19 ғасыр тіл біліміндегі мектептер мен ағымдар

  • XIX ғасыр лингвистикасындағы ағымдар. Тіл білімі -өзінің бүгінгі көтерілген сатысына ішкі қайшылықтарсыз, талас-тартыссыз бірден жеткен жоқ. Оның даму тарихында әр түрлі ағымдар, пікір таластары болып отырды және қазір де бар. Ондай ағымдардың тууына түрткі болған себептердіц бірі — тілдің өзіндік табиғаты мен мәнін ашу мәселесі. Кейбір ғалымдар тілдің коғамдық мәнін дұрыс түсініп, оны қоғамдық кұбылыстар қатарыына жатқызса, енді бір топ зерттеушілер тілді табиғат құбылысы деп түсініп, оны зерттейтін ғылымды табиғат тану ғылымдары тобына қосты, тілді таза психикалық құбылыс деп санап, тіл білімін психология ғылымына тәуелді етпекші болғандар да болды. Осындай көзқарастағылар өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап өз алдарына лингвистикалық мектептер болып қалыптасты. Олардың қатарына натуралистік, психологиялық, жас грамматикалық деп аталатын лингвистикалық мектептер жатады.
  1. Натуралистік немесе биологиялық көзқарас. Натурализм латынның натура (жаратылыс) деген сөзінен шыққан. Натурализм жеке ағым ретінде керкем әдебиетте, өнерде, ғылымда XIX ғасырдың екінші жартысында Дарвин ілімінің әсерінен пайда болды.
  • Ғылымда натуралистер деп аталатындар — қоғамдық құбылыстарды зерттеуде жаратылыс заңдарын басшылыққа алып, мәселені соған негіздеп шешуге ұмтылушылар.
  1. Тіл біліміндегі натурализм кернекті неміс ғалымы, Россия Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Август Шлейхер (1821—1869) есімімен байланысты. А. Шлейхер—Салыстырмалы тіл білімінде тіл философиясын қалыптастырушылардың тіл фактілерін салыстыруда дыбыс құбылыстарының заңдылықтарын қатал сақтауды талап етушілердің, үнді-европалық ата тілді мүсіндеушілердің, тілдердің типологиялық ұқсастығы мен генологиялық ұқсастықтарын жан-жақты талдаушылардың көрнектілерінің бірі. Оның славян, балтық, неміс тілдерінің салыстырмалы грамматикаларын жазу жолындағы зерттеулері тіл білімін теориялық жағынан дамытты, оның бағыт-бағдарына едәуір ықпал жасады. Салыстырмалы-тарихи әдісті жетілдіре, оның объектісін айқындай түсумен бірге А. Шлейхер XIX ғасырда туған тіл философиясының да көрнекті өкілі болды. Көптеген пайдалы істерімеп қатар ол тіл біліміне бірсыпыра қате концепциялар да енгізді. Оның сондай теріс көзқарастарының бірі — тіл біліміне натуралистік көзқарас.
  • Оның натуралистік көзқарасы «Лингвистикалық салыстырмалы зерттеу», «Неміс тілі», «Дарвин теориясы және тіл білімі» дейтін еңбектерінен толық көрінеді.
  • Бұл еңбектерінде А. Шлейхер тілді табиғи организм, тіл де табиғи организмдер сияқты басқаларға тәуелсіз, өз бетінше өмір сүреді, туады, өседі, қартаяды, жаратылыс заңына бағынады, соңдықтан тілді зерттегенде, жаратылыс заңдарын басшылыққа алу керек, тіл білімі жаратылыс тану ғылымдары тобына жатады, соның бір саласы,— дейді. Тіл табиғаты жөніндегі бұл тұжырым әрине, қате. Өйткені тіл қоғамдық құбылыстар қатарына жатады да, оны зерттейтін тіл білімі қоғамдық ғылымдар тобына қосылады.
  • Философиялың екінші тұжырымы — тілдің мәніне байланысты. Оның пікірінше, тілдің негізгі функциясы— ойды қалыптастырып, жарыққа шығару. Тіл дегеніміз— дыбысты ойлау дейді. Тілдің ойды қалыптастыратын құрал екені даусыз, бірақ ол тілдің негізгі және бірден-бір қызметі емес, оның негізгі қызметі — коммуникативтік функция. Бұл женінде ол ештеме айтпайды.
  • А. Шлейхер көтерген тағы бір мәселе — тілдегі болатын өзгеріс-құбылыстарға, тіл тарихына байланысты. Тілдің сипаты, оның өзгеріс-құбылыстары сол тілде сөйлеушілердің еркіне тәуелсіз болады дейді. Бірақ осы біршама дұрыс тұжырымнан теріс қорытынды жасайды: тілдегі өзгеріс адам еркіне тәуелсіз, өзіндік заңы бойынша болатындықтан, ол биологиялық организмдер тобы-на жатуы керек, өйткені биологиялық организмдер де басқаларға тәуелсіз өз заңы бойынша өзгереді, сөйтіп екеуі де езгерудің бір ғана заңына бағынғандықтан, екеуіндегі өзгерістің сипаты да бірдей, яғни тілдегі езгеріс, қоғамдағы өзгерістер сияқты, тілдің дамуын, тарихын көрсетпейді, биологиялық организмдегі сияқты тек өсу, қартаю ғана болады дейді. Сонымен А. Шлейхер салыстырмалы-тарихи тіл білімінің кернекті бір өкілі бола тұра, өз теорияларын соның принциптеріне негіздей тұра тіл тарихы дегенді жоққа шығарып, тілдік езгерістерді теріс түсіндіреді. Тілдік езгерістерді А. Шлейхер тарихқа дейінгі, тарихтан кейінгі деп екі жікке бөледі. Тілдің тарихқа дейінгі өзгеріс оның дамуы, тарихы болады да, тарих басталғаннан кейінгі өзгеріс оның дамуы емес, тек есуі ғана дейді.
