Универсалды грамматика

Универсалды грамматика. Бұл еңбекті француз ғалымдары — логик, философ, профессор Антуан Арне (1612—1694) мен грамматист, филолог, профессор Колод Лансле (1616—1695) екеуі бірігіп жазған. Бұлар өз заманында Франциядағы ғылым мен халық ағарту істерінің орталығы болған Пор — Рояль монастырының ғалымдары болғандықтан және сол монастырьда шыққандықтан, оны «Пор-Рояль грамматикасы» деп те, «Рационалды жалпы грамматика» деп те атайды.

Пор-Рояль грамматикасы ежелгі грек, еврей, латын және француз тілдері материалдары негізінде жазылған. Бірақ бұл еңбек салыстырмалы туынды емес, логика-типологиялық грамматика. Оның алға қойған мақсаты — барлық тілдерге ортақ рационалды (логикалық) негізді және олардың арасындағы өзгешеліктерді ашу. Бұл еңбектің өзіне дейінгі шыққан грамматикалардан тағы бір ерекшелігі — оның тілдік материалды жан-жақты талдауға негізделуі. Грамматикада екі түрлі принцип басшылыққа алынған: біріншісі — берілген грамматикалық ережелердің жалпы тілдік болуы, екіншісі — ол ережелердің логикалық негізделуі.

  1. Универсалды грамматика екі бөлімнен тұрады. Оның бірі — фонетика, екіншісі — грамматика. Алты тарауға бөлінген бірінші бөлімде дыбыс пен әріп, буын, екпін мәселелері, оқуға үйрету әдісі сөз болған, екінші бөлімі жиырма төрт тараудан құралған. Оларда морфология, синтаксис мәселелері жан-жақты талданған.

Пор-Рояль грамматикасы өз дәуірінде Европада зор беделге ие болды. Ол көп ұзамай-ақ бірсыпыра тілдерге аударылды, әлденеше рет қайта басылды. Көптеген ғалымдар Пор-Рояль грамматикасын тіл білімі даму тарихындағы ерекше құбылыс, жаңа сапалы тіл білімінің төл басы, жалпы тіл ғылымының алғашқы жаршысы деп жоғары бағалайды. Пор-Рояль грамматикасының өз дәуіріндегі және өзінен кейінгі кездердегі лингвистикалық ой-пікірдің дамуына тигізген әсері зор болған. Заманында барлық оқу орындарында қолданылатын, жалпы тілдік теориядан терең мәлімет беретін оқулық деп саналған.

  1. Дегенмен тіл біліміне қосқан жаңалықтарымен бірге бұл еңбектің бірсыпыра қателіктері де бар. Олардың ең негізгісі — логикалық категория мен тілдік категория-ларды бір-бірінен ажыратпай, тең құбылыстар деп қарау. Грамматика авторларының пікірінше, әр тілдің өзіндік грамматикасы деген болмайды. Грамматика жалпы тілдік, универсалды болу керек, өйткені грамматикалық категориялар логикалық категорияның көрсеткіштері, ал логика категориялары жеке ұлттық болмайды, жалпы адамдық болады. Тілдердің барлығы да логикаға тәуелді, соның мүддесіне қызмет етеді. Бұл тұжырымның қателігі мынада: логика категорияларының жалпы адамдық болатыны даусыз, бірақ тіл олай емес, ол жеке ұлттық, халықтық болады. Ойлау процесін, ой категориясын әр тіл өзінше көрсетеді. Олай болатыны логикалық категория мен тілдік категориялар арасында елеулі езгешеліктер болады, бұл екеуі арасына теңдік белгісін қою қате. Тілдік категориялар логикалық категорияларға қарағанда әлдеқайда өрісті, көп салалы. Әрине, тілдердің грамматикаларында ортақ үлгілер, универсалды сипаттар аз емес, бірақ оған қарап, дүниедегі барлық тілдерге ортақ, бәріне бірдей дәрежеде қолдануға болатын грамматика жасауға болады деу қате. Ондай грамматика болған да емес, болмайды да. Тіл білімінің міндеті — барлық тілдерді бір ғана грамматикаға тәуелді ету емес, тілдер арасындағы бірлік пен ұқсастықты айқындау.
  2. Салыстырмалы-тарихи тіл білімінің бастауы. Тілдердің бір-біріне жақын, өзара туыстас болатындығы туралы пікір салыстырмалы-тарихи тіл білімінен көп бұрын белгілі болған. 1538 жылы Француз гуманисі Гвилельма Постеллустың «Тілдер туыстастығы туралы» деген еңбегі жарияланады. Автор осы еңбегінде тілдерді туыстық жақындықтарына қарай жіктеуді алғаш ұсынады. Бұдан кейін 1559 жылы Голландия ғалымы Иосиф Скалигер «Европалықтар тілдері туралы пікір» деген еңбегінде бүкіл европалық тілдерді туыстықтарына қарай 2 топқа бөледі. Тілдер туыстастығы философтар назарын да аударады: Вильгельм Лейбниц лингвистерді әлем тілдерін бір-біріне салыстыра зерттеуге үндейді. Өзі тілдерді арамей, яфет тілдері деп екі топқа бөледі де, яфет тілін скиф, кельт тілдері деп тағы екі топқа бөледі. Скиф тобына фин, түркі, монғол, славян тілдерін, кельт тобына европалық тілдерді жатқызады.

