Есімдіктердің лексика-грамматикалық топтары

Лексика-семантикалық және грамматикалық өзгешеліктеріне байланысты өсімдіктер бірнеше топқа бөлінеді. Тілде, сөйлемде атқаратын қызметіне қарай өсімдіктерді мынадай жеті топқа жіктеу дәстүрі бар: жіктеу есімдіктері, сілтеу есімдіктері, сұрау есімдіктері, өздік есімдігі, белгісіздік есімдіктері, жалпылау есімдіктері және болымсыз есімдіктері.

Жіктеу есімдіктері. Жіктеу есімдіктері әрқашан белгілі бір жақты көрсету үшін жұмсалады. Бұл — оның басқа есімдіктерден басты өзгешелігі ретінде танылады.

Жіктеу есімдіктерінің бұдан басқа да ерекшеліктері бар. Жіктеу есімдіктерінің барлығына да меншіктілікті білдіретін -нікі, -дікі жұрнағы жалғанады: менікі, сіздікі т. б.

Бірінші, екінші жақтағы жіктеу есімдіктерінің бәріне де жіктік жалғауы жалғана береді: сендерсіңдер, біздерміз, менмін, сенсің т. б.

Жіктеу есімдіктерінің бәрі де септік жалғауларын жалғап, барлық септіктерде түрлене алады.

Жалпы, есімдіктерге тән құбылыс болмағанымен, жіктеу есімдіктеріне жұрнақ жалғанғанда, жаңа сөздер жасалып жатады: мендік, сендік, менше, сенше, менменсу, меншіктену т. б.

Сілтеу есімдіктері. Есімдіктердің бұл түрі сөйлеушімен аралық қатынасқа байланысты сөздердің орны­на қолданылады. Осыған байланысты сілтеу есімдіктерінің сөз объектісі болып отырған заттың немесе құбылыстың алыс я жақын екендігі білініп тұрады. Жолдар, жолдар — мінездері адамның, Сол жолдарды адамдар ғой жасаған (С. Мәул.). Қалашылар қалаға аялдамақ болған соң, солардың ендігі жәбірленгендерін көрмейін деп, артыма қарамай, тез Ақ-молаға жүріп кеттім (С. С). Бұл мысалдардан екі жайды байқауға болады: біріншіден, алдыңғы мысалда жолдық сөз болып отырған жерден сәл де болса қашықтығы, алыстығы танылады, ал өкінші жағдайда автордың сілтеу есімдігі арқылы әңгіменің арқауы болып отырған адамдарға логикалық екпін түсіргенін байқаймыз. Демек, екеуі де сілтеу есімдіктері саналғанмен, екеуінің стилистикалық қызметі екі түрлі екені білініп тұр.

Сілтеу есімдіктерінің бәрі бірдей өзге сөздердің орнына жұмсала бермейді. Мұндайға «қабілеттісі» де, «қабілетсізі» бар. Бұл, мына, мынау, ол, осы, ана, анау, сол есімдіктері өзге сөздердің орнына қолданылады да, міне, әне, сона, сонау, осынау есімдіктері өзге сөздердің орнына қолданылмайды.

Морфологиялық жағынан да сілтеу есімдіктерінің өзгешеліктері бар.

Тәуелдік жалғаулары сілтеу есімдіктерінің ішінде кейбіреулеріне ғана жалғанады: мынауың, анауың, мынанікі, сонікі, онікі, осынікі т. б.

Өте бір сирек жағдайларда болмаса (солмын, мынаумын), жіктік жалғаулары сілтеу есімдіктеріне жалғанбайды.

Көптік жалғаулары талғаусыз жалғана бермейді. Кейбір сілтеу есімдіктері ғана көптік жалғауларын қабылдайды: осылар, солар, мыналар т.б.

Септелу де сілтеу есімдіктерінің бәріне тән бы­лыс емес. Айталық, осынауға, сонауға деуге болмағанымен, мынаның, ананың, мынаған, анаған, мынамен, анамен т. с. с. септеуге болады.

Сілтеу есімдіктерінен жаңа сөздер де жасалады. Морфологиялық тәсіл арқылы жасалғанда жалғанатын жұрнақтар мынадай болып келеді:

-ша (-ше), -шама, -шалық, -лай, -лайша. Мысалы: сонша, соншалық, соншама т. б. -дай, -гі: мұндай, әнеугі т. б.

Жатыс септігінің жалғауы: осында, онда, мұнда т. б.

Синтаксистік тәсіл арқылы жаңа сөз жасалғанда көп жағдайда сілтеу есімдіктері қосарланып келеді: анау-мынау, ондай-мұндай, осындай-осындай т. б.

Сұрау есімдіктері. Сұрау есімдіктері заттың атын, мекенін, мезгілін, амалын білу мақсатында қолданылады. Өздеріне жауап боларлық сөздердің қай сөз таптарына жататынына қарап сұраудың түрлері де тұлғалық жағынан құбылып отырады.

Лексика-семантикалық жағынан сұрау есімдіктері заттың атын білдіретін және заттың белгілерін, сапасын білдіретін сөздердің ыңғайына қарай қойылады.

Кім және одан туындайтын сұрау есімдіктері адамға байланысты қойылады да, не және одан туын­дайтын сұрау есімдіктері зат пен оның белгілеріне орай қойылады.

Морфологиялық тұрғыдан алғанда, сұрау есімдіктеріне қатысты біраз ерекшеліктерді байқауға бо­лады.

