Дүние жүзі тілдері және олардың жіктелуі

  1. Дүние жүзінде үш мың шамасында тіл бар деп емептелінеді. Дүние жүзіндегі тілдердің санын дәлме-дәл көрсетудің қиындығы мынада: кейбір елдердегі тілдер мен диалектілер жеткілікті дәрежеде зерттеліндеген. Осылай болғандықтан, олардың ішінен қайсылары дербес тілдер екендігін, қайсылары бір тілдің диалеектілері екендігін қазірде дөп басып айту мүмкін бола бермейді. Демек, дүние жүзі тілдерінің дәл саны олардың күллісі түгел қамтылып, жан-жақты зерттелінгенде ғана, айқындалмақ. Дүние жүзі тілдерінің ішінде тайпа тілдері де, халық тілдері де, ұлт тілдері де бар. Дүниежүзі тілдерінің ішінен орыс тілі, ағылшын тілі, француз тілі, қытай тілі, араб тілі және испан тілі халықаралық тіл болып саналады. Бұл тілдерде халық аралық ұйымдардың, мысалы, Біріккен Ұлттар Ұйымының, Бейбітшілікті қорғау комитетінің және т.б. материалдары жарияланып тұрады.

әр түрлі тілдердің өз ара бір-бірімен туыстастығы, туыстас тілдердің топтары дүние жүзіндегі тілдерді тарихи және салыстыра зерттеудің нәтижесінде, салыстырмалы-тарихи методты пайдалана білудің арқасында ғана айқындалды. Атап айтқанда, роман тілдері, герман тілдері, иран тілдері, түркі тілдері, фин-угор тілдері деп топтастыру және дүние жүзіндегі басқа да тілдерді әр түрлі топқа бөліп жіктеу салыстыра жіктеудің нәтижесінде ғана іске асты.

Бүтіндей алғанда, негіз тілден туыстас диалектілер тобының бөлініп шығу процесі өте күрделі және әр қилы болды. Болашақ дербес туыстас тілдер тобының біртіндеп бөлініп шығуы және құралып жасалуы негіз тілдің диалектілермен сөйлеген тайпалардың тарихымен, кейінірек халықтардың тарихымен байланыстыболды. Талай замандар бойы жеке тілдер жасалып, орайынша, олардың өздері туыстастілдердің топтарына ұйытқы негіз тілдер болып қаланады. Мұның өзі баяу болатын және ұзаққа созылатын процесс. Негіз тілдің әр түрлі диалектілері өз алдына дербес тіл болып құралғанға дейін, өз ара бір-бірімен сан алуан қатынасқа түскен. Диалектілердің кейбіреулері бөлініп жатса, қайсібіреулері қосылып, бірігіп кеткен. Туыстас тілдер тобының немесе семьясының, құрылу процесінде тілдердің дифференциясы айрықша қызмет атқарады. Мұнымен бірге, туыстас тілдер тобының жасалу процесінде бір-бірінен бөлініп ажыраған, бірақ құрылысы жағынан өзара жақын тілдердің бір-біріне әсер етуінің нәтижесінде олардың өз ара жақындасуы, интеграция процесі пайда болуы мүмкін.

  1. Туыстас тілдердің барлығына бірдей ортақ сөздердің қатарына адамдардың өз ара туыстық қатынасын білдіретін сөздер, адамның дене мүшесінің аттары, жыл мезгілдері мен тәулік бөлігінің аттары, табиғат құбылыстарының аттары, адамдардың күн көрісіне, қоғамдық еңбегіне байланысты іс-әрекет атаулары, еңбек құралдарының аттары, есімдіктер, заттардың негізгі сан-сапа атаулары және т.б. енеді.

Лексикалық жақындық пен ұқсастықты славян тілдері мен түркі тілдерінің әрқайсысының тобынан келтірілген мысалдардан айқын аңғаруға болады.

Туыстас тілдердің тобына енетін әр түрлі тілдердің түрліше дамуы, олардың біреуінде белгілі бір көне форманың сақталып, екіншісінде жоғалуы және зерттеу жұмыстарында бұларды бір-бірімен салыстырып, мұндай ерекшеліктердің бәрін есепке алу тіл тарихын зерттеп, дұрыс қорытындыға келу үшін өте-мөте маңызды болмақ.

Бір негізден шыққан туыстас тілдердегі ортақ, бір тектес сөздер мен формалар олардың архетиптерін жорамалдап белгілеуге мүмкіндік тудырады. Ал архетиптер дегеніміз – сөздің немесе форманың алғашқы түрінің реконструкциялануы. Реконструкция тіл тарихына қатысты мәселелерді зерттеп шешу үшін өте-мөте қажет. Салыстырмалы-тарихи метод тілдердің өткен тарихын, олардың даму заңдылықтарын ашып айқындауда маңызды метод болып саналады. Тарихи фонетика мем морфологияны, сондай-ақ тарихи лексикологияны туыстас тілдерді салыстыра зерттеп, салыстырмалы-тарихи методты шебер қолдана білгенде ғана жасауға болады.