Грамматика пәні

Тілдің лексикасындағы сөздер заттар мен құбылыстардың, сапа мен белгінің және т.б. атаулары болып саналады. Сөз нені атаса да, оны жеке дара күйінде атайды. Мысалы түз, ас, дәм, кел, мақал, сөз, сән деген сөздер – жеке дара атаулар ғана; бұлардың әрқайсысында лексикалық мағына бар және әрқайсысы белгілі бір ұғымды білдіреді. Бірақ бұл сөздер өзара байланыспай, бір-бірімен тіркеспей, осы қалпында жеке дара тұрғанда, ойды білдіруге қабілетсіз. Бұл сөздер бір-бірімен тіркесіп, «Тұз астың дәмін келтірсе, мақал сөздің сәнін келтіреді» деген түрде айтылса, онда сөздердің бір-бірімен тіркесіп, өзара байланыста айтылуынан жасалған бұл сөйлемдегі ой бірден түсінікті болады.

Демек, тілдің қатынас құралы ретінде қызмет атқаруы үшін, оның лексикасындағы алуан түрлі сөздердің бір-бірімен тіркесіп, өз ара белгілі бір қарым –қатынаста, байланыста қолданылуы және олардың тіркесуінен сөйлемдердің құралуы шарт. Сөйлемдер, әдетте, сөздердің түрленіп тіркесуінен жасалады. Ал сөздердің түрленуі, өзгеруі, түрлі тәсілдер арқылы сөйлемде тіркесуі тілдің грамматикасы арқылы іске асады. Грамматика тілдегі сөздердің түрленуі, өзгеру ережелері мен сөздерден сөйлемдердің құралу ережелерін белгілейді.

Грамматиканың табиғатын жете түсіну үшін, ең алдымен грамматикалық абстракция туралы мәселе мен грамматиканың арқасында ойдың материалдық – тілдік қабыққа енуі туралы мәселені біліп алу қажет. Лексикалық абстракция бар да, грамматикалық абстракция бар. Тілдегі әр бір сөз бір тектес заттардың жиынтық тобымен ұштасады, оның әрқашан жалпылама мәні болады. Мысалы, «жолдың» тасты жол, асфальтты жол, ұзақ жол, қысқа жол, кең жол, тар жол болуы мүмкін, бірақ бұған қарамастан, жол деген сөз осылардың бәріне бірдей атау ретінде қолданылады. Сондай-ақ, кітап деген сөз жалпы кітап атаулыны білдіріеді. Сөздің жалпылаушы қасиеті бола тұрғанымен ол әр уақытта нақтылықпен байланысты болады. Осы нақтылық сөздің лексикалық мағынасын, оның даралығын айқындап белгілейді. Лексикалық тұрғыдан тау, көл, жол,қол, бел деген сөздердің айырмашылығы жоқ, өйткені грамматика үшін ең бастысы: бәрі де атау тұлғада, жекеше түрдегі зат есімдер. Бұл сөздердің лексикалық мағыналарының бір –бірінен айырмашылығы граммматика үшін басты нәрсе емес, грамматика нақты сөздер емес, нақтылығы жоқ сөздерді, жалпы сөз атаулыны ескереді. Бұл сөздер септелгеде, оларға әр септікте әр түрлі жалғаулар(-дың, -дің, -ға,-ге,-ды,-де, -дан,-ден, -мен) жалғанады. Бұл жалғаулардың алдына тау, көл, жол, қол, бел,ауыл, қала және т.б. осылар тәріздес сөздеодің қайсысы тұрмасын, оның грамматика үшін пәлендей мәні жоқ.

Сөйлемдер құру үшін де грамматика сөздердің нақтылы лексикалық мағыналарынан абстракцияланады. Осыдан келіп, белгілі бір сөйлемдегі бір сөзді, сөйлемнің құрылысын бұзбай –ақ, басқа бір сөзбен қалауымызша ауыстыра аламыз. Мысалы, Біз тауға бара жатырмыз деген сөйлемнің құрамындағы тауға деген сөздің орнына, ыңғайына қарай, көлге, ауылға, қалаға деген сөздердің, қайсысын болса да, біреуін қойып айта беруге болады.

