Жалғаулықтар мен демеуліктер

Жалғаулықта- бірыңғай сөйлем мүшелері мен сөйлемдерді байланыстыру қызметін атқаратын көмекші сөздер.

Жалғаулықтар байланыстыратын сөздері мен сөйлемдеріне бірдей қатысты болады. Жалғаулықтар өздерінің атқаратын қызметіне қарай ыңғайластық, қарсылықты, талғаулықты, себептік, салдарлық, шарттық, ұштастырғыш жалғаулықтар деген 7 түрге бөлінеді.

  1. Ыңғайластық жалғаулықтар мағына жағынан өзара ыңғайлас сөйлем мүшелерін байланыстырады. Оларға мен, және, әрә, да көмекші сөздері жатады. Бұл жалғаулықтардың өз ішінде де бір-бірінен қолданылу ерекшеліктері болады. Мәселен, мен байланыстыру барысында топтау мәнін берсе, және жалғаулары даралап атау, ал әрә, да шылаулары тізбектей айту қызметін аңғартады. Мысалы: Құлақтан кіріп бойды алар.Жақсы ән мен тәтті күй. Талаптың өзі де әр түрлі болады және сол талаптардың қайсысының соңына түссе де, бірінен-бірі өнерлі, тұрлаулырақ келеді.
  2. Талғаулықты жалғаулықтар. Жалғаулықтардың бұл тобына әлде,біресе, я, немесе, не болмаса, мейлі т.б. шылаулар жатады. Бұл жалғаулықтар сөйлем мүшелерін не сөйлемдерді байланыстыруда таңдау, талғау немесе кезектестіру мағыналарын береді. Талғаулықты жалғаулықтардың тағы бір еркешелігі кейде қайталана қолданылуы. Мысалы: Бірде оны жарылқап, бірде мұны, қуды ұнатты-ау, Семейдің бұл қаласы (Абай).
  3. Қарсылықты жалғаулықтар жіп-жіңішке, бірақ мықты, дауысы жай, бірақ түсінікті дегендегідей бірыңғай мүшелерді байланыстырғанымен, негізінен қарама-қарсы мағынада айтылған сөйлемдерді байланыстырады.

Қарсылықты жалғаулықтарға әйтсе де, әйткенімен, дегенмен, сөйтсе де, сонда да, бірақ, алайда т.б. шылаулар жатады. Мысалы: Аудан есікті кең ашты, бірақ алғашқы бетте-ақ Жомарт аудан басшыларының кейбіреулерінің көңіліне ылғал салды.

  1. Себептік жалғаулықтарға себебі, өйткені, неге десең шылаулары жатады. Бұл жалғаулықтар қатар келген екі сөйлемнің не құрмалас сөйлем бөліктерінің себептерін ашып түсіндіру үшін қолданылады. Мысалы: Ешкім жауап қайырмады, өйткені оның не деген естіген адам да жоқ еді.
  2. Салдарлық жалғаулықтар құрмалас сөйлемнің басыңқы бөлігінде айтылатын іс-әректтің, амалдың нәтижесі екенін білдіретін шылау сөздер. Оларға сондықтан, сол себепті сөздері жатады. Мысалы: Қараша ауылдың мұндай киімдер тек жиын-тойда ғана киіледі, сондықтан тозуды білмейді.
  3. Шарттық жалғаулықтар көп емес, оған егер, егер де, алда-жалда сияқты сөздер жатады. Егер аңға шыға қалғандай болса, кездік керек болып қалар.
  4. Ұштастырғыш жалғаулықтар. Шлаулардың бұл түріне ал, ендеше, демек, яғни сөздері жатады. Мысалы: Өзіңе тимеген екем, ендеше қақтықпа ағайын.

Демеуліктер деп өздері тіркесетін сөздерге әр қилы қосымша реңтер жамайтын сөздерді айтамыз. Лексика –грамматикалық мағыналары жағынан демеулік шылаулар сұраулық, шектік, нақтылық, күшейткіш, болжалжалдық, болымсыздық, қомсыну демеуліктері болып бөлінеді.

