Рай категориясы

Адам сөйлегенде белгілі бір жайт туралы толық хабар беріп қана қоймайды, соған қатысты өзінің көзқарасын, көңіл-күйін, ой құбылысын да қоса білдіріп отырады. Сөйлеушінің я жазушының көңіл қошының осындай сәттері модальдік (орайлық) реңк деп аталады.

Сөйлеу тілінде көңіл қошына, ой көлеңкесіне қатысты әр қилы реңктер, әдетте, сөйлемдегі сөздердің, сөз бөлшектерінің, сөз тіркестерінің түрлі-түрлі қарым – қатынастарынан туады, солардың мағыналарынан көрініп отырады. Тілдегі осындай бір – біріне қатысты, жеке – жеке модальдылық мағыналардан жалпы грамматикалық категория болғандықтан, модальдік мағыналар синтаксисте де, морфологияда да ұшырасады. Сөйлемнің модальдігі бүкіл сөйлемге тән құбылыс болады да, көбінесе лексикалық, интонациялық тәсілдер арқылы жарыққа шығады. Сол себептен сөйлем модальдігі, әдетте, синтаксисте арнайы қарастырылады. Ал модальдік категориясының көптеген мағыналары морфологиялық дәнекерлер арқылы, солардың ішінде көбінесе етістіктің рай формалары арқылы жасалатындықтын, бұл мәселе морфологияда да қаралады. Бірақ морфологиялық құбылыстардың (райлардың) мазмұны синтаксиспен тығыз байланысты болады. Сол себептен модальдік мазмұн сөйлемнен жеңіл айқындалады. Осыған орай рай категориясы, оның формаларының мағыналары, қызметтері және қолданылу ерекшіліктері сөйлемге байланысты талданады.

Сонымен, сөйлеуші лебізінің я сөйлеуші пікірінің ақиқат шындыққа қатысын білдіретін тілдегі тиісті фонетикалық, лексикалық, грамматикалық тәсілдер және олар арқылы берілу жүйесі модальдік (арай) категория деп аталады.

Модальдік категорияның етістік формалары арқылы берілетін амал – тәсілдерінің жүйесі етістіктің райы деп аталады.

Етістіктің райы – мазмұн жағынан да, форма жағынан да аса бай категория. Мысалы: мен барайын, мен барайыншы, мен барарма екенмін, менің барғым келеді… тәрізді жай сөйлемдердегі етістік формаларын алсақ, олардың әрқайсысында өзіне ғана тән, өзгелерінде жоқ модальдік мән бар. Ал сол модальдік мәндердің қай – қайсысы болысып етістіктің тиісті формалары арқылы беріліп, сол формалар арқылы, қашан да болсын сараланып отырады. Рай категориясы етістіктің грамматикаланған синтетикалық және анаметикалық формаларының бәрімен байланысты.

Модальдік категория арқылы айтылатын пікірдің ақиқатқа қатынасы не реальді болып, не неғайбыл болып көрінуі тиіс. Осындай ерекшеліктерге қарай яғни, амалдық ақиқатқа қатысын білдіруіне қарай, етістік райлары іштей сралаланып, ашық (негізі) райлар және неғайбыл (жәрдемші) райлар деп аталатын екі салаға бөлінеді. Олардың негізгі сипаттары мен айырмашылықтары мынадай:

1) Ашық райда арнаулы грамматикалық көрсеткіштер болмайды, неғайбыл райларда арнаулы қосымшалар болады. Амалтика граматика жағынан ашық рай амалдық реальді екенін, ал неғайдыл райлар амалдық реальді емес екенін білдіруіне орай бір – біріне қарсылас категория деп танылады.

2) Ашық рай, амалды реальді етіп көрсеткендіктен, мезгіл ұғымымен өткен, қазіргі және келер шақтармен байланысты болады да, сөйлеу тілінде сол шақ формалары арқылы көрінеді. Ал неғайбыл райлар амалдық реальді емес екенін білдіріп, олардың бұйыру, қалау, шарт ету тәрізді модальдік реңктер түрінде айтады да, тек келешекте мегзегені ғана болмаса, шақ категориясына тікелей қатыспайды.