Есімді тіркестер

зат есімнен құралатын тіркестердің жасалу жолдарынан түсініктеме беру.

  1. Қабыса байланысатын сөз тіркестерінің жиі қолданылатын бір түрі – зат есімнен құралатын тіркестер. Екі зат есім атау күйінде қабыса байланысып, сөз тіркесін құрау үшін алдыңғысы соңғысына бағынып тұрады: алтын сағат, ағаш күрек, жібек орамал т.б.

Осындай тіркесте айтылатын зат есімдер тобы көбінесе екі сөзден құралады. Олар өз ара әр уақытта анықтауыштық қатынаста айтылады: қамыс құлақ, бота тірсек, темір қанат, шаруа қол т.б.

Бұлар өз ара анықтауыштық қатынаста айтылғанмен, сөйлемде бір заттың күрделі анықтауыштары, кейде басқа мүше болып жұмсалады: қамыс құлақ ат, бота тірсек ат, темір қанат балапан, шаруа қол товар т.б.

Осы тәрізді қатар тұру арқылы бірін-бірі анықтайтын зат есімдер тобы екі, үш кейде төрт сөзден құралуы мүмкін: темір қанат балапан, қой көз бала, шоқпар бас темір таяқ.

  1. Зат есімдерден құралған сөз тіркестері тұрған орнына қарай байланысқанда, әрбір анықтауыштық тіркес фразалық (ритмикалық) бір екпінге бағынып, екпін жағынан бір түйдек болып тұрады.

Зат есімдерден құралған анықтауыштық топқа кез келген зат есім ене бермейді. Оған өз ара мағыналық байланыста бола алатын сөздер, тілде солай айтылып үйреншікті болған сөздер ғана енеді. Сондықтан тас жол, темір күрек, қол сағат деп айтылады да, керісінше, жол тас, күрек темір, сағат қол деп айтылмайды (орын ауыстырып айтуға болатын жағдайда басқа мағыналық қатынасты білдіреді). Зат есімдерден болған сөз тіркестерінің бірінші сыңары көбінесе конкретті, материалды заттың аты, кейде ********* өнеге, қайрат, әрекет, айла, айбат,сес, ұйқы, тәртіп, абырой, кінә, түс, обал сияқты абстракты зат есімдер сол түбір қалпында ол топтың бірінші сыңары болып айтылмайды.

Бірқатар зат есімдер, жоғарыдағыдай, анықтауыштық құрамда жұмсалу үшін ол екеуінің алдында басқа анықтауыштар болуды керек етеді:

а) Аяқ жол деп айтылмайды, жалғыз аяқ жол дегенде ғана олар анықтауыштық құрамға енеді.

Арқа отын деген жалаң айтылмайды, бір арқа отын дегенде, оның алдында сан есімнен анықтауышы болса ғана екі зат есім қатар тұрып тіркесе алады.

ә) Сол сияқты, қайнатым шай, үзім нан, асым ет қалпында етістікьің аяғына –ым, -ім жұрнағы жалғанып болған зат есімдермен басқа зат есім сандық анықтауышсыз бір топ құра алмайды, бір қайнатым шай, бір үзім нан, екі асым ет сияқты құрамда айтылады.