Грамматика сөздердің бір-бірімен қатынасын білдіреді. Ол қатынас – белгілі бір сөздердің нақтылы қатынасы емес, ешбір нақтылығы жоқ грамматикалық. Бірақ грамматика қатынасқа ғана сүйеніп қоймайды, сонымен бірге мағынаға да сүйенеді. Бұл арада лексика мен грамматиканың арасында мынадай айырмашылық бар: лексикада мағына категориясы ең басты орынға, қатынас категориясы, кейінгі орынға ие болса , грамматикада ең алдымен қатынас категориясы, содан кейін ғана барып мағына категориясы мәлім болады. Бұған, қоса лексикадағы мағына категориясы грамматикадағы мағына категориясымен сәйкеспейді. Грамматикалық мағынаның лексикалық мағынадан басты айырмашылығының бірі сол, грамматикалық мағына логикалық ұғыммен ұштасады да, шындық өмірдегі заттармен тікелей ұштаспайды. Ал лексикалық мағына логикалық ұғыммен де, шындық өмірдегі заттар мен де ара қатыста болып, екуімен де ұштасалы. Грамматикалық жалпылау логикалық категориялармен өз ара қарым-қатынаста болатын белгілі бір грамматикалық категорияларға негізделеді. Ал грамматикалық категориялардың өзі де абстракциялардың жемісі. Грамматика өзінің ережелерін жасағанда, сөздер мен сөйлемдердің мағыналық нақтылығынан дерексізденеді, сөздердің өзгеруі мен сөздердің тіркесуінің негізінде жалпылық нәрсені негізге алады. Грамматикалық абстракцияныңерекшелігі міне, осындай.

Қатынас жасау пікір алысу ой жұмысы нәтижелерінің сөйлемдердегі сөздер мен сөз тіркестеріне негізделіп, соларға орнығып тұрақталуы нәтижесінде ғана мүмкін болады . Грамматика ойды материалдық – тілдік қалыпқа енгізуге, өзара пікір алысуға мүмкіндік береді. Сөйтіп ол тілде ұйымдастырушы қызмет атқарады.

Грамматика тілдің грамматилық құрылысын зерттейді. Грамматикалық құрылыс – белгілі бір тілдегі грамматикалық қатынастардың жүйесі. Грамматика бір-бірімен қатынасты екі сала – морфолгия мен синтаксистен құралады. Морфология – сөздердің морфологиялық құрлымы мен типтері, морфема мен оның түрлері, түрленуі, олардың формалары және сөздердің лексико-грамматикалық топтары туралы ілім. Ал синтаксис- сө тіркесі сөйлем, олардың құрлымы мен түрлері, сөздердің сөйлемде тіркесуі туралы ілім.

Тілдің грамматикалық құрылысын әр тұрғыдан – замандар бойында тарихи дамуы, қалыптасуы тұрғысынан немесе тілдің өмір сүріп тұрған кезіндегі қалпы тұрғысынан – қарастыруға болады. Мұнымен бірге, туыстас тілдердің грамматикалық құрылысы өз ара салыстыру тұрғысынан да қарастырады. Осыған орай грамматиканың бірнеше түрі болады. Тілдің грамматикалық құрылысын, ондағы грамматикалық категориялар мен грамматикалық формалардың пайда болуы мен біртіндеп қалыптасып дамуын тарихи тұрғыдан қарастырып баяндайтын грамматика тарихи грамматика деп аталады. Тілдің өмір сүріп тұрған дәуіріндегі қалпын қарастырып баяндайтын грамматика сипаттамалық грамматика немесе синхрониялық грамматика деп аталады. Туыстас тілдердің грамматикалық құрылысын, ондағы грамматикалық категориялар мен грамматикалық формаларды және түрлі-түрлі грамматикалық амал-тәсілдерді өзара салыстыру тұрғысынан қарастыратын грамматика салыстырмалы грамматика деп аталады.

Тіл білімінің әр бір саласының қарастыратын единицалары бар. Грамматика тілдегі грамматикалық единициаларды (морфеме мен сөзді, сө тіркесі менг сөйлемді) және ол единициалардың басын қосып ұйымдастыратын, қатынас жасауда іске жарататын, әрі олардың бір-бірінен жігін ажырататын тәсілдер мен құралдарды зерттейді. Грамматикалық единицалар мен грамматикалық категориялар және грамматикалық формалар мен тәсілдер осытараудың тиісті бөлімдерінде қарастырылады.

