Асан Қайғының шешендік сөздері

Аты аңызға айналып, ғасырлар бойы өз халқымен рухани бірге жасап келе жатқан тұлғалардың бірі- Асан қайғы. Бұған оның атына байланысты туып, ел жадында сақталып қыруар аңыз, әңгімелер мен жер-қоныс аттары туралы айтылып келген сан қилы сын-сарап бағалары, сондай-ақ замана жайын толғаған әр алуан өлең, жырлары толық айғақ. Бұлардың бәрінде дерлік Асан өз халқының бақытты болашағын ойлаған ел мұңшысы, жұрттың көкейкесті арманын арқалаған ардагер азаматы кейпінде сипатталады. Сондықтан Асан есімі әр кез “қайғы” деген сөзбен қатар аталып, ел қамын жеген кемеңгер, ойшыл адамның жиынтық бейнесіне айналып кеткен.

Асан тарихта болған адам, алайда оның өмірі туралы нақты тарихи деректер сақтала қоймаған. Халық аңыздарында Асан қайғыны қазақтың бірінші ханы Әз-Жәнібектің тұсында өмір сүрген адам еді дейді. Тарихи деректер бойынша, Жәнібек XV ғасырда хандық құрған кісі. Бұл туралы Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати өзінің “Тарихи Рашиди” атты әйгілі еңбегінде жазады. Тарихи деректер негізінде қазақтың бірінші ханы Жәнібектің хандық құрған кезеңін 1465-1466-1480 жылдар аралығы еді деп белгілесек, Жәнібек пен аты қатар аталатын Асан қайғы ел аңыздарында Жәнібек таққа отырғанда, жасы келген қарт кісі еді деп баяндалады. Мұның үстіне ол сол Жәнібек ханнан көп кейін қайтыс болған адам деп сипатталады.

Асан қайғы қай ортадан шығып, қай дәуірде, қандай өмір кешкен еді, көп жасаған өмірінде қандай қызмет атқарды, кімдермен істес, замандас болып еді деген сұрақтарға жауап беретіндей бізде нақты тарихи деректер жоқтың қасы. Бұл тұста Асан қайғының өз толғауларында айтылатын мәліметтер мен сол тұстағы кейбір жырларда келтірілген қосалқы дерек-түсініктерді, Асан туралы сақталған кейбір аңыз, әңгімелерді ғана негіз етеміз.Қалай дегенде де ол әр қилы аумалы-төкпелі тарихи дәуірлерді бастан өткеріп, талай-талай хандардың қысылғанда ақыл сұрайтын кемеңгер кеңесшісі, болжағыш та білгір биі болғанға ұқсайды.

Қ. Халидұғлы аталған еңбегінде Асан атаның бір кезде Хасен аталғанын әңгімелей келіп, жоғарыдағы Құдабай ақын айтқан өлеңге орай өз ойын білдіреді: “Асан қайғы асылы ноғай еміш (бұл сөз “еді”, “екен”, “делінеді” деген ұғымдарды береді-М.Ж.). Шыңғыс ханның тұстасы ұлан Майқы бидің алтыншы немересі”, -деп көрсетеді. Бұл “Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би” деген көне мәтелдегі Ұлы жүздің әйгілі Майқы биі болып шығады.

Шыңжандық тарихшы ғалым Н. Мыңжани өзінің “Қазақтың қысқаша тарихы” атты еңбегінде Асан қайғыны Алтын орданың 1445 жылы қайтыс болған ақырғы ханы Ұлығ Мұхаммедтің (Ормамбет) қасындағы ықпалды билерінің бірі, Сарай және Қазан қалаларында билік басында болған әйгілі жырау және философ, ол Алтын орда ыдыраған соң, қазақ ханы Әз-Жәнібектің қасында болғандығы мәлім (Аталған кітап. Алматы, 1993. 205-206 –бб.) деп жазады. Ормамбет ханның қазақ тарихына қатысын кезінде ұлы Шоқан да атап көрсеткен еді.

Асан қайғы туралы аңыздар мен жыраудың өз жырлары кеңестік дәуірде ғана үздіксіз жарық көріп, жүйелі түрде зерттеле бастады. Бұл істе әйгілі жазушымыз С. Сейфуллин жинап бастырған “Қазақ әдебиеті” жинағының алатын орны ерекше.

