұл заттардың ішіндегі табақ пен қасық бізге жақын тұр, ал құмыра бұларға қарағанда алысырақ. Бейнелеу өнерінде алдыңғы көрініс, ортаңғы көрініс, соңғы көрініс деген түсініктер кеңістік ұғымын білдіреді. Кеңістіктегі суретшіге ең жақын орналасқан заттардың бейнесі алдыңғы көрініс деп, ол көріністердің арғы жағындағы бейнелер ортаңғы және соңғы көріністер деп аталады. Заттардың кеңістіктегі орналасу жағдайын көрсету үшін алдыңғы көріністегі бейнелерді анық етіп, штрихтан, соңғы көріністегі бейнелерді оған қарағанда бұлыңғырлау етіп көрсету орынды. Біздің перспектива, пропорция, форма, жарық-көлеңке қатынастары, орындау техникасы жайлы түсініктер беруіміздің нәтижесінде оқушылардың алғашқы кеңістік туралы ұғымдарын қалыптастыра бастаймыз. Кіріспе ретіндегі кеңістік туралы түсініктерімізді жаңа сабақты түсіндіру барысында жалғастыра түсеміз.

Жаңа сабақты түсіну мен бейнелеудің бірізділігін мынадай кезеңдерге бөлдік. Бейнелеудің бірінші кезеңі – заттардың бейнесін қағаз бетіне орналастыру. Бұл кезеңде заттардың столдың бетінде, столдың тақтаға тиіп тұрғандығын, тақтаның вертикаль, стол бетінің горизонталь орналасқандығына назар аударып отыру қажет.

Екінші кезең – заттардың конструкциялық құрылысын бейнелеуге көшеміз. Олардың қандай геометриялық формаларға ұқсайтындығына талдаулар жасаймыз. Өлшемдердің пропорциялық қатынастарын көрсетіп, алдымен үлкен өлшемдерін, онан соң кіші өлшемдерін салыстырамыз. Сондай-ақ өлшемдердің перспективалық құбылысына байланысты көшірілуіне көңіл аударып отырдық.

Үшінші кезеңде – нұсқадағы жарық пен көлеңкенің деңгейлер қатынасына талдаулар жасап, оқушыларға нұсқаның ең жарық бөлігі, ең қараңғы бөлігі және олардың аралықтарындағы көлеңкелер деңгейін көрсеттік.

Төртінші кезеңде – бейнелеу техникасына талдаулар жасап, формаға байланысты штрихтардың өзгеру сипатын түсіндіріп, кейбір оқушыларға жеке көмек көрсетіп отырдық. Оқушылардың кеңістік ұғымдарын қалыптастыруда үшінші және төртінші кезең шешуші рөл атқарады. Себебі балалар өздерінің кеңістік туралы түсініктерін осы кезеңдерді орындау барысында іс жүзіне асырады. Дегенмен, бұл кезеңдерде мұғалімнің жәрдемі өте қажет. Педагогикалық ықпал болмаса, оқушылар жарық пен көлеңкелердің қатынастарын ажырата алмайды. Екі жазықтықты бір бағытқа штрихтайды, жарық пен көлеңкенің арасындағы жартылай көлеңкені бейнелеуге мән бермей олардың арасын контур түрінде қалдырады.