Көркем шығармадағы тақырып пен идея бірлігі

Әдеби шығарма туралы әңгімен тақырыптан бастаған жөн. Өйткені тақырып — өнер туындысының іргетасы. Үйдің қабырғасын салып, төбесін жаппас бұрын іргетасы қаланатыны секілді, көркем шығарманың туу процесі де тақырыптан басталатыны даусыз. “Бәрінен бұрын тақырып пайда болады, — дейді Валентин Катаев, — пайда болады да, жазушыны азапқа сала бастайды. Тақырып санаға сіңіп, ойға орныққан сайын, адам, зат образдары, болашақ пейзаж жұрнақтары туып, тұтаса береді”.

Өнер өмірден туатын болса, суреткердің өмірден ең алдымен іздеп табары — өз шығармасының тақырыбы. Ал “тақырып дегенің ұйықтаған балық сияқты қарнын жоғары қаратып, өмірдің бетінде қалқып жүрмейді. Тақырып – тереңде, ағыс арасында, нағыз тұнық және тегеурінді иірімдер ішінде ; оны сол арадан іздеп таба біл, дөңбекшіген толқын, сарқырама сел астынан тауып ала шығы біл”. Демек, тақырып табу – бір күннің не бірер әрекеттің шаруасы емес, жазушының бүкіл қаламгерлік қимылының өн бойында жататын, творчестволық процестің барлық кезеңдеріне бірдей ортақ жұмыс. Егер творчестволық процестің үш түрлі (материал) жинау, жиналған материалды қорыту, қорытылған материалды жазу кезеңі бар десек, тақырып осынау үш кезеңнің өн бойында тұтас желі тартып жатады.

Сөйтіп, осы айтылғандарды әдебиет теориясының тіліне салсақ, жазушының шындық бомыстан таңдап, талғап алып, өзінің көркем шығармасына негіз, арқау еткен өмір құбылыстарының тобын тақырып дер едік.

Жазушы өз шығармасына тақырып етіп өмір құбылыстарын таңдап алғанда, оларға өзінің бағасын береді ; ол бағада жазушының дүниеге көзқарасы, таптық идеалы жататыны сөзсіз. Себебі “Әдебиетші – таптың көзі, құлағы және үні. Ол өз табының көңіл күйін, тілегін, қамын, үмітін, құштарлығын, мүддесін, қасиетін қабылдайды, қалыптастырады, суреттейді”.

Осы айтылғандарды әдебиет теориясының тіліне салсақ, егер тақырып – жазушы суреттеп отырған өмір құбылысы болса, идея – жазушының сол өзі суреттеп отырған өмір құбылысы туралы айтқысы келген ойы, сол өмір құбылысына берген бағасы дер едік.

Анығырақ айтқанда, жазушы өзі бейнелеп, суреттеп отырған өмір құбылыстары арқылы оқырман назарын неге айдарса, қайда бағыттаса, сол – идея !

Идеясыз шығарма болмайды және болуы мүмкін емес.

Мазмұн мен пішіннің байланысы секілді тақырып пен идея да әрқашан бірлікте болады. Тақырыптан идея, сондай – ақ идеядан тақырып туып жатады. Идеясыз тақырып, тақырыпсыз идея болуы мүмкін емес.

Бір шығармадағы бірнеше және әр алуан жеке тақырыптар мен идеялардың басын бір жерге қосып, бір арнамен өрбітіп тұрған бірегей, өзекті мәселені негізгі идея дейміз. Бұл жайтты байыптап қарасақ, шығарманың негізгі идеясына айналған өзекті мәселе ондағы з бетімен жеке – жеке өрбіген өзге мәселелерді жоққа шығармайтынын, қайта өзі солардан тұтасып құралатынын, керісінше, жеке мәселелер өзекті мәселені әлсіретпейтінін, қайта толықтыратынын аңғару қиын емес. Әрбір көркем шығарманың жалпы “өнер туындысында азаматтық правосы бар өзекті мәселесі” (Короленко) – негізгі идеясы, міне, осылай қалыптасады.

Тенденция – орасан мәндес нәрсе. Тенденция – шындықты суреттеудегі қаламгерге тән құштарлық, оның қоғамдық көзқарасының тұғыры, ой өзегіндегі мығым принцип Бұлар жоқ жерде пафос жоқ, ал пафоссыз шығарма – отсыз, жалынсыз нәрсе. Өмірдегі опасыздық жайлы жазғанда Гоголь оны әрқашан өзіне “нағыз жан түршігер зәбір берген қас дұшпан кейпінде суреттеуге бар күшін салған”. Суреткер табиғатындағы бұл секілді мызғымас, мықты тенденцияны Бальзак бас ұра қадірлеп, “жазушыны жазушы ететін қастерлі нәрсе – принципке жан – тәнімен берілу” деп білген. Ал Белинский болса “поэтикалық идея — силлогизм де, догмат та, ереже де емес, жанды құштарлық, жалынды пафос” екенін ашып айтқан.

Авторлық идея – суреткердің о бастағы ой өзегі ; обьективтік идея – нақты шығармадан туатын мақсатты нәтиже. Бұл екуі ылғи бірдей бола бермейді. Дәлірек айтқанда, автор өзінің ойға алғанын жазу үстінде дәл өз ойыдағыдай жиақтай беруі қиын. Кейде тіпті авторлық идеяға обьективтік идея керағар кеп, қарама – қарсы шығуы да мүмкін.

Тақырып пен идея — әдеби шығарманың мазмұны. Ал әдеби шығарма мазмұнды болуы үшін, Ибсен айтқандай, әдебиетшінің өмірінің өзі мазмұнды болу қажет. Көркем творчество суреткердің өмір тарихымен тығыз байланысты. Сондықтан әрбір қалам иесі шығармаларының тақырыбын байыту үшін, алдымен, өзінің өмір тәжірибесін байыта түсуге тиіс. Ол үшін қаламгер өмірмен қоян – қолтық араласып, жиі – жиі сапарға шығып, халықтың қалың ортасына сіңіп кетуге тиіс.