Сөз таптарының шығуы мен дамуы және олардың топтастырылуы

  1. Бірсыпыры зерттеушілер тарихи тұрғыдан сөз таптарын сөйлем мүшелерімен байланыстырады. Бұл мәселе жайында акед. И. И. Мещанинов “Сөйлем мүшелері мен сөз таптары” деген салыстырмалы-типологиялық зерттеуінде былай деп жазды. “Зат есім өзінің сөйлемде заттық мағынадағы мүше (бастауыш және толықтауыш) болуымен бөлініп шығады, сөздерде сөйлемнің атрибутивті мүшесі (анықтауыш) ретінде жұмсалуы арқылы сын есім жасалады, үстеулер пысықтауыш мүше ретінде жұмсалады,етістік басқа сөз таптарынан баяндауыш ретінде қызмет атқаруы нәтижесінде ажыратылады. Бұл жерде сөйлемнің осылай мүшеленуімен лексикалық топтар жасалады”.

Тілдің ғасырлар бойындағы тарихи дамуы барысында оның сөздік құрамы мен гграмматикалық құрылысы өзгеріссіз қала алмайды. Сөздердің лексикалық табиғатында да, грамматикалық табиғатында да алуан түрлі өзгерістер болады, олар қолданылу ыңғайына, атқаратын қызметіне қарай сараланады, топтасады. Осылайша дамудың барысында сөз таптары жасалады да, олардың әрқайсысы өзіндік жалпы кагорияльды мағынаға ие болады, морфологиялық жағынан тұлғаланады, сөз тудырушы және сөз түрлендіруші арнайы формаларға ие болып, сөйлемде белгілі бір синтаксистік қызмет атқаруғаикем деледі.

Жеке, нақтылы тілдердегі немесе тілдердің тобындағы сөздерді сөз таптарына топтастыруда сөз таптарының жалпы теориясына сүйену өте-мөте қажет. Әрине, жеке, нақтылы бір тілдегі сөз таптарының санын да, табиғатын да сол тілдің өзіндік ерекшеліктерін ескермей немесе сол ерекшеліктерге байланыссыз айқындау дұрыс болмаған болар еді. Бұл жерде әңгіме сөз таптарының жалпы теориясының жеке, нақтылы тілдердегі сөздерді сөз таптарынадұрыс толптастыра білуге қатысы жайында болып отыр. Жеке тілдердегі немесе тілдердің тобындағы сөз таптарын айқындауда сол тілдердің немесе тілдердің тобының грамматикалық ерекшеліктерін есепке ала отырып,сөз таптарының жалпы теориясына негізделу қажет. Мұнсыз сөздерді сөз таптарына топтастырылу мәселесі өзінің дұрыс шешімін таба алмайды.

  1. Тіл білімінде ертеден бастап, сөздерді негізгі немесе атауыш сөздер, көмекші сөздер және одағай сөздер деп әр түрлі топтарға бөлу дағдысы бар. Атауыш сөздердің қатарына заттар мен құбылыстардың, сапа –белгінің және іс-әрекеттің атаулары жатады. Олардың әрқайсысында толық мағына бар және сөйлемде өздігінен мүше ретінде қызмет атқара алады. Атауыш сөздердің қатарына зат есім, сын есім, үстеу, етістік және шартты түрде сан есімдер мен есімдіктер жатқызылып жүр. Көмекші сөздерде атауыш сөздердегідей дербестік жоқ. Лексикалық мағынаның әлсіреп күңгірттенуі және ондай мағынаның грамматикалық мағынамен ұласып кетуі,сөйлемде дербес мүше бола алмауы көмекші сөздерді сипаттайтын және оларды атауыш сөздерден ажырататын белгілер болып саналады. Көмекші сөздердің қатарына әр түрлі тілдердегі артикльдер, предлогтар, жалғаулықтар, септеуліктер, демеуліктер енеді.

Тіл білімінде сөз таптарының табиғаты жайында әр түрлі көзқарастар мен байымдаулар бар. Олардың бірі бойынша, сөз таптары сөздердің лексика-грамматикалық категориялары болып саналса, екіншілері бойынша, сөз таптары сөздердің формальды-грамматикалық категориялары, үшіншілері бойынша, сөздердің таза грамматикалық топтары болып саналады.