Сондай-ақ Сабыржан Шәкіржанның “Асан қайғы” атты мақаласын да атауға болар еді.

Асанды тану және зерттеу саласындағы елеулі еңбек деп М. Мағауиннің “Қобыз сарыны” атты монографиясы мен “Алдаспан” жинағын бөліп атаған жөн.

Асан атына байланысты туған қолдағы бар аңыз, әңгімелерді өзінің тақырып-мазмұны жағынан : Асан өмірін әкесі Сәбиттің ерлік істерімен жалғастыра баяндайтын; бірыңғай Асан қайғының өз өмірін қамтитын; Асанның ұлы Әбет, қызы Жұпардың тапқырлық істерін әңгімелейтін аңыздар деп үш топқа бөліп қарастыруға болар еді.

Асан қайғы жайындағы аңыздардың бір алуаны оның аңшылық, саятшылығы туралы болып келеді. Осы аңшылық жолы оның өзіне лайықты жар табуына да, кейінірек ел-жұртына қоныс, құтты мекен іздеуіне де себеп болады.

Асан қайғы ел қиялындағы осындай аңыз кейіпкері ғана емес, сан алуан жыр-толғаулар тудырған белгілі жырау да еді. Ол өз толғауларында белгілі бір тарихи кезеңдегі ел-жұрттың көкейкесті ой-арманы мен мұң-мүддесін өзекті тақырып етіп жырлап, соны нақты іске асыруға да өз үлесін қосты. Халық бақыты ел басшысының іс-әрекетіне тікелей байланысты деп санаған жырау көптеген толғауларын Жәнібек ханға арнады. Оны дұрыс жолға салып, бұқара тұрмысын жақсартуға болады деп сенді. Мастанған ханды батыл сынап, кемшіліктерін бетіне басты.

Әй, хан, мен айтпасам білмейсің…-

деп, біржолата ат құйрығын кесуге дайын екенін танытады.

Асан толғауларының саяси-әлеуметтік сипаты оның жоғарыда сөз еткен “Әй, хан, мен айтпасам білмейсің” атты жырымен қатар, “Қырында киік жайлаған”, “Алты атанға қос артып” тәрізді жырларында да үшталып, тереңдей түскен дей аламыз. Әсіресе, “Қырында киік жайлаған” атты толғауы елдің Шу бойына көтеріле көшкен кезеңін бейнелейді.

Жыраулық поэзияда, оның ішінде Асан толғауларында үлгі-өсиеттік, насихаттық, тағылымдық ойларға ерекше мән беріледі. Мұның бәрі айтылар ойдың ұтымдығы мен әсерлігіне орай қайталаулар мен дыбыс үндестігіне (аллитерация, ассонанс) құрылып отырады.

Асан қайғы көп жағдайда өзі көзбен көріп кейбір мәнді де құнды кіші-гірім оқиғалардан үлкен түйіндеу, жинақтаулар жасауға да шебер. Бұл, сөз жоқ, жыраудың алғырлығы мен дарындылық қуатының шама-шарқына байланысты көрініп отырады. Мәселен, оның:

Ердің құны сөз емес,

Есебін тапқан сабазға.

Төрден орын тимейді,

Патша болсын малы азға, —

деп келетін жолдарын осының айқын айғағы дер едік.

Қорыта келгенде, әңгіме, аңызға қарағанда, Асан қайғы XV ғасырдағы қазақтың тұңғыш ханы Әз-Жәнібектің тұсында жасаған белгілі тұлға болып саналады. Ол өмірінің соңғы кезеңдерінде туған халқының алғаш рет өз алдына шаңырақ көтеріп, ұлт болып қалыптасу кезеңін көзбен көрсе де, патша өкіметінің отаршылдық саясатынан сақтану қажеттігін, бұл үшін “Жер ұйыққа” көшудің тиімділігін өз жырларына арқау етті. Жыраудың ел жүрегіне ұялаған толғаулары, жер, қоныс туралы айтқан сын, бағалары халқымен әлі күнге дейін бірге жасап келеді.