Сөздің көп мағыналылығы

  1. Түсінікті болу үшін, мына бір мысалдарға назар аударалық: 1.Ананың сүті – бал, баланың тілі бал (мақал); 2. Сүйемін туған тілді – анам тілін, Бесікте жатқанымда –ақ берген білім (Сұлтанмахмұт). Бірінші мысалда ана деген сөз “шеше” деген мағынаны білдірсе, екінші мысалда басқа бір мағына – “туған” дегенді білдіреді. Қазақ тіліндегі ана тілі деген сөз тіркесінің мағыфнасы орыс тіліндегі родной язык деген сөз тіркесінің мағынасына сәйкес келеді. Ана деген сөздің әр түрлі мағыналары бір-бірінен семантикалық әр тектестік жағынан ғана емес, қолданылуы, басқа сөздермен тіркесіп жұмсалуы жағынан да ажыратылады. Бұл сөз “шеше” деген мағынасында алуан түрлі сөздермен тіркесіп жұмсала берсе (мысалы: ананың пейілі, ананың арманы, ананың бақыты және т.б.), “туған” деген мағынасында тіл деген сөзбен ғана (мысалы: ана тілі) тіркесіп жұмсалады. Ана деген сөздің “туған” деген мағынасының мынадай ерекшелігіне назар аудару қажет: бұл сөз “туған” деген мағынаға тіл деген сөзден басқа сөздермен тіркескенде ғана емес, тек осы сөзбен тіркескенде ғана , ие бола алады.

Сонымен сөз негізгі мағынасынан басқа туынды мағыналарға ие болып, әр түрлі мағыналарда қолданылуға икем келеді. Әр түрлі мағынасы бар сөз полисемантизмді (көп мағыналы) сөз деп аталады. Ал жалпы көп мағыналық құбылысы полисемия құбылысы деп аталады. Полисемия күллі түркі тілдердің бәрінде де бар. Дүние жүзіндегі әр түрлі тілдердің сөздіктерін алып қарасаңыз, солардың әр қайсысынан да полисемантизмді сөздерді жиі кездестіресіз.

  1. Сөздің бойындағы әр түрлі мағыналардың табиғаты бірдей емес. Тіл білімінде сөздің мағыналарын әр тұрғыдан қарастыру және, осыған сәйкес, сөз мағыналарын түрліше топтастырып саралау дағдысы бар. Тарихи тұрғыдан қарағанда, сөз мағыналары негізгі мағына және туынды мағына деп аталатын екі түрге бөлінеді. Мысалы, ер деген сөздің 1. Еркек деген мағынасы — бастапқы негізгі мағына да, 2. Күйеу, бай, 3. Батыл, батыр деген мағыналары – сөздің семантикалық жақтан дамуы барысында кейіннен пайда болған туынды мағыналар.

Тілдің қазіргі қалпы тұрғысынан алып қарағанда, сөз мағыналарын екі түрге бөліп қарауға болады: оның бірі – тура мағына, екіншісі келтінді (немесе ауыспалы) мағына. Мысалы, қараңғы деген сөздің “жарықсыз, ешнәрсені көруге болмайды” деген мағынасы – тура мағына да, “оқымаған, сауатсыз” деген мағынасы — келтірінді (ауыспалы) мағына. Сөздің келтірінді мағынасы бір емес бірнеше болуы мүмкін. Келтірінді мағыналар өз ішнде метафоралық мағына және метафонимиялық мағына болып сараланады.

Тіл-тілдің лексикасында дыбысталу бірдей де, мағынасы әр басқа сөздер бар. Мысалы, біз. 1. Мен деген жіктеу есімдігінің көпше түрі; ІІ. Бір нәрсені тесіп, жіпті немесе тарамысты өткізу үшін жасалған үшкір құрал.

  1. Дыбысталуы бірдей, бірақ мағыналары басқа-басқа сөздер омонимдер деп аталады.

Полисемия мен омонимияны бір-бірінен ажырата білу керек. Бұларды бір-бірінен ажырату проблемасы тіл білімінде өте-мөте күрделі мәселе болып саналады. Сөздіктерді жасауда бірде-бір лексикограф (сөздік жасаудың маманы) полисемия мен омонимияны бір-бірінен ажырату проблемасына соқпай өтпейді. Алайда, полисемия мен омонимияны бір-бірінен ажырату проблемасы барлық омонимдердің күллісіне бірдей қатысты емес. Мысалы, “ауаны ішке тартып, сыртқа шығаратын дене мүшесі” деген мағынадағы өкпе сөзі мен “наз, реніш” деген мағынадағы өкпе сөзінің омонимдес екендігі ешбір күмән туғызбайды. Басы ашық омонимдес сөздер болғандықтан, бұлар полисемиялы сөзден оңай ажыратылады. Полисемия мен омонимияны ажырату проблемасының қйындығы полисемантизмді сөздермен ұштасып, жапсарласып жатқан омонимдерге қатысты.