Қабдеш Жұмаділов шығармаларындағы әдеби дәстүр

  1. Қабдеш Жұмаділов 1936 жылы Қытай Халық Республикасының Іле қазақ автономиялы облысына қарасты Тарбағатай аймағында дүниеге келген. Туған жері Қазақстанға оралған соң, Қабдеш Жұмаділов әдебиетші болуды армандап, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне түсіп, 1965 жылы бітіріп шығады.
  2. Ол көркем шығарма жазуға студент кезінен бастап ден қояды. «Қаздар қайтып барады» деген алғашқы әңгімесінен-ақ ол жанына жақын тақырыпқа қалам тартқанын байқатты. Жазушының «Соңғы көш», «Дарабоз» роман-диалогиялары, «Тағдыр», «Атамекен» романдары, т.б. көркем шығармалары жарық көрген. Өз шығармаларында адамның ішкі көңіл толқындарын, тұрмыс детальдарын үлкен байқампаздықпен жазатын.
  3. Жазушы шығармаларының тілі шешен. Ол шығармаларында ана тілінің бай қазынасын шебер қолдана біледі. Алпысыншы жылдардың орта шенінде жұртшылық назарын бірден аударған «Қаздар қайтып барады» әңгімесі еді. Адам психологиясының, ішкі сезім толғаныстарын суреттеуде жазушы өз шеберлігін танытады. Арғы бетке өтетін жолаушыны, қиын да болса, Тарбағатай шыңының желкесімен асатын тете жолды суреттегенде, жазушы тау сілемдерін оқушының көз алдына толық әкеледі. Байтас шалдың: «Әйтеуір, қиын асудан еттім ғой, — деді талмаусырап жатып, — жолдың көбі кетіп, азы қалды. Құдай енді екі күндік ғұмыр берсе, көздеген жеріме де жетіп жығылармын», — деген сөздері арқылы автор шың асудың оңай еместігін, жолаушы арманын көрсетеді. Қарт шешімі алған беттен айнымайды, бұл сапарға ол қырық жыл дайындалып, талай ұйқысыз түндері мен күндерін өткізді емес пе? Көп жылғы дайындықтың, іштегі өрттің алаулап жанғанына оқушы әбден сенеді, қартпен бірге өзі де алыс сапар шеккендей қиналады.