Көркем образдың түрлері

Образдың жасалу тәсілдеріне лайық оның түрлері туады. Образдың жасалу тәсілдерінің әр алуандығы сияқты, оның түрлері де әр алуан.

Образдың түрлерін белгілеудің бірнеше (әдістік, тектік, тәсілдік) факторлары бар. Көркемдік әдіс тұрғысынан келгенде, образ екі түрлі романтикалық образ, реалистік образ. Әдеби тек тарапынан келгенде, образ үш түрлі : эпикалық образ, лирикалық образ, драмалық образ. Ал жасалу тәсілдеріне бақсақ, образ тағы да бірнеше түрге : юморлық образ, сатиралық образ, фантастикалық образ, трагедиялық образ, геройлық образ. Т.б. Осылардың әрқайсының өзіне тән ерекшеліктері бар, оны білу әдебиетшіге ауадай қажет.

Әдебиеттегі көркемдік әдіс, негізінен екі түрлі (романизм, реализм), бұл мәселеге біз осы еңбегіміздің ақырғы тарауында арнайы тоқталамыз. Бұл жолы тек осынау көркемдік әдіс тұрғысын анықтағандығы образдың екі түріне, бұл екеуінің ерекшелігене ғана азырақ назар аударып өтпекпіз.

Романтикалық образ — әдебиеттегі адам бейнесінің байырғы түрлеренің бірі. Бұл образдың алғашқы үлгілері баяғы көне дүние әдебиетінде, оның “әрі өнген топырағы, әрі байлық қоры” боп табылатын мифте, қала берсе, қай халықтың болса да ауыз әдебиетінде жатыр.

Реалистік образ — әдебиеттегі адам бейнесінің ең сымбатты, шынайы түрі. Мұның сымбаттылығы да, шынайылығы да шыншылдығында ; бұл – кәдімгі өмірде болған, бар және бола беретін, бірақ қайталанбайтын, әрқашан бұрын – соңды белгісіз тың қырынан көрініп, ылғи жаңарып отыратын тип. Дұрысында, образ атаулының айырықша мағыналы, мәнді түрі де осы – реалистік образ. Өйткені бұл образдың эстетикалық идеалы – романтикалық образдағыдай бұлыңғыр емес, анық, адам қолы жетпейтін тым асқақ, алыс емес, қолмен ұстап, көзбен көргендей затты әрі жақын нәрсе. Сондықтан реалистік образдың эстетикалық – тәрбиелік мәні де, қоғамдық — өзгертушілік күші де айырықша үлкен.

Көркемдік әдіс секілді, әдебиеттің тегі туралы мәселені де біз осы еңбектің үшінші бөлімінде таратып талдамақпыз. Бұл жолы, жалғыз – ақ, осынау әдеби тектер (эпос, лирика, драма) тұрғысынан анықтағандағы образдың үш түріне, бұл үшеуінің ерекшелігіне ғана азырақ назар аударып өтпекпіз.

Эпикалық образ – кескін – кейпін, мінез – құлқы, іс — әрекетімен тұтас көрінген әрі толық жинақталған, әрі әбден дараланған тип. Мүсіндеу мен мінездеу, диалог пен монолог, түрліше сезімдер мен харакеттерді суреттеу секілді көркем бейне жасаудың көп – көп амал – тәсілдері әсіресе эпикалық образ үшін керек. Өйткені мұнда адамның түр – түсін де, ішін де, ісін де кең суреттеп, мол көрсетуге, терең әрі жан – жақты танытуға мүмкіндік бар. Оған эпикалық шығарманың өрісі де, құшағы да еркін жетіп жатыр.

Лирикалық образ – сыршыл, өлең – жырлардағы ақынның өз бейнесі; оның ішкі бітімі; ақынның мың иірім көңіл күйінен – нәзік сыры мен сылқым сезімінен өріліп жасалған өзгеше кейіпкер. Мұнда, эпикалық образдағыдай ұзақ, кең, мол суреттеліп, жан – жақты ашылған адамның сыртқы кескін – кейпі де, қым – қуыт шиеленісіп жатқан тағдыры немесе іс — әрекеті мен қимыл – харекеті де тұтасып көріне бермеуі мүмкін. Оның есесіне адамның аса терең әрі нәзік ашылатын ішкі сыры, мінез – құлқы, жан – тынысы айырықша әсем айшық табады.

Образдың жасалу тәсіліне байланысты түрлерін таратып, бас – басына сипаттама бермес бұрын, жалпы әдемілік туралы ілімде бірнеше (комедия және трагедия, геройка және фантастика дегендер тәрізді) эстетикалық категориялар болатынын білу шарт. Комедия ақиқат шындықтағы не адам мінезі мен бітіміндегі күлкілі жайлардан туса, трагедия бұған қарама – қарсы қайғылы құбылыстардан туатыны ; геройка аса бір асыл, аяулы қасиеттерден туса, фантастика асыңқы, асқақ әрекеттерден туатыны мәлім. Міне, осы тәсілдердің әрқайсысына лайық геройлық, трагедиялық, фантастикалық образдар болатыны сияқты, комедиялық тәсіл арқылы көркем образдың юморлық және сатиралық түрлері жасалады.

Юморлық образ – күлкілі кейіпкер ; юмор — өмірдегі кісі күлерлі құбылыстардың өнердегі сәулесі. Күлкі жоқ жерде юмор да жоқ. Ал күлкіні әншейін жеңіл – желпі нәрсе деуге болмайды. Күлкіде зор қоғамдық сипат, әлеуметтік сыр жатады.

Сатиралық образ – ұнамсыз тип. Сатирамен суреттелер құбылыс – керексіз, кесір құбылыс. Сатира өмірдегі кеселді, келеңсіздікті, кері кткендікті қаза қопарып, көптің көз алдына – көрініске шығарады, қағып – сілкіейді, мысқылмен түйрейді, сықақ етеді, көпті одан түңілтеді.

Фантастикалық образ – қиялдан туған қаһарман, адамның ақиқатқаұқсас арманында бедерленген бейне ; әдебиеттегі адам образының бағзы замандардан күні бүгінге дейін келе жатқан көне түрлерінің бірі.

Қай халықтың сөз өнері болсын, оның ең байырғы түрлерінің бірі – ертегі десек, сол ертегі түгелге жуық қиялға негізделетіні, ертегідердегі адам бейнелерінің көбінде қиял – ғажайып сипат болатыны мәлім. Бұл да фантастикалық образдың көнелігін куәландырса керек.

Трагедиялық образ да әдебиетте тым әріден келе жатқан адам бейнелерінің бірі. Трагедиялық образ ескі мен жаңы, адам мен қоғам, адамдық пен жауыздық арасындағы ымырасыз күрестен, бітіспес тартыстан, қайшылықтан, соның өзінде де мейлінше асыңқы, адам жаңіп болмас ауыр, азапты жайларды әдеби шығармада терең және шебер жинақтаудан туады.

Геройлық образ – ұнамды кейіпкер: адамға тән небір тамаша сипаттардың синтезі секілді сом тұлға, өз дәуірінің ең аяулы, асыл мұраттарынан туған тарихи тип.