Адамның жасына байланысты атаулар

1 жасқа дейін – шақалақ, нәресте

1 жастан 10 жасқа дейін — сәби

1 жастан 2 жасқа дейін қыз бала – бөпе, ұл бала – бөбек

2 жастан 3 жасқа дейін – бүлдіршін

3 жастан 5 жасқа дейін – балдырған, балауса

6 жастан 7 жасқа дейін – бала, балақай

8 жастан 12 жасқа дейін – ойын баласы, жеткіншек

13 жастан 15 жасқа дейін – ересек бала, жасөспірім

16 жастан 19 жасқа дейін – бозбала, бойжеткен

20 мен 30 жас аралығы – жас жігіт, қыз

30 бен 40 жас аралығы – дүр жігіт, аға, еркек,  кәрі қыз, келіншек

40 пен 50 жас аралығы – ер түлегі, отағасы, әке, көке, әйел, ана, тәте

50 мен 60 жас аралығы – жігіт ағасы, сары кідір әйел

60 пен 70 жас аралығы — қарасақал, ата, қара кемпір, апа, әже

70 пен 80 жас аралығы — ақсақал, ақбұрым

80 мен 90 жас аралығы – ақ үрпек шал, ақ үрпек ана, қарт, қария

90 мен 100 жас аралығы — селкілдек шал, селкілдек кемпір

100 жастан жоғары — кейуана, баба

Мүшел жас

1- мүшел -13 жас (ер жете бастау)

2 — мүшел – 25 жас (жігіттік жас)

3 — мүшел – 37 жас (ақыл тоқтау)

4 — мүшел – 49 жас (орта жас)

5 – мүшел – 61 жас (орта жас)

6 —  мүшел – 73 жас (қарттық)

7 – мүшел — 85 жас (кәрілік)

8 — мүшел – 97 жас (қалжырау)

9 — мүшел – 109 жас (шөпшек сүю)

10 – мүшел -121 жас (немене сүю)

*************

10 жасқа дейін — қозы жасы деп қозы-лақ бақтырған,

10 мен 20 жас аралығын қой жасы деп қой, ешкі бақтырған,

20 мен 30 жас аралығын жылқы жасы деп жылқы бақтырған

***********

30 жас — орда бұзар,

40 жас — қылыш жас, қырықта қамал алар

50 — ел ағасы, ердің жасы

60 жас — пайғамбар жасы, алпыстың асқары, алпыстың асуы, асқаралы алпыс

70 жас — жетпістің белесі

80 жас — сексеннің сеңгірі

**********

Қазақ халқы адамның өміріне байланысты бірінші мүшелді ананың құрсағындағы мерзімді есептеп 13 деп алған да, қалған өміріне 12 жылды қосып, 25,37,49,61,73,85 т.б жастарды адамның өміріндегі маңызды жылдар деп есептеген.

Адам баласы туғаннан бастап, өсіп-жетілу кезеңінде қатерлі жылдар болатындығын айтып келеді. Оны мүшел жас деп атайды. Алғашқы мүшел 13 жас – бұл адамның балалық шақтан ересектік шаққа дейінгі кезеңі. Ол кезде ер балалардың дауыстары өзгеріп, қыз балалардың дене бітімі сүйкімді бола бастайды.

Он үш – кейбір нәзік балалар үшін қауіпті, өйткені баланың бойындағы өзгеріс кезеңі жәйімен өтсе қауіп жоқ, ал күрт өзгерсе, кейбір балалар жүрек, жүйке ауруларына ұшырауы мүмкін деседі. Осындай мүшел есік қаққанда: «О, Құдірет, мені осы мүшелден қатерсіз өткізе гөр!» — деп Аллаға жалбарынатын.

Жиырма бес жас – жігіттіктің алғашқы сатысы. Ол кезде ер жігіт бусанып, дене құрылысы өсіп, жетіліп, күші тасып тұратын кез. Бұл мүшелде де садақа беріп, келесі мүшелге дейін аман-есен болайын деп ниет етеді.

Отыз жеті жас – адам өміріндегі ең басты мүшел. Бұл мүшелде адам жігітшіліктен мосқалдау кезеңге өтіп, ақыл тоқтатып, дүниеге қызыға да, қызғана да қарайтын кез.

Қырық тоғыз жас – бұл адамның даналыққа аяқ басатын кезеңі. Бұл мүшелде кейбіреуі немере сүйсе де, кәрілікке мойын бұрмай, «маған кәрілік келмесе екен, әлі де болса қартаймай ойнап-күліп қалайыншы» дейтін кезі.

Алпыс бір жас – адамның даналығы артып, өзінен туған балаға сын көзбен қарап, басқан ізін аңдып, жаман-жақсысын ажыратып, өзі де тәрбиеге келетін кезеңі.

Жетпіс үш жас – бұл кәріліктің мойынға мініп, аяғын тұсап, отырса тұруы, тұрса отыруы мұң, жатса ұйқы жоқ, адамның діңкесі құрып, «айхай, жас кезім-ай» деп көкірегі қарс айырыла күрсініп, дөңбекшіп барып ұйықтайтын кез.

Сексен  бес жас – бұл мүшелде адамның айдай басы қатып, өзінен кейінгілермен бала құсап ұрсып, жеген тамағын жеген жоқпын деп, өкпелегіш болатын кез. Сол үшін де ел арасында «күлсең кәріге күл», бұл жасқа жеткен де бар, жетпеген де бар деседі.

Адамның өмірінде әрқилы жағдайлар болады. Ол: үйлену, балалы болу, отбасының қуанышы және мүшел тойлары. Мұсылман халқы тойдан қашпаған халық. Дегенмен шілдехана мен мүшел жас тойлары – ол адамзаттың ең басты тойлары. Әр адам баласы мүшел жастан өткен сайын садақа беріп, жеті нан үлестіріп келеді.