Сөз тіркесін топтастыру принциптері

сөз тіркесінің топтастыру принциптерінен мәлімет беру.

  1. Тіл ғылымында сөз тіркесін бірқатар ғалымдар сөйлем мүшелерінің ыңғайында топтастырады. Олар тіркескен сөздердің өз ара мүшелік қарым-қатынасына қарай сөз тіркесін „предикативтік” және „предикативтік емес” деп екіге бөледі де, соңғыдан „толықтауыштық”, „анықтауыштық”, „пысықтауыштық” сөз тіркестерін шығарады. Сөз тіркесін бұлай топтастыру сөздердің өз ара тіркесу ерекшеліктеріне негізделмей, сөйлем мүшелерінің өз ара тіркесіне негізхделген болады. Егер сөз тіркесін „сөйлем мүшелерінің тіркесі” деп есептейтін болсақ, оның синтаксистік ерекшеліктерін елемей, сөйлемнің синтаксисімен араластырып жіберген боламыз. Бұл – бір. Екіншіден, сөз тіркесі мен сөйлем мүшелерінің жігі бір емес. Мысалы, кен байлығы, мал дәрігері, қос ауыз, қазан, пышақ сияқты сөз тіркестері бір-бір күрделі мүше болып жұмсалуы мүмкін. Сондықтан ол топтастыруды қанағаттанарлық деп айтуға болмайды. Рас, сөздер бір-бірімен тіркесу нәтижесінде белгілі мүшелік қатынаста айтылады. Бұл жағдай сөз тіркесінің синтаксисінде еленеді, бірақ оынң ең басты белгісі бола алмайды.
  2. Сөз тіркесін топтастыру принциптерін дұрыс белгілеу үшін сөз тіркесінің зерттеу объектілері нелер екенін, оның басты-басты ерекшеліктерінің нелер екенін ашу керек. Сөз тіркесі синтаксисінің негізгі объектісі – сөйлем мүшесі емес, сөз. Сөздердің өз ара тіркесуі – олардың грамматикалық қасиетінің бірі. Сөз тіркесінің синтаксисінде жеке сөз топтарының, олардың бөлшектерінің басқа сөздермен және өз ара тіркесу қабілеті, байланысу тәсілдері, сөздердің сөз тіркесін құраудағы қызметі айтылады. Осыларды негізге ала отырып, сөз тіркесінің құрамын, олардың мағыналарын, синтаксистік қызметтерін сөз ететін боламыз.
  3. Қазақ тілінің сөз тіркестері сөздердің өз ара тіркесу қабілетіне қарай есімді және етістікті болып үлкен екі салаға бөлінеді. Есімді сөз тіркесінде есім сөздердің бірі басыңқы болады да, етістікті сөз тіркесінде етістік басыңқы сыңар болады.

Есімді, етістікті сөз тіркестерінің құрамдары, түр-тұрпаты әр түрлі болады. Сөз тіркесіндегі сөздердің басын құрайтын және сөз тіркестерін жіктеуге критерий болатын синтаксистік тірек-сөздердің байланысу формалары. Есімді және етістікті сөз тіркестері сол байланысу формаларына қарай өз ара бірнеше топқа бөлінеді. Есімді сөз тіркестері қабыса, матаса, меңгеріле байланысады. Етістікті сөз тіркестері қабыса, меңгеріле байланысады (соңғы шылаулы, шылаусыз болуы мүмкін).