  1. А. Шлейхер тілдерді типологиялық белгілеріне қарай жіктеу мәселесімен де айналысады. Ол тілдерде сөздердің бір-бірімен грамматикалық байланысы, синтаксистік қатынасы қалай жүзеге асуына қарай дүние жүзіндегі тілдерді түбір тіл, жалғамалы тіл, қопармалы тіл деп үш түрге бөледі де, тілдердің мүндай типтерін зерттейтін ілімді морфология деп атайды. Ол бұл терминді жаратылыстану ғылымынан алған. Онда морфология есімдіктердің құрылысын, өзгерісін тексеретін ілім деген мәнде қолданылады. Ал Шлейхер оны тілдердің морфологиялық типін, олардың шығу төркінін, бір-бірімен қарым-қатынастарын зерттейтін ілім мәнінде қолданады. Сөйтіп, жіктеудің бұл түрі тілдердің морфологиялық белгілеріне негізделетін болғандықтан оны морфологиялық жіктеу деп атайды. Шлейхердің пікірінше, тілдер типінің бұл үш түрі дамудың үш түрлі басқышы: ең жоғары сатыда копармалы тіл, ең теменгі сатыда түбір тіл тұр, бұл үш түрлі сатының үшеуі де тіл дамуының тарихқа дейінгі дәуірінің жемісі дейді. Бұл пікірлер, әрине, қате.
  • А. Шлейхер үнді-европа тілдері тараған ата тілді мүсіндеу мәселесімен де айналысты. Оның бұл саладағы теориялық тұжырымы ғылым тарихында «Тілдің тегі» (родословное древо) деп аталады. Бұл теория бойынша баста бір тіл болған да содан келе-келе әр түрлі тілдер бөлінген. Лингвистер арасында бүл теорияны қолдаушылар да, қарсылар да бар.
  • А. Шлейхер тіл білімі мен филология арасындағы қарым-қатынасты да сөз етті. Оның пікірінше, лингвистика жаратылыстану ғылымдары құрамына енетіндіктен, ол тарихи ғылым емес, ал филология тарихи ғылым. Өйткені филология жазбалар тілін зерттейді. Жазбалар тілі дейтініміз — тарих, онда халықтың рухани өмірінің тарихы бар. Сондықтан филология тек тілді ғана емес, халықтың рухани өмірінің тарихын зерттейді. Ал лингвистика тек тілді ғана зерттейді және зерттегенде оны халықтың рухани өміріне байланыстыра қарамайды, тар шеңберде, тек тілдің өз мүддесі, өз қамы шеңберінде ғана қарайды дейді.
  • А. Шлейхердің тіл табиғатына, мәніне, тарихына байланысты айтқан пікірлерінің қате, біраз мәселеде идеалистік бағытта болғанына қарамастан, оның концепцияларында ойлы, тартымды жүйелілік бар. Сол себепті көшпілік назарын аударды, қолдаушылар да, қарсылар да тапты. Шлейхердің талантты жазылған фонетикалық, грамматикалық еңбектері де мол.
  • Тіл біліміндегі натуралистік бағыттың тағы бір көрнекті өкілі — ағылшын тілінің маманы (ұлты неміс), профессор Макс Мюллер (1823—1900). Бұл да тіл білімін жаратылыстану ғылымының бір саласы, тілде болатын өзгеріс-құбылыстар тілдің дамуы, тарихы емес, табиғаттағы организмдер сияқты өсуі ғана деп қарайды. Бірақ МюллерА. Шлейхердің тілді биологиялық организм дегеніне қосылмайды. Ол — тіл биологиялық организм емес, ойлау құралы. Тіл адам баласы тарихының жанды, дыбыстық куәсы, адамды хайуанаттар дүниесінен бөлетін негізгі белгілердің бірі. Тілдің биологиялық организм болмайтын себебі — онда табиғи организмде болатындай өзгеге тәуелсіз, өзіндік өмір болмайды. Оның өмірі адамда. Адам оны күнделікті тұрмыста қолданса, өмір сүргені, ал адам оны қолданудан қалдырса, өлгені. Сондықтан тілді биологиялық организм деу қате,— дейді. Бірақ Мюллер тілді биологиялық организм емес деп дұрыс айта тұра, сол тілді зерттейтін ғылым — лингвистиканы жаратылыс тану ғылымдары тобына қосады. Өйткені Мюллер тілдегі болатын әр түрлі құбылыстарды тілдің даму тарихы деп санамайды, биологиялық организмдердегі сияқты жай өсу ғана дейді. Сөйтіп лингвистиканы биологиялық ғылымдар тобына қосады. Шлейхер сияқты Мюллер де «тарих», «өсу» дегендер арасына шек қояды. Бірақ осы дұрыс тұжырымнан теріс қоры-тынды жасайды. Мұндағы айырмашылық объектідегі өзгеріске рух әсерінің болуы я болмауынан деп есептейді. Егер онда рух әсері болса, ол даму болады да, ол болмаса, даму емес, тілдің бүлінуі, кері кетуі дейді. Бұл — идеалистік, теріс тұжырым.