XVIII ғасырдың соңы XIX ғасырдың бас кезінен бастап ғалымдар назарын ежелгі үнді тілінде жазылған ескерткіштер, лингвистикалық зерттеулер аудара бастайды. Үнді тілінде жазылған «Санскрит тілінің грамматикасы» европа тілдерінің салыстырмалы грамматикасын жазуға түрткі және негіз болды. Санскрит тілінің грек, латын және европалық тілдерге ұқсастығы әр жерде, әр ғалымдар тарапынан жиі айтыла, жазыла бастады. 1786 жылы ағылшын ғалымы Уильям Джонстың «Азиялық зерттеулер» деген еңбегі жарияланды. Онда Джонс теориялық мәнді тұжырымдар жасамағанымен санскрит тілінің грек, латын тілдеріне өте жақын екендігін көрсете келіп, бұл үшеуінің түпкі төркіні бір болуы керек, бұл топқа герман, кельт, иран тілдерін де қосуға болатын сияқты. Асылы, осылардың бәрі өзара туыстас болар деген тұжырымға келді. Осыған ұқсас жорамалды 1808 жылы шыққан «Үнділердің тілі және даналығы» деген еңбегінде Ф. Шлегель де айтқан. Ол да Джонс сияқты санскрит тілі тек сөз түбірлері жағынан ғана емес, тіпті грамматикалық құрылысы жағынан да грек, латын тілдеріне өте ұқсас дегенді айтады, тілдерді бір-біріне салыстыра зерттеуді ұсынады.

Қорыта айтқанда, ХVІІ-ХVІІІ ғасырда тіл білімі карқынды дамыды. Бұл уақытқа дейін грамматиканың тек бір түрі, практикалық түрі ғана жазылса, бұл дәуірде практикалық грамматикалар тілдік жағынан молайып, ғылыми сапалары жақсара түсулері үстіне грамматиканың бұрын жазылып көрмеген жаңа түрі — логикалық жалпы тілдік грамматика жарық көрді. Бұл дәуірде бұрын болып көрмеген сөздіктің екі түрі — көп тілді түрі мен түсіндірме немесе академиялық деп аталған түрлері шығарылды. Бұрын болып көрмеген жалпы тілдік теориялық зерттеулер жарияланады. Олардың қатарына XVIII ғасырдың көрнекті ойшылдары Ж. Руссоның, И. Гердердің, Дж. Виконның, Р. Декарт пен Г. Лейбництің тілдің шығуы, дамуы, тілдер туыстастықтары туралы зерттеулерін жатқызуға болады.