Аралас құрмалас сөйлем

аралас құрмалас сөйлем туралы мәлімет алу.

  1. Құрмалас сөйлем құрамына енген жай сөйлемдер жоғарыда айтылғандай өз ара әрдайым не бірыңғай салалас, не болмаса сабақтаса байланысып отырмайды. Көп жағдайда құрмаласудың осы екі тәсілінің (салаласу мен сабақтасу тәсілдері) бір сөйлем ішінде қатарымен келе беретіні болады. Мысалы, 1. Қарағандының қары биыл бұрқан-тарқан қауырт еріп еді, сай-салалар суға толып, қырдың тентек өзендері салқындап, тасығалы кемерлеп тұр. 2. Түн бойы жазғандарын хатшыға көшіртіп алып, Ушаков қайта оқып шығып еді, толып жатқан қайшылықтар көп екен. 3. Бүгін жұмысқа кім шықпай қалса, соны көнбегенге санаймын да, бүгіннен бастап есебін беріп босатып жіберемін (Ғ.М.). 4. Көзін Саулеге үйреткен Асқар терезеден қараса, аспан айнадай ашық екен де, нұры толқи жарқыраған күн түске тармасып қалған екен (С.М.). 5. Шарды түбінде елбасылар салып болған соң, санайтын ұлықтардың өзі болмайды, оны осы мынау столда отырған екі тілмаштың бірі санайды (М.Ә.). 6. Мұрат үйге кіргенде, оның жүзінде бір реніш бар еді, бірақ бұны ешкім байқамады. 7. Оқулық өте қажет еді, сондықтан сатушы қыз келісімен , оның екеуін бірден сатып алдым.
  2. Мысалдағы құрмалас сөйлемнің барлығы да аралас құрмалас сөйлемге жатады. Өйткені, ондағы әрбір құрмалас сөйлем құрамындағы жай сөйлемдер бір-бірімен салаласып та, сабақтасып та байланысып келген. Мысалдағы үш жай сөйлемнен құралған алдыңғы құрмаластың бірінші жай сөйлемі екніші жай сөйлемнен салаласа құрмаласқанда, екінші жай сөйлем үшінші жай сөйлеммен сабақтаса байланысқан. Ал мысалдың екінші сөйлемінде бірінші жай сөйлем екінші жай сөйлемге сабақтаса байланысса, екіншісі үшінші жай сөйлемге салаласа байланысқан. Мысалдың кейінгі сөйлемдерінде осылар тәріздес құрмаласудың екі тәсілі бірден араластырыла қолданылып отырған.

Осылар тәріздес, құрамына енген жай сөйлемдерді бір-біріне салаласып та, сабақтасып та байланысатын құрмалас сөйлем аралас құрмалас сөйлем деп айтылады. Аралас құрмаластыңқұрамында үш немесе одан да көп жай сөйлемдер бола береді.