Кім? не? немене? сездері тәуелдік жалғауының оңаша, ортақ түрлерін де қабылдай береді: кімім, кімің, кіміңіз, нем, нең, неңіз, несі т. б. Басқалары не ерекше жағдайларда ғана тәуелденеді (қандайы? қаншасы? қайсы?), не мүлдем тәуелденбейді (қай? қашан? неше? т. б.).

Сұрау есімдіктерінің ішінде жіктік жалғауын қабылдайтындары — кім? қалай? қандай?: кіммін? кімсің? кімсіз? кімбіз? кімсіңдер? кімсіздер? қандайсыңдар? қандаймыз? т. б.

Септік жалғаулары арқылы кез келген сұрау есімдіктері түрлене бермейді. Кім? не? немене? сияқты сөздер болмаса, өзгелері барлық септікте септелуге «икемсіз».

Сұрау есімдіктерінің ішінде көптік жалғауын қабылдайтын да — кім? не? немене? сөздері: кімдер? нелер? неменелер?

Көптік мағына сұрау есімдіктерінің қосарлануы арқылы да белгілі болып отырады: кім-кім келді? Қандай-қандай кітаптар оқыдың? т. б.

Өздік есімдігі. Өздік есімдігі сөйлеушіні өзгелерден бөліп көрсету үшін, сондай-ақ меншікті айқындау үшін қолданылады: Болған соң өзім батыр, кімді аяйын, Өлтіріп, Төлегеннің атын алдым («Қыз Жібек»). Өз елімнің күнде ескеріп мақалын, Ерте тұрып, толғанып кеш жатамын (С. Мәул.). Онда қонып, ертең ерте өзіміздің елге қарай жүрдім (С. С.).

Қазақ тіліндегі өздік есімдігі тек «өз» сөзі болғанмен, әр түрлі қосымшалар арқылы оның көптеген түрлері жасалған: өзім, өзің, өзі, өзіміз, өздеріміз, өздерің, өздеріңіз, өздері.

Соз қолдану барысында, өздік зат есімнің тікелей алдында жұмсалғанда, бұл жалғаулардың түсіп қалатын кездері де болады: Түрікмен — өз үйіне өзі қонақ (мақал).

Өздік есімдігінің септелуі зат есімнің тәуелдеулі септелуіне сәйкес келеді: өзі, өзінің, өзіне, өзін, өзінен, өзінде, өзімен.

Өздік есімдігінен жаңа сөз жасалу процесі морфологиялық және синтаксистік тәсіл арқылы болып жатады.

Морфологиялық тәсілмен жасалғанда жалғанатын қосымшалардың негізгілері: -дай, -шіл, -дік, -ге, -ше, -дігінен, -сін — өзімдей, өзіңдей, өзіндей, өзімшіл, өзіндік, өзімше, өзінше, өздігінен, өзімсін.

Синтаксистік тәсіл өздік есімдігінің қосарлануымен көрінеді: өзімен-өзі, өз-өзінен, өзінен-өзі т. б.

Белгісіздік есімдіктері. Белгісіздік есімдіктері заттардың, құбылыстардың санын, сапасын, амалын, мекенін, мезгілін тұспалдап, көмескі айту үшін қолданылады: Кейбіреудің мақтағаны даттағанынан да сорақы (орыс мақалы). Қалың тоғайдың іші сыбдырлап ашылып, әлдекімге жол бергендей болды (Б. М.).

Белгісіздік есімдіктері қай сөз табының орнына қолданылатынына байланысты өзгеріп отырады. Айталық, бір, пей, әр сөздері сын есімдерге үйлес келсе; біреу, әлдекім, әлдене, әр нәрсе сөздері зат есімдерге үқсас, әлденеше, бірнеше сан есімдерге ұқсас болса, әлдеқалай, әлдеқашан, әлдеқайда үстеулерге ұқсас келіп, түрленіп отырады.

Белгісіздік есімдіктерінің күрделі түрлері дара түрлерінен жасалады. Мұндайда синтаксистік тәсілдің орны ерекше. Былайша айтқанда, дара белгісіздік есімдіктері басқа сөздермен бірігуі арқылы жаңа сөз тудырады: бірдеме, бірнеше, әлдекім, әлдене, әлдеқайда, әлденемене, әлдеқалай, әлдебір, әлдебіреу, кейбір, кейбіреу т. б.

Синтаксистік тәсілдің екінші түрінде белгісіздік есімдіктерді қосарлану арқылы күрделенеді: біреу-міреу, бәлен-түген, кей-кейде т. б.

Дара белгісіздік есімдіктерінен -ше, -дей, -ер жұрнақтары арқылы туынды белгісіздік есімдіктері жа­салады: пәленше, бірер т. б.

Болымсыздық есімдіктері. Болымсыздық есімдіктері әлдебір затты, құбылысты жоққа шығару үшін жұмсалады. Олар болымсыз сөйлемде кездесіп оты­рады: Әуелі келісіп алайық: сіз еш нәрсені жасырмаңыз, мен еш нәрсені қоспайын (Ғ. Мүс). Ешкім екі рет жас болмас (орыс мақалы).

Болымсыздық есімдіктері еш сөзіне әр түрлі қосымшалар мен сөздердің қосылуы арқылы жасалады: еш, ешкім, ештеңе (ештеме), ешбір, ешқайсы. ешқандай, сондай-ақ, бір де, бірде-бір, дәнеңе.