  1. Сұраулық демеуліктер. Сұраулық мәнде қолданылатын демеуліктердің қатарына ма (ме, ба, бе, па, пе, ша, ше) шылау сөздері жатады. Бұл демеуліктер контексте қолданылу жүйесіне қарай, әр қилы грамматикалық формалары әр түрлі сөздермен тіркесе береді. Мысалы: Ерте ме, кеш пе, пайдаға ма, зиянға ма, сен де барыңды бересің.
  2. Күшейткіш демеуліктер. Күшейту мәнін беру үшін қолданылатын демеуліктердің қатарына –ау, -ай, -ақ, да, те шылаулары жатады. Олар сөйлемде берілетін ойға , не ондағы жекесөздер мен сөз тіркестерінің мағынасына қосымша күшейткіш мән жамау үшін қолданылады. Мысалы: Ертең емес, бүгі-ақ, қазір-ақ жүрсек етті.
  3. Нақтылық демеуліктер. Бұл демеуліктер жеке сөздер мен сөз тіркестерінің мағыналарын, сөйлемде айтылатын ойды нақтыландыра, тұжырымдай түсу үшін қолданылады. Оларға қой (ғой), -ды (-ді, -ды, -ті) демеуліктері жатады. Мысалы: Елдің келемеж етіп, шашып жүрген лақабы ғой. Олар елге пана-ды, Олар елге аға-ды.
  4. Шектік демеуліктер белгілі нәрсеге, іс-әрекетке, амалға, сын-сипатқа, мезгілге т.б. шек қоя тұжырымдап айту үшін қолданылады. Ондай демеуліктер қатарына қана (ғана), -ай шылаулары жатады.

Қана демеулігі атау формадағы, тәуелдеулі, септеулі есім сөздерге, сын есімдерге, мезгіл, мекен мәнді сөздерге етістік формаларына тіркесіп қолданыады да, оларға шек қою мәнән үстейді. Мысалы: Бірен-саран үйшіктердің маңдарында әлсіреген оттар ғана жылтырап көрініп, ақырын күңкілдеген дыбыстар ғана естіледі.

-ақ демеулігінің негізгі мағынасы күшейту болғанымен, қолданылу ерекшелігіне қарай, шек қою, тежеу мағыналарын да білдіреді. Мысалы: Мен бүгін ас жемесем де, қуанышпен-ақ тоқпын.

  1. Болжалдық демеуліктерге –мыс (-міс) және –ау шылаулары жатады. –мыс (-міс) демеуліктері жеке сөздер арқылы, сөз тіркестері арқылы және сөйлем арқылы берілген ойға күмандану, болжалдау, көмескілендіру, сенімсіздік білдіру, мысқылдау, кекету мәнін жамау үшін жұмсалады. Мысалы: Зәрі қатты қырсық әкені Абай қатты кінәлапті-мыс.

-ау демеулігінің негізгі мағынасы күшейту реңін үстеу болғанымен, кейде қолданылу ерекшелігімен байланысты өзі тіркесетін сөзге болжалдық мән жамау үшін де жұмсалады. Мысалы: Мылтығы сорайған солдат осы қашып кетер-ау көшемен деп ойлады Асқар.

  1. Бролымсыздық демеуліктері. Түгіл демеулігі зат есім, сын есім, сан есім, есімдер, қимыл атауларына тіркесіп, болымсыздық мағына жамайды. Мысалы: Жазғы ауыл түгіл, қысқы қыстауды да бірге салдық.

Тұрсын, тұрмақ сөздері де түгіл септеулігімен әрә мағыналас, әрі қызметі жағынан да пара-пар түсетін демеулік шылаулар деуге болады. Мысалы: Өзгертті соғыс ауа райын, Қарт тұрсын шекті жылап бала уайым.

  1. Қомсыну демеулігіне екеш шылауы ғана жатады. Ол тіркесетін сөзге қомсыну, кесіну, тіпті кейде мұқату сияқты мағыналық реңтер үстейді. Бұл шылау көбінесе есім сөздерге тіркеседі де, олардан үнемі кейін, поспозициялық қалыпта тұрады. Мысалы: Құс екеш құс та балапанын ұядан қияға ұшырып үйретеді.