Тіл білімі тарихы

Ғылым салаларының өзіне тән дүниеге келу, бірте-бірте даму тарихы болады. Сондай тарих тіл туралы ғылымда да бар. Ғылым тарихы өткенді білу үшін ғана емес, оның қазіргі күйін дәл, дұрыс танып, болашағын қатесіз бағдарлау үшін де қажет. Ғылым, соның ішінде тіл туралы ғылым да бірден жетілмейді, біртіндеп дамиды, кейінгісі алдыңғының негізінде туып, соның өзгерген, жаңа сатыға көтерілген табиғи жалғасы ретінде желі болып тартыла береді.

  1. Тіл білімі тарихының тәрбиелік те, танымдық та мәні зор. Өйткені ол қоғамдық ой-сананың, мәдениеттің дамуымен тығыз байланысты. Тіл туралы ғылым белгілі шамада болса да жазу тілі, жазба ескерткіштері бар жерде ғана туып, қалыптаса алады. Көне заманнан біздің дәуірге жеткен зерттеулер тіл туралы алғашқы толғаныстардың жазба ескерткіштерді филологиялық тұрғыдан қарау, оның тілін сөйлеу тілімен салыстыру нәтижесінде туғандығын байқатады.

Тіл білімі тарихын зерттеуші совет лингвистерінің басшылыққа алатын, адастырмайтын жарық жұлдызы— марксистік методологияның историзм принципі. Бұл принцип бойынша, әр дәуірде қалыптасқан, өмір сүрген алуан түрлі лингвистикалық мектептер, концепциялар сол өз дәуірі түрғысынан бағаланып, олардан бұрын не бар еді, бұлар оған не қосты, кейінгілердің өздерінен бұрынғылардан артықшылығы несінде деген тұрғыда қаралуы керек.

Тіл білімінің ұзақ тарихы бұралаңсыз, тартыс-талассыз болған емес, екі түрлі философиялық бағыт — материалистік және идеалистік түсінік мұнда да болды, қазір де бар. Лингвистика діни нанымдардың шырмауында, басқа ғылымдардың шылауында болған балаң, әлсіз, тоқырау, гүлдену кезеңдерін де басынан өткізді.

Әдетте, тіл білімінің басқа ғылымдардан бөлініп, жеке ғылым болып қалыптасу тарихын XIX ғасырдың бас кезінен бастайды. Салыстырмалы-тарихи тіл білімі тұрғысынан алғанда оның тарихын өткен ғасырдан бастау, әрине, шындыққа жуықтайды. Бірақ бұдан XIX ғасырға дейін тіл мәселесі сөз болмады деген ұғым тумайды. Дыбыс тілінің өзіндік сырын білуге адам баласы ғылымға дейінгі дәуірлердің өзінде де талпынған. Адам қоғамының балаң кездерінен сақталған алуан түрлі мифологиялық, діни түсініктерді былай қойғанның езінде өте ертеден басталатын әр түрлі жазу-сызуларда тілдік заң-ережелер ескерілмеді деуге болмайды.

Біздің жыл санауымыздан 5—6 мың жылдар бұрынғы египеттіктердің, шумерлердің т. б. Шығыс халықтарының жоғары мәдениетті болғандығын, әр түрлі жазуларды пайдаланғандарын ескерсек, тіл білімінің көне ғылымдардың бірі екендігін байқауға болады. Бірақ египеттіктердің, шумерлердің тілге байланысты айтқан пікірлері біздің заманға жеткен жоқ. Тіл мәселелеріне байланысты жазылып сақталған, біздің заманға жеткен деректердің ең көнесі Ежелгі Қытай, Үнді, Ежелгі Греция елдеріне тән.