Бернияз Күлеев (1899-1923)

Бернияз Күлеев (1899-1923) – есею жағынан да, шығармашылық жолының басталуы жағынан да аумалы-төкпелі жылдарға дөп келгендіктен, өлеңдерінен ара-тұра күйректік әуені байқалғанымен, халықтық позицияны берік ұстанған, дарынды лирик ақын. «Ақынның азаматтық өмірі қаншама қысқа болса, ақындық өмірі де одан әлденеше аз болды. Сол қысқа өмірінде ол іздену, үйрену, адасу жолдарының бәрін өтті» (Ә. Дербісалин). Б. Күлеевтің лирикасы мен поэмаларында еркіндіктің лебі еседі, ақын поэзиясы өзінің сыршылдығымен, өршіл романтикасымен ерекшеленеді. Өзіне замандас ақындардан Б. Күлеевтің неғұрлым жақын көріп, шығармашылық үндестік тапқаны – Сұлтанмхмұт Торайғыров. 1920 жылы Қазақ АССР Халық ағарту комиссариатының атынан кітаптар шығару үшін Қазан қаласына барғанда, оқырмандар қауымына ең алдымен Сұлтанмахмұттың поэмаларын ұсынуы да, сірә, тектен-тек болмаса керек.

Ақынның мұрасы Қазақ ССР Ғылым академиясы Орталық ғылыми кітапханасында сақтаулы (592 папка). Бертінге дейін туындылары жеке кітап болып шыққан жоқ. Тек 1969 жылы таңдамалы шығармалары жарық көрді. Хрестоматияға кірген өлеңдері сол басылымнан алынды.