Босануға дейінгі жәрдемақыны 1 миллион теңгеге қалай жеткізуге болады?

Алимент ажырасу ана бала
Иллюстрация: Dribbble.com ©Liza Otchenashenko

Босануға дейінгі демалыс кезінде миллион теңгені қалай алуға болады? Жұмыс істемейтін әйел әлеуметтік сақтандыру қорынан қосымша жәрдемақыны қалай алады? Сауалдарға бухгалтер Гүлнұр Шолпанқұл жауап берді.

1. Жұмыс істейтін ана қалай миллион теңге ала алады?

Босануға дейінгі төлем барлық әйелге бірдей берілмейді. Бұл төлемді алу үшін ана жұмыс істеуі керек және жұмыс беруші оның әлеуметтік сақтандыру төлемін өтеп отыруы қажет.

2003 жылы 25 сəуірде қабылданған 405-заңға сəйкес əлеуметтік сақтандыру қорына төлем жасалған болса, жұмысшы жүктілігі мен босануына байланысты табысынан айырылса, оған төлем жасалады.

Босануға дейінгі төлем зейнетақы қорынан емес, әлеуметтік сақтандыру қорынан есептелетінін ескеріңіз.

2. Жұмыс істемейтін ана жоғары жәрдемақы алуы үшін не істеуі керек?

Кей әйел үйде отырып та кәсіппен айналысады. Мысалы, торт пісіріп сатады, тігін тігіп, табыс табады немесе тағы басқа кәсіпті дөңгелетеді. Бірақ заң жүзінде жеке кәсіпкер ретінде тіркеуді қажет деп санамайтындар бар. Бухгалтер қосымша табысы бар келіншектерді кəсіптерін заңдастыруға шақырады. Сол кезде босануға дейінгі жәрдемақыны тағайындауға мүмкіндігі болады. Маман  ешқандай кəсібіңіз болмаса, тек жəрдемақы алу үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге болмайтынын ескертеді.

Бірретік миллион теңге болатын жәрдемақыны алу үшін соңғы 12 айдағы табысыңыз 280 мың теңгеден жоғары болуы керек. Сондықтан жүктілікті жоспарлап жүрген уақыттан бастап жеке кәсіпкер ретінде тіркелгеніңіз жөн. Декреттік демалысқа жүктіліктің жетінші айында шығады. Сəйкесінше, жүктілікке дейін бес ай бойы әлеуметтік төлемді аударып үлгеруіңіз керек. Алайда санаулы ай аударсаңыз да, жəрдемақы көлемін арттыруға болады, - дейді Гүлнұр Шолпанқұл.

3. Жеке кәсіпкер әлеуметтік сақтандыру қорына қанша төлем жасауы керек?

Жеке кәсіпкер ретінде әлеуметтік сақтандыру қорына құятын ақша табысқа байланысты. Әдетте кәсіпкерлер өздеріне айлық бекітіп, соның 3,5%-ін төлейді. Бірақ айлық табыстан аспауы керек. Мысалы, бір айдағы табысы 100 мың теңге болса, ол кісі өзіне 200 мың теңге айлық көрсете алмайды. Төлейтіні 100 мың теңгенің 3,5%-і болады. Әлеуметік сақтандыру қорының ең жоғары сомасы 7 АЕК × 3,5% = 10 413 теңге.

4. Жеке кәсіпкер ретінде декретке шығар кезде нені ескеру керек?

Жүктілік бойынша есепке тұрғанда дәрігер "Жұмыс істейсіз бе?" деп сұрайды. Бухгалтердің айтуынша, кей әйел жеке кәсіпкер болуды жұмыс ретінде қабылдамайды.

Бұл сұрақты 30-апта болғанда еңбекке жарамсыздық парағын алу үшін қояды. Парақты уақытылы ала алмай қалсаңыз, декрет төлемдері де өтелмейді. Сондықтан бірінші кезекте дəрігеріңізге жеке кәсіпкер ретінде тіркелгеніңізді ескертіп қойыңыз, - дейді маман.

Ай сайын аударатын әлеуметтік сақтандырудың көлемі 10 413 теңгеден асып кетпеуін де қадағалаңыз.

Сонымен қатар табыс салығын төлеуді ұмытпаңыз.

5. Табыс салығы қалай төленеді?

Жеке кəсіпкер болып тіркелгеннен кейін салық режимін таңдайсыз. Оның үш түрі бар:

1) жалпыға бірдей салық режимі (табыс салығы - 10%, оның есебі əр тоқсан сайын тапсырылады);

2) оңайлатылған салық режимі (табыс салығы - 1,5%. Салық есебі жарты жыл сайын тапсырылады);

3) патент негізінде (табыс салығы - 1%. Салық есебін алдын ала кемінде 1 айға, максимум жылдың соңына дейін тапсырып қоюға болады. Мысалы, сіз бүгін патент негізіндегі жеке кәсіпкер болып тіркелсеңіз, жылдың соңына дейінгі салығыңыз бен аударымдарды төлеп қоюға болады).

Таңдаған режиміне қарай 1% пен 3% аралығында табыс салығы төленуі керек. Тек әлеуметтік сақтандыру қорына төлем жасап, табыс салығын төлемеу заңға қайшы. Декретке шығар кезде, құжаттар өткізгенде ол тексеріледі. Сондықтан бəрін заңды түрде орындау қажет.