Фразеологизмдер туралы түсінік.

  1. Сөздердің жалпы тіркесі және синтаксистік сөз тіркесі сөздердің бір-бірімен емін-еркін тіркеуінен жасалады. Бірақ сөздер бір-бірімен жапа тармағай тіркесе бермейді, мағыналарының үйлесімділігі болғанда ғана, тіркесіп жұмсалады. Мағыналық үйлесімділік сөздердің бір-бірімен семантикалық жақтан үйлесуге бейімділігі дегенді білдіреді. Еркін сөз тіркесінде оны құрастырушы сыңарлар мағыналық үйлесімділік шеңберінде басқа сыңарлармен ауыса алады. Мысалы: оқушымен сөйлесу – мұғаліммен сөйлесу – қойшымен сөйлесу;оқушымен әңгімелесу – мұғаліммен әңгімелесу – қойшымен әңгімелесу; оқушымен кездесу – мұғаліммен кездесу – қойшымен кездесу және т.б. Осылар тәріздес еркін сөз тіркестерін және олардың түрлерін грамматикалық синтаксис саласы зертейді.
  2. Фразеологиялық оралым тұрақты қасиетімен сипатталады. Оның тұрақтылық қасиеті мынадан көрінеді: фразеологиялық оралым бүтіннің бөлшектері ретінде ұғынылатын, өзара тығыз байланысты сыңарлардан құралады да, ол сыңарлар бірінен кейін бірі әбден қалыптасқан тәртіппен орналасады, басқа сөздермен ауыстырылмайды, қалыптасқан орынтәртібі өзгермейді. Мысалы, сақалын сипап қалу деген тұрақты тіркестің құрамындағы сөздердің орнын ауыстырып айтуға немесе оның ішіндегі бір сөздің орнына басқа бір сөзді қолданып, мысалы, мұртын сипап қалды деп айтуға болмайды.
  3. Ал сөздердің еркін тіркесінде фразеологиялық оралымдардың тұрақтылық қасиеті тән емес. Фразеологиялым оралымның құрамының тұрақтылығы дегенде, әдетте, оның құрамына үнемі белгілі бір сөздердің енуі және олардың басқа сөздермен алмастырылмауы ескеріледі. Ал еркін сөз тіркесінің құрамында мұндай тұрақтылық болмайды, оның құрамына үнемі тұрақталған белгілі бір сөздер емес, әр түрлі сөздер тіркесіп келе береді. Мысалы, дәмді ас деген еркін тіркестің құрамындағы соңғы сыңарды тамақ деген сөзбен ауыстырып, дәмді тамақ деп өзгертуге немесе осы еркін еркін тіркестің құрамындағы дәмді дегеннің орнына ыстық тамақ деп өзгертуге болады. Мұнан аталған еркін сөз тіркесітерінің атрибутивті сөз тіркестері ретіндегі грамматикалық табиғаты өзгермейді.