Жергілікті диалектілерді зерттеудің маңызы

Қазақ тілінің халық тілі, ұлт тілі болып қалыптасу процесін, әдеби тілдің деке категориялардың тарихын зерттеу керек. Бұған қажетті материалдар бұрынғы заманнан қалған тарихи жазба ескерткіштерде, көне нұсқаларда, туысқас түркі тілдерінде және осы күнгі халық тілінің өзінде, оның жергілікті диалектілері мен говорларында жатыр. Жалпы қазақ тілінің, ондағы диалектілер мен говорлардың даму жолы біркелкі емес. Осыған байланысты халық тілінің жергілікті ерекшеліктерінде қазіргі кезде әдеби тілде жоқ, әлдеқашан жойылып кеткен көне тілдік белгілер сақталып қалған. Олардан қазақ тіліндегі көптеген категориялардың тарихына қатысты материал табуға болады. Әдеби тілмен салыстырғанда қазақ тілінің кейбір тілінің кейбір говорларында сөз ортасында ғ,г дыбыстары сақталып қалған. Мысалы, әдеби тілдегішаңырақ, біз (құрал мағынасында) , ие сөздері кейбір батыс, оңтүстік говорларда шаңғарақ, бігіз, еге түрінде айтылады.

Тілдегі диалектілік ерекшеліктерде қазақ тіліндегі грамматикалық, лексикалық категориялардың даму, өзгеру жолын байқататын материалдар да сақталған. Мысалы, қазіргі тілдік норма бойынша кезкелген етістіктен өздік етіс туа бермейді. Өздік етіс жасайтын белгілі етістіктер бар. Бірақ осы заңдылық норма болып бірден қалыптаспаған сияқты. Жергілікті говорларда кейде–ын жұрнағының қосылуымен басқа да етістіктерден өздік етіс жасалатыны (мысалы, болыну, шығыну, оқыну, қалыну) байқалады. Осыған ұқсас жағдайды қазақ тіліндегі көсемшелердің даму жайынан да көруге болады. Шығыс Қазақстан облысының кейбір аудандарында көсемшенің –ғалы, -гелі,-қалы,-келі жұрнақтары –ғайы, -гейі, -қайы, -кейі түрінде айтылады.

Жергілікті говорларда септік жалғауларының , әсіресе көлемдік, кеңестік ұғымға қатысты барыс, жатыс, шығыс септіктерінің толық сараланбай, бірінің орнына бірі айтылу фактілері кездеседі. Мысалы: мұғалімге оқыдым ( мұғалімнен оқыдым деу орнына), жұмысқа шұғылдану ( жұмыспен шұғылдану), осы айға жаңбыр жауады ( осы айда), суға жүзді ( суда жүзді) т.б. Септіктердің бірінің орнына бірі жүруі, бірінің қызметін екіншісі атқаруы сияқты құбылыстарды Ү-ҮІІ, ХІ-ХІІІ ғасырлардан қалған жазба нұсқалардан, сондай-ақ халақтық әдебиет мұраларынан да кездестіреміз.

Жергілікті халық тілінде көне сөздер де сақталып қалған. Олардың бір сыпырасы ескі нұсқаларда кездеседі: бітіг- жазба (Күлтегін қағанға арналған орхон жазуында тас жазу деген мағынада), қапы — есіг (“Құдатғу білігте” қапуғ- қақпа), айуан- кіре беріс (ұйғыр жазуы “ Қасыды”-веранда), арзу болу- ынтық , құмар болу (“Құдатғу білігте”, Замахшариде- тілдік, арман мәнінде)2 т.б.

Бірсыпыра сөздер туысқан түркі тілдерінде және парсы тілінде кездеседі: жертөле- жер үй, түркімен тілінде- ердөле, сыпа- сәкі, өзбек тілінде – супа, ашық-машақ- топса, өзбек тілінде – ошик-мошик, сапал – үлкен кесе, өзбекте— сопол, ауқат- тамақ, өзбекте- авхат,пал- мақта, қызылша түптерінің қатары, өзбекте- пал, пай- сіңір, өзбек, ұйғыр тілдерінде де солай, дес орамал қол орамал, өзбекте-досмал, ұйғырда –дәстромал, байтаба- шұлғау, парсы тілінде пай-табе, пада-бір топ сиыр, парсыда – паде, кепе— күрке, қырғызда – кепе т.б. осындай мысалдардан қазіргі қазақ тіліндегі сөздер мен тұлғалардың даму жолы көне тіл құрылысымен сабақтасып, қабысып жатқаны байқалады.

Қазақ тіліндегі диалектілік ерекшеліктердің қолданылу өрісі, таралу шегі бірдей емес дедік. Бірқатар ерекшеліктердің таралу аймағы бір-екі аудан немесе бір облыс көлеміндей шағын территорияны қамтыса, енді бірқатар ерекшеліктердің таралу аймағы- изоглостық шектері- одан әлдеқайда кең. Мысалы, солтүстік- батыста маңдай, таңдай, түндік болып айтылатын сөздер, оңтүстік-шығыста маңдай, таңдай, түңлік болып айтылады.

Диалектілік ерекшеліктердің бәрі бірдей бір дәрежеде қолданылмайды. Біреулерді жиі қолданылса, енді біреулері өтесирек қолданылды. Қазақ тілінде жалпы халықтық сипат алмаған , әдеби тіл нормасынан аулақ жатқан немесе белгілі бір аймақ көлеміндеғана қолданылып, әдеби тіл дәрежесіне көтеріле алмай жүрген жергілікті ерекшеліктер кездеседі Оларды л е к с и к а л ы қ, ф о н е т и к а л ы қ және г р а м м а т и к а л ы қ ерекшеліктер деп, үлкен үш топқа бөліп қарауға болады. Осы үш топтың сандық арақатынасы тұрғысынан алып қарағанда, фонетикалық, грамматикалық ерекшеліктерден гөрі лексикалық ерекшеліктердің әлдеқайда басым екені байқалады.

Жергілікті диалектілер мен говорлар жүйесі өте күрделі. Олардың қазіргі жағдай, өз ара қарым-қатынасы және ұлттық әдеби тілге қатысы туралы түсінікті неғұрлым жеңілдету үшін, тіл тарихына қысқаша тоқтауға тура келеді. Диалектілер мен говорлардың қай кезед қалай, қандай жағдайда қалыптасқанын, бір-бірімен қандай қатынаста болып келгенін қазіргі кезде дәл көрсету өте қиын. Дегенмен, шолу ретінде болса да, тіл дамуының негізгі кезеңдеріне қатысты тарихи деректермен танысу мәселесінің жалпы қойылысын, бағытын аңғаруға себепші болмақ. Қазақ халқының және оның біртұтас халық тілінің тарихы жайында бірталай зерттеу еңбектер бола тұрса да, бұл- әлі түгелдей жан-жақты талданылып шешелмеген мәселе. Ғылыми болжам, байымдау дәрежесінде жүрген жайлар аз емес.