Түркі тілдерінің дамуы мен қалыптасу кезеңдері

  1. Түркі халықтарының Отаны жер шарының екі материгі – Азия мен Европа. Дегенмен басым көпшілігі Азия болып саналады. Оған себеп – көпшілік түркілер осы жерлерді мекендейді, екіншіден, тарихи тамыры да осы құрлықта. Ал Еуропадағы түркілер, негізінен, оның оңтүстігінде орналасқан да, Еділ мен Кавказ тауларының етегін мекендеген.

Жеке түркі тілдерінің қалыптасу дәуірлері әр түрлі. Олардың кейбіреулері ерте қалыптасып, өз іргесін басқалардан бұрынырақ алыстатқан болса, енді біреулері ортақ тіл қауымына соңғы дәуірлерде (ХІҮ-ХҮІ ғғ.) ғана бөлініп шыққан.

Түркітанушы ғалымдар түркі тілдерінің даму кезеңдерін белгілі кезеңдерге бөліп, әрқайсысының өзіндік ерекшелігін анықтауға әрекет етіп келеді. Мысалы, Н.А. Баскаков түркі тілдерін дамуы мен қалыптасуына қарай 6 кезеңге бөлген:

1). Алтай дәуірі;

2). Хун дәуірі (Ү ғасырға дейін);

3). Көне түркі дәуірі (Ү-Х ғасырлар);

4). Орта түркі дәуірі немесе негізгі түркі тайпаларының қалыптасуы мен даму дәуірі (Х-ХҮ ғасырлар);

5). Жаңа түркі дәуірі немесе түркі халықтарының қалыптасуы мен даму дәуірі (ХҮ-ХХ ғасырлар);

6). Ең жаңа дәуір немесе түркі тілдерінің Қазан тіңкерілісінен кейінгі даму дәуірі.

Н.А. Баскаковтың бұл пікірін ғалымдардың көбісі-ақ қолдайды, бірақ онымен келіспеушілер де жоқ емес. Мәселен, біраз ғалымдар түркі тілерінің Алтай дәуірін мойындамайды. Алайда біз түркі тілдерінің қалыптасуын Н.А.Баскаковтың дәуірлерге бөлуіне сүйене қарастырамыз.

  1. Түркі тілінің дамуындағы Алтай дәуірі – мерзімі жағынан әлі анықталмаған, ғалымдардың арасында дау туғызып келе жатқан мәселелердің бірі. Тілдерді салыстырмалы-тарихи тәсілмен зерттеп, туыстық жақындығын анықтағанда олардың ортақ белгілеріне сүйену қажет. Осындай туыстық белгілер түркі-монғол тілдерінің арасында да бар және олар фонетика жүйесінде де, лексика мен грамматикалық құрамында да кездесетіндігін ескере келіп, бір топ ғалымдар «түркі тілдері өз алдына бөлініп шыққанға дейін алтай дәуірі тобында болған» деген топшылау айтады. Олар алтай тілдері тобындағы тілдерден: 1) түркі-монғол тілдері; 2) тунгус-маньчжур тілдері; 3) жапон-корей тілдері бөлініп шықты деген болжамды ортаға салады. Ал Х. Винклер, С.М. Широкогоров, Б. Колиндер, М. Рясянен, Д. Шинор, А. Дильачар сияқты ғалымдар тіпті алтай тіл бірлестігінен де арыға барып, орал-алтай тіл бірлестігі теориясын ұсынады.

Бұл жоба бойынша: бір кездерде, уақыт кезеңі анықталмаған дәуірде орал тілдері мен алтай тілдері генеологиялық жағынан туыстас болған. Тайпалар одағының ыдырауы негізінде орлал тілдері алтай тілдерінен бөлініп шыққан. Өз ретінде, уақыттың өтуіне байланысты, орал тілдері екі топқа (угро-фин және самоди) ыдыраған. Алтай тілдері жоғарыда айтылған үш тармаққа бөлінген.

Салыстырмалы-тарихи зерттеулер алтай тілдерінің деректерінде көптеген ұқсас келетін тілдік материалдардың барлығын анықтады. Жалпы алтай тілдері бірлестігінің құрамына енген тілдерде дыбыс үндестігі, екпіннің тұрақтылығы, жалғамалы тіл болуы, сөз алдынан келетін көмекші сөздердің (предлогтардың) болмауы, жыныс(род) категориясының болмауы т.б.