Аталған единицалардың (морфема мен сөз, сөз тіркесі мен сөйлем) ішінде екі жақты құбылыс ретінде қаралатын единица – сөз. Сөз тілдің лексикалық жүйесінің единицасы ретінде лексикологияда қарастырылғанда, жоғарыда атап өткеніміздей, біріншіден лексикалық мағынасы, мағыналық құрылымы жағынан, екіншіден, шығу тегі жағынан, үшіншіден, қолданылу аясымен шеңбері жағынан, төртіншіден, экспрессивті-стильдік сипаты жағынан қарастырылады. Ал сөз тілдің грамматикалық единицасы ретінде грамматикада қарастырылғанда, біріншіден, оның бойында лексикалық мағына мен бірнеше грамматикалық мағынаның ұштасып келуі жағынан, екіншіден, морфологиялық құрылымы мен құрылымдық элеметтері жағынан, үшіншіден, формалары жағынан, төртіншіден, лексика-грамматикалық топтарға қатысы жағынан, бесіншіден, сөз тіркесі мен сөйлемнің құралуына қатысы және олардағы қызметі жағынанқарастырылады.

Грамматикалық единица ретінде қаралатын сөздің басқа барлық единицалардың ішінде алатын орны да, атқаратын қызметі де айрықша. Сан алуан грамматикалық құбылыстар сөзден тарайды және сөзге келіп тірелмейтін, оның қатысы болмайтын бірде-бір грамматикалық единица жоқ десе де болады. Сөз, біріншіден грамматикалық жүйенің ішінде морфемамен өз ара тығыз байланысқа, қарым-қатынасқа түскен күйінде грамматикалық құрылыстың морфологиялық саласын құраса, екіншіден сөз тіркесі және сөйлеммен өз ара қарым-қатынасқа, тығыз байланысқа түсіп, олармен бірге грамматикалық құрылыстың синтаксистік саласын құрайды.

Сөз де, сөз тіркесі де сөйлем құрауға қажетті единицалар ретінде қызмет атқарады. Сөйлемнен тыс, тек соған керекті құрылыс материалы ретінде қаралатын сөз бен сөз тіркесі тілдің номинативті құралдарының қатарына енеді. Сөйлем ойды айтып жеткізудің негізгі құралы болып саналады да, сөз бен сөз тіркесінің коммуникативті қызметке қатысы жоқ деген ұғым тумауға тиіс. Мұндай қызметті оларда атқара алады.Бірақ сөз бен сөз тіркесі коммуникативті қызметті өздігінен, жеке дара күйіндеемес,сөйлем арқылы атқара алады. Сөз де, сөз тіркесіде сөйлемнің құрамында қолданылғанда, оның құрылымдық элементтері ретінде қарастырылады.

Әрбір тілдің өзіне тән белгілі бір құрылымы болады. Құрылым тілді құрастырушы единицалар – сөзде де сөз тіркесінде де, сөйлемде де бар. Тілдің құрылымына талдау жасау, сайып келгенде, оны құрастырушы тілдік единицалар — сөздің құрылымына талдау жасау болып шығады.

Грамматика сөздердің өзгеруін, түрленуін олардың сөйлемде тіркесу формалары мен заңдылықтарын зерттейді. Сөздер бір-бірімен грамматикалық қатынасқа түскенде ғана, олардан сөз тіркестері мен сөйлемдер жасалады. Грамматикалық қатынастар сөздердің аралығында ғана емес, сонымен бірге сөз тіркестерінің аралығында да,сөйлемдердің аралығында даболады. Осыған орай, грамматика сөздердің аралығындағы, сөз тіркестерінің аралығындағы, сөйлемдердің аралығындағы грамматикалыққатынастарды зерттейді. Грамматика үшін тілдік единицалардың арасындағы грамматикалық қатынастар ғана емес, сонымен бірге, тілдік единицалардың құрылымы да маңызды мәселе болып саналады. Мәселенің осы жағын аңғарта келіп, проф. Р.А.Будагов былай дейді: «…Грамматикада 1)сөздің құрылымы, 2) сөз тіркесінің құрылымы және 3) сөйлемнің құрылымы зерттейді. Грамматика сөздердің аралығындағы қатынастармен ғана емес, сөдің ішіндегі қатынастармен де шұғылданады, ол сөз тіркестерінің аралығындағы қатынастармен сөз тіркестерінің ішіндегі қатынастармен де шұғылданады. Сөйлем туралы да осыны айту керек: грамматикада оның құрылымы ғана емес, сөйлемдердің әр түрлі типтерінің аралығындағы байланыстарда зерттелінеді».