Әдебиеттануға кіріспе пәнінің салалары

аьиғатына тән ең бір қарапайым қағидалар, ілкі түсініктер “” Әдебиеттануға кіріспе деп аталатын арнаулы пән арқылы талданып, тексеріледі. Одан арғы күрделі мәселелердің бәрі әдебиеттанудың өзге салаларының үлесіне қалады. Ал әдебиет туралы ғылым, негізінен, мынадай үш түрлі ғылыми салаға бөлінеді: әдебиет теориясы, әдебиет тарихы және әдебиет сыны.

Әдебиет теориясы көркем әдебиеттің болмысы мен бітімін, әдеби шығарманың сыры мен сипатын, әдеби дамудың мағынасы мен мәнін байыптайды. Әдебиеттің өзіне тән ерекшелігін, оның қоғамдық қызметін, көркем шығарманы талдаудың принциптері мен методикасын, әдеби жанрлар мен оның түрлерін, өлең жүйелерін, тіл мен стиль, әдеби ағым мен көркемдіс әдіс мәселелерін түп-түгел тек әдебиет теориясынан ғана танып-білуге болады.

Сонымен, әдебиет теориясын білмей, қандай да болса әдеби құбылысты нәзік түсіну, шынайы сөз өнерінің шындық өмірге қарым-қатынасын білу, әдебиеттің өсіп өрбуіндегі заңдылықты ұғу, керек десеңіз, бүкіл ілгерішіл адам баласының жалпы көркемдік дамуындағы сыр-сипатын тану мүмкін емес.

Әдебиет теориясының ереже секілденген эстетикалық қағидалары мен қисындары-әншейін ойдан туа салған нәрсе емес, әдебиет тарихы арқылы табылып, тексеріліп, жүйеленген ұшан-теңіз нақты әдеби деректерді терең талдау, пайымдау нәтижесінде қорытылған толғамдар, түйін-тұжырымдар.

Әдебиет тарихы, сөйтіп, жек алғанда, бір елде, жалпы алғанда, бүкіл адам баласының тарихында көркем әдебиеттің қалай пайда болғанын, қайтіп қалыптасқанын, қандай жолдармен дамығанын зерттейді. Қай халықтың болсын, атамзамандағы сәбилік шағында, жазу-сызуы жоқ кезінің өзінде ауыз әдебиеті өрбігені, одан ілгерілей келе жазба әдебиеті туып, дамығаны мәлім. Әр халықтың осындай көркемдік даму сапарын саралайтын да, сын көзіме сұрыптап, сарапқа салатын да әдебиеттің тарихы. Сонымен қатар бұл ғылым әр дәуірдің әдеби нұсқасына тарихи тұрғыдан қарап, оның сапасын сол тұстың сана сатысына, ой өрісіне байланыстыра тексереді. Олай етпей, ауыз әдебиетінің нұсқалары болсын, жеке жазушылар творчествосы болсын, әділ бағаланып, әдеби дамудағы өзіне лайық орнын алуы мүмкін емес. Әдебиет тарихын зерттеушілерге ең басты талап дәл осы тұрғыдан қойылады.

Әдебиет сыны әрқашан дәл өз тұсындағы әдебиеттің тірі процесіне белсене араласып, нақты әдеби туындыны жан-жақты талдау, оның идеялық – көркемдік құнын белгілеу, өз кезінің эстэтикасы үшін мәні мен маңызын анықтау арқылы, бір жағынан, жазушыға жазғандарының бағалы қасеттерін, ерекшеліктері мен кемшіліктерін көрсетіп, оның творчестволық өсуіне тікелей қолқабыс жасаса, екінші жағынан, оқырманды оқығандардың байыбына барып, оны жете түсініп, дұрыс бағалауға баулиды. Бұл ретте, сыншыны жазушы мен оқырманның екеуіне ортақ – ара дәнекер десе де болар еді. Бірақ бұл аз. Сыншы – қалың оқырманның өскелең талабы мен талғамының жаршысы, әдеби құбылысты жалпы мемлекеттік мүдде тұрғысынан пайымдайтын қоғамдық ой – пікірдің озғын өкілі.

Әдебиет туралы ғылымның жоғарыда сөз болған негізгі салаларынан басқа жанама тараулары да бар. Олар – текстология, историография және библиография.

Текстология — әдеби туындылардың тексін (мәтінін) зерттеп, танудың принциптерін мен әдістемесін жинақтайтын арнаулы ғылыми пән. Текстология көркем шығарманың тұрақты тұпнұсқасын белгілейді, оның автор қолымен жасалған ақтық редакциясын анықтайды, әр алуан вариантын өзара салыстырады, әр басылымын автографпен салыстырады, текстің автор еркінен тыс қысқарған жерлері немесе бөгде қолмен орынсыз өзгертілген тұстары болса, қалпына келтіреді, тұпнұсқаны көшіріп басқандар мен әріп терушілер тарапынан кеткен, ең арғысы, емле қателері болса да ұқыппен түзеп отырады.

Историография — әдебиет теориясының, тарихының, сынының ғасырлар бойы тарихи дамуы туралы дәйектемелер мен деректер, мәліметтер мен материалдар жинағы. Мұның өзі, көбіне, бырыңғай ғылыми мақсат үшін керек. Әдебиеттің теориясына, тарихына, не сынына қатысты қандай арнаулы мәселе болсын, оны зерттеудің көлемі мен тереңі, мәні мен маңызы сол мәселенің историографиялық материалының мөлшері мен мазмұнына қарап белгіленеді.

Библиография – көркем әдебиеттің өзіне және әдебиет туралы ғылымға байланысты көрсеткіштер мен анықтамалар, шолулар мен сілтемелер жиынтығы. Бұл да, көбіне, ғылыми мақсат үшін керек. Әдебиет пен әдебиеттану тарапындағы қандай арнаулы зерттеулер болсын, оған қажет нақты материалдардың – текстер мен тексерулердің, сын – мақалалар мен зерттеу еңбектерінің бәрін библиографиялық көрсеткіштер мен анықтамалар арқылы іздеп тауып, пайдалануға болады.