Сөз. Сөзге тән басты белгілер

  1. Сөздің екі жағы бар: оның бірі – сөздің дыбысталу жағы, екіншісі – сөздің мағыналық жағы. Дыбысталу сөздің материалдық жағын құрастырса, мағына сөздің идеалдық жағын құрайды. Екі жақ – дыбысталу мен мағына сөздің бір-бірінен бөлінбейтін бөлшектері. Осы екі жақтың бірлігі – сөздің өмір сүруінің және қызмет етуінің шарты. Демек сөз – дыбысталу мен мағынаның бірлігінен тұратын тілдік дербес единица.

Бізді қоршаған дүниедегі заттар мен құбылыстар адам санасына, оның ойлауына сәулесін түсіріп, бейнеленеді. Олар туралы ұғым пайда болады. Ұғым – заттың немесе құбылыстың жәй ғана бейнесі емес, олардың басты белгілерінің ойда қорытылып, топшыланған бейнесі.Ұғым, тілде сөз арқылы айтылады, сөз мағынасында тіркеледі, бекітіледі.Осы мағынада сөз шындық болмысты бейнелейді. Белгілі бір ұғымдарды білдіретін және ол ұғымдарды өзінің мағыналарында бейнелейтін сөздер өздері белгілейтін ұғымдар арқылы шындық болмыстың белгілі бір жақтарын, ондағы құбылстар мен заттарды топшылап бейнелейді.

Әрбір сөзде белгілі бір мағына болады дедік. Заттар мен құбылыстар сөз арқылы белгіленеді де, сөздердің білдіретін ұғымы мен мағынасы арқылы белгілі болады. Зат пен құбылыс белгілі болмаған жерде немесе олардың ұғымы болмаған жерде, сөз де болмайды. Заттар мен құбылыстар тілдегі сөздерден тыс және оларға тәуелсіз өмір сүреді, бірақ олар сөздер арқылы аталады, сөздердің білдіретін ұғымдары мен мағыналары арқылы аңғарылады. Бізді қоршаған дүниедегі заттармен, құбылыстармен және олардың алуан түрлі белгілерімен адам баласы өзінің қоғамдық өмірі мен тәжірибесінде, еңбек процесінде танысады, оларды ұғынып білуге мүмкіндік алады. Сол заттар мен құбылыстардың және олардың белгілердің өмірде қолданылуы мен түсінілуінде ең басты қасиеті мен ролі сөз мағыналарында қоғамдық ұсыныс ретінде бейнеленеді. Осылай болғандықтан, сөз мағынасын белгілі бір тілде сөйлеуші коллектив мүшелерінің әр қайсысы әр басқа түрде емес, біркелкі түсінеді. Әрбір тілдегі сөздер сол тілді жасаушы, сол тілді қолданушы коллективтің (халықтың немесе ұлтың) барлық мүшелеріне бірдей ортақ, бірдей түсінікті бола алады. Егер тілдегі сөздердің мағыналарын әркім әр басқа түсінетін болса, онда ол тілде сөйлесу, қатынакс жасау, өзара ұғынысу мүмкін болмаған болар еді.

  1. Сөздің лексикалық мағынасы дегеніміз дыбыстық комплекстің, ақиқат өмірдегі құбылыстардың бірімен белгілі бір тілде сөйлеуші коллектив арқылы белгіленген байланысы болып саналады. Дыбыстардың тіркесі белгілі бір затқа немесе құбылысқа атау ретінде тіркеледі. Бірақ дыбыс тіркесі өзі белгілеген заттың немесе құбылыстың қасиеті мен сапаларын көрсетпейді.Басқаша айтқанда, дыбысталудың табиғаты мен белгіленетін заттың табиғатының арасында тікелей етене байланыс болмайды. Сондықтан да К.Маркс заттың атының оның табиғатымен ешқандай ұқсастығы, байланысы болмайды дейді. Дыбыс тіркесі мен заттың арасында ешқандай табиғи байланыс болмағандықтан, дүние жүзіндегі әр алуан тілдерде белгілі бір зат немесе құбылыс әр басқа сөзбен аталады. Мысалы, суда өмір сүретін жәндіктің бір түрі қазақ тілінде “балық” деп аталса, орыс тілінде- “рыба”, неміс тілінде – “Fisch”делініп бір ғана жәндік әр түрлі тілдерде әр басқа единицалармен белгіленген. Егер дыбыс тіркесі өзі белгілейтін заттың немесе құбылыстың табиғатын бейнелеп , онымен етене байланыста болса, онда белгілі бір зат немесе құбылыс дүнйе жүзіндегі тілдерде бір ғана сөзбен аталған болар еді де, олардың лексикалық айырмашылығы болмаған болар еді. Егер әрбір сөз өзінің дыбыстық құрамымен заттың табиғи қасиетін бейнелесе, онда сөз мағынасының ауысуы, келтірінді мағынада қолданылуы тіптен мүмкін болмас еді: онда бір ғана затты не құбылысты әр жақтан атайтын мәндес сөздер – синонимдер де, басқа-басқа мағыналы, бірақ біркелкі дыбысталатын сөздер – омонимдер де болмаған болар еді.