Тілдердің морфологиялық классификациясы.

  1. Құрылымдық ұқсастық бір негізден тараған туыстас тілдердің арасында ғана емес, сонымен бірге әр басқа негізден тараған тілдердің, яғни генеалогиялық жағынан басқа тілдердің арасында да болуы мүмкін. Мұның үстіне,туыстас тілдердің арасында да құрылымдық жағынан едеуір айырмашылықтардың болуы әбден ықтимал. Ал туыстас тілдердің арасындағы құрылымдық айырмашылықтарды салыстырмалы-тарихи тіл білімі тұрғысына түсіндіру әрқашан мүмкін бола бермейді. Мұндай ұқсастық пен айырмашылықтарды айқындау, олардың себептерін зерттеу және тілдердің құрылымдық типтерін белгілеу барысында тіл білімінде оның бір саласы – лингвистикалық типология пайда болды. Лингвистикалық типология тілдердің құрылымдық ұқсастығы мен жақындығын олардың туыстығына байланыссыз зерттейді.

Тілдің құрылысын айқындау, сайып келгенде, тілдің құрылысын айқындау болып шығады. Алайда, белгілі бір тілдің тілдердің қандай типіне жататындығын айқындау үшін, әдетте, сол тілдің барлық қасиеттері мен ерекшеліктері емес, оның басты белгілері негізге алынады. Тілдерге типологиялық классификация жасауда грамматикалық формалардағы аналитизм менсинтетизм құбылыстарының ара қатысы, бұлардың бірінің басым, екіншісінің аз не мүлдем болмауы, түбір морфема мен аффикстік морфемалардың байланысу сипаты, ішкі флексияның болу не болмауы, анықтауыш пен анықталғыштың арасындағы байланыстың түрлері, сөйлемнің эргативті конструкциясы, сөздердің орын тәртібінің ерекшеліктері және т.б. осылар тәріздес тілдік құбылыстар ескеріледі.

Тілдерге типологиялық немесе морфологиялық классификация жасау ХІХ ғасырдан басталады. ХІХ ғасыр лингвистері тілдердің типтерін айқындауда әр түрлі тілдердегі сөздердің морфологиялық құрылымын, грамматикалық мағыналарды білдіру тәсілдерін негізге алады. Неміс лингвисі Фридрих Шлегель (17872-1829) санскритті грек тілі, латын тілі және түркі тілдерімен салыстыра келіп, тілдердің екі түрлі типі бар деп есептеді: оның бірі – флективті тілдер, екіншісі – аффикстендірілуші тілдер. Ф. Шлегель тілдерді бұлайша топтастыруда сөз құрамындағы мағыналық бөлшектердің өз ара байланысу сипатын, тілдердің бірінде түбірдің өзгеруін, екіншілерінде өзгермеуін басты меже етіп ұстады.

  1. Тілдер грамматикалық құрылысына қарай синтетикалықтілдер және анлитикалық тілдер болып бөлінеді. Құрылысы синтетикалық тілдерде синтаксистік қатынастар атауыш сөздердің өзгеріп түрленуі арқылы беріледі. Синтетикалық тілдерде аффиксация тәсілі мен ішкі флексия тәсілі ең басты грамматикалық тәсілдер ретінде қызмет атқарады. Синтетизм құбылысы әсіресе литва тілі, неміс тілі, түркі тілдеріне, славян тілдерінің көпшілігіне тән.

Құрылысы аналитикалық тілдерде синтаксистік қатынастар сөздердің формалары арқылы емес, сөздердің орын тәртібі, көмекші сөзөдер және интонация арқылы беріледі. Аналитизм құбылысы әсіресе ағылшын тілі, болгар тілі, дат тілі, грек тілі, француз тілі және т.б. тілдерге тән. Тілдерді синтетикалық тілдер және аналитикалық тілдер деп бөлу – шартты нәрсе. Синтетикалық тілдер деп аталатын тілдерде грамматикалық мағынаны білдірудің синтетикалық тәсілменг бірге, ішінара болса да, аналитикалық тәсілі де қолданылады. Керісінше, аналитикалық тілдердің қатарына жатқызылатын тілдерге де синтетикалық тәсіл мүлдем жат деуге болмайды. Белгілі бір тілді синтетикалық немесе аналитикалық тілдердің қатарына жатқызуда ол тілде аналитикалық тәсіл мен синтетикалық тәсілдің қайсысы басым екендігі ескеріледі.