Көпшілік тілшілер алтай тіл бірлестігін анықтауда дыбыстық сәйкестікке көбірек көңіл бөледі. Мысалы, Н.А.Баскаков осындай белгінің бірі ретінде тунгус тіліндегі т дыбысы мен маньчжур тіліндегі с дыбыстарының и дыбысының алдында тұрғанда түркі тілдеріндегі ч, ш дыбыстарымен сәйкес келетіндігін көрсетеді.

  1. Хун дәуірі алтай дәуірімен ұштасып, байланысып жатады да, б.з.д. ІІІ ғ. мен Ү ғ. аралығын қамтиды. Егер Алтай дәуіріндегі тайпалар туралы бізде ешқандай тарихи мәлімет, жазба деректер болмай келсе, Хун дәуірі жайлы аз болса да деректер бар.

Хундар – Қытайдың солтүстігіндегі көршілестері. Ертеден отырықшылықпен айналысып, егін егумен айналысқан қытай халқымен іштей араласып, солармен тікелей байланыста болған, олардан азық-түлік, киім-кеегі мен тұрмысқа қажетті заттарын алып отырған.

Хун империясының өсіп-өркендеп, Қытай империясымен бой таластырған дәуірі – Модэ Шаньюй дәуірі. Б.з.д.. 209 жылы Модэ өз әкесі Тумань Шаньюйды өлтіріп, Хун империясының тағына отырады да, Шаньюй атағын алады.

Түрлі тайпалармен, халықтармен ұзақ араласу нәтижесінде хундардың этникалық, мемлекеттік құрамы бұрынғыға қарағанда әлдеқайда өзгерген еді. Біздің заманымыздың ІІІ ғасырында хундардың төрт тармағы қалыптасып, төрт түрлі тарихқа ие болды.

  1. Солтүстік хундардың бір тобы Қазақстанның солтүстігін жағалай отырып, Орал тауы мен Еділ жағалауына орналасты.
  2. Юебань хундары Тарбағатай мен Жетісу өлкелерін қоныстанып, Соғды мәдениетін қабылдаған.
  3. Сяньби хундары өз отанын тастап кетпестен, атамекенінде қалып қояды. Бірақ Сяньбилер көп болғандықтан, бірте-бірте түркі ана тілін ұмытып, монғол тілін қабылдайды. Кей ғалымдардың алтай тіл одағы болмаған, түркі тілдерінің монғол және тунгус-маньчжур тілдерінде көптеген ортақ элементтің, тілдік суббстраттың пайда болуына осы хундар себеп болды деуі осыдан.
  4. Қытайлық хундар – сянбилерден жеңілген соң оңтүстікке қарай шегініп, Ұлы Қытай қабырғасының екі жағын ала қоныстанған хундардың өкілдері. Бұлар уақыт озған сайын өз қатарын көбейтіп, ҮІ ғасырдың соңына дейін хун империясын құруға әрекет етті.

Түркі тайпалары Орта Азия мен Қазақстан, Еділ-Дон аралығы мен Кавказ тауларының етектерінде қаншама көшіп-қонып жүрсе де, олардың ту тіккен жері – Сібір өлкесі болатын. «Түрік» сөзі де осы Сібірде қоланылған. А.Н.Гумилевтің көрсетуінше, біздің заманымыздың 439 жылы тобасцилар хундардың қалдықтарын жеңіп, Хэси өлкесін қытайдың Вэй империясына қосқан кезде 500 үйлік хунның князі Ашина жужандарға қашып өтеді де, Алтай тауының оңтүстігіне орналасады, олар жужандар үшін темір қорытады. Қытайлықтар Ашина тобын және оның айналасындағы, қол астындағы халықты ту-кю деп атайды. П.Пелльо бұл қытай сөзін тюрк-ют деп транскрипция жасаған. «Турк» деген сөз «күшті», «мықты», «берік» деген мағына білдірсе, ют морфемасы монғол тілінде көптік мағынаны білдіреді.

Бақылау сұрақтары:

  1. Жаңа түркі дәуірі.
  2. Бұлғар бірлестігі және оның тілі.
  3. Оғыз бірлестігі және оның тілі.
  4. Әзербайжандар және олардың тілі.
  5. Түркмендер және олардың тілі.