Грамматикалық категория

Грамматика және категория деген терминдер – грек тілінен алынған сөздер: “грамматика” сөзінің бастапқы мағынасы – “грамма” (жазу, запись) деген сөз; “категория” – “байымдау, анықтау” деген сөз.

  1. А.А. Реформатскийдің түсіндіруінше, гректің “категория” сөзінің о бастағы біро мағынасы – “дәлелдеу”, “көрсету”. А.А. Реформатскийше, тіл мен ойлау, искусство салаларында “категория” – белгілі бір саладағы негізгі топтар мен құбылыстар легі.

“Шетел тілдері сөздігінде” (СИС) “категорияға” былай деп анықтама беріледі: “Категория” – объективті өмірдегі болмыстың негізгі формалары мен қатынастарын көрсететін ең жалпы логикалық ұғым”.

Н.И.Кондаковтың “Логикалық сөздік-анықтамасында” категорияның өте кең ұғымды қамтитыны айтылады.

Лингвистикалық құралдарда грамматикалық категория дегеніміз не деген сұраққа негізі, жалпы мәні, ұзын-ырғасы бір болғанымен, әр түрлі жауап-анықтама, түсініктер беріледі.

Мәселен, О.С.Ахмановаша, грамматикалық категория дегеніміз – лингвистикалық еденицалардың немесе олардың тілдегі грамматикалық белгісі ретінде танылған кейбір кластарының ең негізгі жалпы ерекшеліктерінің бірі.

Л.И.Баранниковаша, грамматикалық категория дегеніміз – тілдің грамматикалық құрылысына қатысты, мәселен, род, сан, септік т.б. осы сияқты ірі-ірі сөздертобына тән біркелкі белгілер жиынтығы. Дәлірек айтқанда, грамматикалық категория дегеніміз – тіл сипатын белгілейтін және мағынасы сөз я болмаса сөйлем ішінде айқындалатын жалпы грамматикалық ұғымдар.

Б.Н.Головинше, грамматикалық категория — тілдің грамматикалық мағынасы мен оның материалдық белгісін айқындайтын реалды бірлігі.

Д.Э.Розенталь мен М.А.Теленковаша, грамматикалық категория дегеніміз – семантикалық, морфологиялық, синтаксистік ортақ белгілеріне қарай біріккен ірі-ірі лексика-грамматикалық топтар.

А.Ысқақовша, тілдегі өзіне тән грамматикалық формасы (тәсілі) бар жалпы грамматикалық мағына грамматикалық категория деп аталады.

Қысқасы, бұл келтірілген грамматикалық категория дегеннің ұғымы аса кең екендігі айқын көрініп тұр: грамматикалық категория – тіл-тілдегі ірі-ірі единицалар; тілдің ірі-ірі кластарының, топтарының жалпы, негізгі ерекшелігіне тән белгілер; тілдің грамматикалық құрылысына тән біркелкі белгілер жиынтығы; түр-сипатын белгілейтін, мағынасы сөз немесе сөйлем ішіндегі айқындалатын жалпы грамматикалық ұғымдар; тілдегі сөздердің грамматикалық мағынасы мен оның материалдық белгісін айқындайтын реалдық бірлік; семанитикалық, морфологиялық, синтаксистік ортақ белгілеріне қарай біріккен ірі-ірі лексика-грамматикалық топтар; біркелкі грамматикалық сөздер тобына тән формалар жиынтығы; өзіне тән грамматикалық формалары бар жалпы грамматикалық мағына; белгілі бір категорияға жатқызылатындар – грамматикалық мағынасы ортақ құбылыстар т.б. т.с.с.

  1. Грмматикалық форма дегеніміз – грамматикалық мағына туғызушы тілдік құралдар. Мәселен, біл-білім, студент-студентпін десек, осы төрт сөздің төртеуі де белгілі бір формада тұр: біл, білім, студент атау тұлғада, яғни нульдік флекцияда тұр; студентпін дегенде, пін – І жақтық мағына білдіріп тұр: жекеше, жіктік жалғау көрсеткіші, яғни формасы.

Грамматикалық форма дегеніміз – грамматикалық мағына мен грамматикалық тәсіл бірлігі, грамматикалық мағына мен грамматикалық тәсід арақатынасының көрсеткіші.

Ал грамматикалық тәсіл дегеніміз не? Грамматикалық тәсіл дегеніміз – грамматикалық мағынаның материалдық көрсеткіші, яғни формасы.

Сөз формаланғанда, яғни белгілі бір амал-тәсілдер арқылы түрленгенде, өзінің бастапқы лексикалық мағынасына кемінде бір немесе бірнеше қосалқы мағына үстемелеп алады. Сөз жеке тұрғаның өзінде де грамматикалық бірнеше мағынаға ие болуы мүмкін.

Грамматикалық мағына дегеніміз – сөздің лексикалық мағынасына қосылған үстеме мағына, сөздердің түрлі–түрлі қарым-қатынасын білдіретін қосалқы мағыналар. Сөздің грамматикалық мағынасы сөз формалары арқылы беріледі.

Тіл-тілде сөздің грамматикалық мағынасы әртүрлі амал-тәсілдер арқылы білдіріледі.

  1. Грамматикалық мағына білдіретін тәсілдер мен амалдар ең алдымен ірі екі топқа бөлінеді: бірі – синтетикалық тәсілдер, екіншісі – аналитикалық тәсілдер.

Синтетикалық тәсілдер қатарына мынандай амалдар жатады: аффикстік тәсіл; дыбыстардың алмасуы және ішкі флекция тәсілі; супплетизм; редупликация; сөздерді біріктіру тәсілі.

Аналитикалық тәсілдер қатарына мынандай амалдар жатады: екпін және интонация тәсілі, сөздердің орын тәртібі тәсілі; көмекші сөздер тәсілі.

Бұл тәсілдердің барлығының да атқаратын қызметі аффикстер функциясына жақын. Бірақ дәл бірдей емес. Өйткені аффикстердің көпшілігі таза лексикалық қызмет атқарса, кейбірі таза грамматикалық, морфологиялық, енді бірі лексика- грамматикалық, енді бірі таза ғана синтаксистік қызмет атқарады.

Тіл-тілде грамматикалық тәсілдердің бірі – басымырақ, екінші бірі сирек қолданылуы мүмкін. Сондай-ақ, аталған тәсілдердің кейбірі кейбір тілдерде мүлдем жоқ болуы ықтимал. Дегенмен бұлар бір тілдерде аз, бір тілдерде көптігіне қарамастан, тіл-тілдегі грамматикалық негізгі тәсілдер болып есептеледі.