Тілдердің бөліну, бірігу процестері

Тілдердің бөліну, бірігу процестері. Адамдардың қоғамдық бірліктері сияқты олардың тілдері де бір-бірінен ажырап бөлшектену, қосылып бірігу жолынан откімі, Тілдің қай-қайсысы да осы күнгі дәрежесінде пайда бола қалмаған.

Адам қоғамының алғашқы рулық бірліктен ұлттық бірлікке ауысқан сияқты, тіл де ру тілінен тайпа, халық, ұлт тіліне ауысып күрделене дамыды.

  1. Ежелгі шағын коллективтер тілінен кейінгі замандардағы күрделі қауымдар тіліне қарай даму жолында екі түрлі процесс болды. оның біріншісі-белгілі бір дәуірдегі біртұтас тілдің өз ішінен ыдырап, жеке диалектілерге, тілдерге бөлшектену процесі. Бұл процесс-тіл білімінде дифференцияция деп аталады. Екіншісі-жеке диалектілердің, тілдердің бір-бірімен жақындасу, бірігу прооцесі. Бұл процесс-тіл білімінде интеграция деп аталады.

Тілдер дамуында болатын дифференциялық процесс те, интеграциялық процесс те қоғамға байланысты болады. Біртұтас тілде сөйлейтін белгілі бір қайымның әр түрлі тарихи себептерден ыдырауы, бір-бірімен байланысы, қарым-қатынасы жоқ жеке-жеке топтарға бөлшектенуі ол бастағы біртұтас тілдің де ыдырауын бөлшектенуін туғызады. Осының керісінше әр түрлі диалектілерде, тілдерде сөйлейтін қауымдардың белгілі бір тарихи себептерімен бірігулері олардың тілдерінің өзара жақындасуын, бірігуін туғызады. Сөйтіп, қоғам мүшелерінің ыдырауы тілдің ыдырауына, олардың бірігуі тілдік ерекшеліктердің жойылуына, тілдердің бірігуіне себеп болады.

Дифференцияциялық процесс — СССР халықтарының тілдерінің дамуында болмайтын құбылыс. Халықтардың бірлігі барған сайын күшейіп, қабысып келе жатқан қоғамда тілдік дифференцияцияға негіз жоқ. Халқы жаппай сауаттылыққа жеткен, бірыңғай, біртұтас әдеби тіл үлгілерін таратушы — жазу тілі дамыған социалистік елде тіпті бұрын болып келген диалектілік ерекшеліктердің ұзақ өмір сүруіне де мүмкіндік қал-майды.

Интеграция — дифференцияға тура қарама-қарсы процесс. Интеграция — өзіндік тілдік ерекшеліктері бар қауымдардың бір-бірімен жақындасуларының, араласып, бірігулерінің нәтижесі.

Бір-бірімен жақындасып бірігетіндер, араласып тоғысатындар белгілі бір тілдік және диалектілері болуы да, туыстас, тіпті ешқандай жақындық қатынасы жоқ тілдер болуы да мүмкін. Екіншіден, интеграциялық процесс тілдердің бір-бірімен достық ынтымағы негізінде немесе бірін екіншісі күштеу, ассимиляциялау негізінде жүруі де мүмкін. Интеграциялық күшке, теңсіздікке негізделген түрі—жеңіп алған, күшпен бағындырғандар мен жеңілген, бағынышты болғанда тілдері арасында болады. Билеуші үстем қауымның тілі де үстемдік етеді. Ол қатынас жасаудың пікір алысудың негізгі құралы есептеледі де, бағынышты қауым оны білуге, үйренуге міндетті болады. Сөйтіп, жеңілгендер тілінің қимыл өрісі заман өткен сайын бірден-бірге тарылады да ақыры, қатынас құралы болудан біржола қалып, құрып бітеді. Бірақ ол ешқандай із-түссіз жойылып кетпейді. Оның калдықтары жеңген тіл ішінде сақталып қалады. Жеңілген тілдерден сақталып қалған ондай қалдық — тіл білімінде субстрат‘ деп аталады.

Бірақ әрдайым жаулап алушылар тілі үстем тілі бола бермейді. Түрлі тарихи жағдайларға, әсіресе жеңілген қауымның мәдени дәрежесінің жоғарылығына қарай, кейде, басқыншылардың басып алынған халық тілін бірте-бірте үйреніп, өз тілінен айрылатыны да болады. Мұндай жеңілген тілдің жеңген тіл ішіндегі қалдығы суперстрат2 деп аталады. Бірақ тоғысу атаулының барлығы бір тілдің жеңіліп, жойылуымен, екінші тілдің жеңіп, толық үстемдік алуымен тынып отырмайды.

