Сөз таптарының шығуы мен дамуы.

Тілімізде “есімдер” деп аталатын топқа жататын сөздердің грамматикалық кластары тарихи даму тұрғысынан бір – бірімен ұштасып, байланысып жатады. Мысалы, зат есімнің жеке семантикалық топтарының қалыптасуы жайлы айтқанда дәл сондай тұлғалы сын есімдер тобының қалыптасуына назардан тыс қалдыруға болмайды. Сондай-ақ, зат есімдер мен сын есімдер жайында әңгімелегенде солармен орайлас қолданылатын сан есімдер мен есімдіктерге де соқпай кетуге болмайды. Бұлардың қазіргі тіліміздегі қызметі мен қолданыс жағынан ыңғайластығы олардың тарихи қалыптасу ерекшеліктерімен ұштасып жатады.

Сөздердің грамматикалық кластарға жіктелуі сөйлем ішіндегі мәні мен қызметіне байланысты болған құбылыс. Айталық, сөйлем құрамында үнемі бастауыш қызметінде жұмсалу, яғни, айтылатын ойдың иесін білдіріп, басқа сөздерге тәуелсіз қолданылу зат есімдердің дербес, тәуелсіз қолданылатын сөз ретінде қалыптпасуына мүмкіндік жасады. Акад. И.И.Мешанинов бұл туралы: “Зат есім өзінің сөйлемде заттық мағынадағы мүше болуымен жіктеліп шықты” – дейді. Ал сол зат есімдермен іргелес, соларға бағынышты қолданылатын сын есімдердің сөз табы ретінде қалыптасуы туралы индоевропа тілдерінің материалдары негізнде акад. В.М.Жирмунский: “Грамматикалық жағынан тұлғаланған сын есімдер категориясының қалыптасуы, яғни, есімдердің зат есімдер мен сын есімдерге жіктелуі, индоевропа тілдерінде салыстырмалы грамматика әдістері арқылы көрінеді” – дейді. Нақ осы тұжырымды түркі тілдеріндегі, солардың бірі – қазақ тіліндегі зат есімдер мен сын есімдерге де қолдануға болады. Алтай тілдері тарихын зерттеушілер де сөз таптарының қалыптасуы туралы осыған ұқсас пікір айтады. Сонымен, есім сөз таптарының грамматикалық класс ретінде қалыптасуы тек зат есімдер мен сын есімдер арасындағы байланыстан ғана көрінбейді, олардың басқа топтарының да алдыңғы екі топқа қатысынан байқлады.

Бұл айтылғандарға қоса акад. И.И.Мешаниновтың сөздердің атрибут мүше болып жұмсалуынан сын есімдер, пысықтауыш мүше ретінде жұмсалуынан – үстеу қалыптасты дейтін ескертпесін еске алу керек. Егер осы айтылғандардың бәрін қорытындылай келсек, есімдердің әрі грамматикалық класс болуымен бірге, лексикалық та топ екендігін, осы ерекшеліктердің өзі, айналып келгенде, олардың тарихи қалыптасуынан туғандығын көреміз.

Есім сөз таптарының ішінде оқшау тұратыны – үстеулер. Үстеулер шығу төркіні, қалыптасу тәсілі жағынан да әр қилы. Морфологиялық жағынан үстеулер бірде есім негізді болса, бірде етістік негізді болып отырады.

Есімдердің бір тобы – сан есімдер түп негізі жағынан басқа сөз таптарымен ұштасып жататын тіл білімінде әр кез айтылып келеді. Егер сандық ұғымды білдіретін сөздердің қалыптасуы аналитикалық ойдың синтездеу дәрежесіне көтерілуінің нәтижесі екннін еске алсақ, мұндай пікірдің дұрыстығы әсте талас туғызбайды.

Сонымен, есім сөз таптарының дамуы, тарихи өзгерісі олардың біыңғай қалыптасуна алып келді. Есім сөз таптарын, оларға тән категориялар мен тәсіолдерді тарихи тұрғыдан қарастырғанда да осы ерекшелік ескерілуге тиіс болады.