Тілдің қоғаммен тығыз байланыстылығын бір кездерде өмір сүрген халықтардың, мемлекеттердің жойылуымен бірге олардың тілдерінің жойылғандығынан да байқауға болады. Қоғам тарихы мүндай фактілердің талайын біледі. Ассирия, Вавилон мемлекеттерінің, мәдениеттерінің құрып жойылуымен бірге аккад тілі де жойылды. Хеттар мемлекетінің жойылуымен бірге оның халықтары сөйлеген несит, лувий, палай, хетт деп аталатын бірнеше ұсақ тілдер де жойылады, т. б.

Тілдің кейде қауымның артында қалатыны, одан көбірек өмір сүретіні де болады, бірақ ондай тілде даму болмайды. Ол қолдану аясы өте тар, белгілі бір мақсатқа, өте шағын топ арасында ғана қолданылатын тілге айналады. Католиктер тіліне айналған көне латын тілі, Орта Шығыста колданылған классикалық араб тілі және Үидістанда қолданылған санскрит тілі т. б. дәл сондай тілдер.

  1. Биллингвизм. Көп ұлтты мемлекеттерде әр түрлі ұлт өкілдері бір-бірімен қатынас жасау үшін өзінің ана тілінен басқа тілді де, өзімен аралас-құралас халық тілін де білу қажеттігі туады. Сөйтіп, өздерінің күнделікті өмірлерінде олар екі немесе одан да көп тілдерді жарыстыра қолдана береді. осыдан барады да, екі тілділік немесе көп тілділік пайда болады. Ол – тіл білімінде биллингвизм деп аталады.

Әр түрлі этникалық бірліктегі адамдардың бір-бірінің тілін білуі немесе ортақ тілді білуі олардың арасындағы қарым-қатынасты, бірлікті күшейтеді. Өйткені, тіл бірлігі – халықтар қарым-қатынасында шешуші дәнекерлік қызмет атқарады.

  1. Әлемдік тіл туралы. Тіл басқалығы барлық дәуірде де адамдар қарым-қатынасына бөгет болған. Халық оны бірін-бірі түсінбесін, күш біріктірмесін деп сыртқарғы бір кереметтің адам баласына әдейі істеген дұшпандық әрекеті деп түсінген.

Антикалық Европада латын тілінің бүкіл европа халықтарына канондық тіл болғаны сияқты, араб тілі де ислам діні тараған аудандар үшін канондық тіл болған, ХҮІІ-ХҮІІІ ғ. жер шарының әр түрлі аймақтарына кең тараған испан, француз, неміс тілдері болса, ХІХ ғ. мұндай дәрежеге ағылшын тілі, ХХ ғ. орыс тілі көтеріліп отыр.Бірақ бұл тілдер халықаралық деп аталғанымен, олардың ешқайсысы да әлемдік тіл емес. Адам баласы сан ғасырлар бойы армандағанымен, іздегенімен әзірге қалыптасқан әлемдік тіл жоқ. Алайда, бұл бағыттағы ізденістер толассыз жүріп жатыр. Сондай ізденістің нәтижесінде бірнеше жасанды, көмекші тілдердің жобасы ұсынылды. Солардың ішіндегі ең елеулісі – воляпюк, эсперанто деп аталатындар.

Эсперанто тілі жеңіл де қарапайым. Оның сөздік құрамы үнді-европа және басқа да тілдерге белгілі ортақ сөздер негізінде жасалған. Эсперантода небәрі 16 грамматикалық ереже, 40-қа жуық жұрнақтар мен сөз алды қосымшалары бар. Әліппесі латын графикасы негізінде жасалған, ол 28 таңбадан тұрады. Эсперанто нағыз тіл емес, тілге көмекші, тәжірибе ретіндегі дүние. Оның сипаты мен мәні, ролі, болашағы туралы ғалымдар арасында бірізділік жоқ.

Ұларалық қатынастардың, биллингвизмнің қазіргі дамуы барысы әр ұлттың өз туған тілі шеңберінде ғана қала алмайтынын, өз тілімен қатар ұлтраралық тілді де жете меңгеру қажеттігін байқатып отыр.